НАМАЗДЫҢ МҰСТАХАП УАҚЫТТАРЫ
Намаз уақыттарының қай бөлігі мұстахап немесе абзал екендігі Пайғамбарымыздың тікелей іс жүзінде орындалуы мен хадистерінде белгіленген.
Олар:
- Таң намазын төңірекке жарық түсіп, айнала көрінген уақытта жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Таң намазын жарықта оқыңдар. Өйткені мұның суабы өте үлкен».
- Бесін намазын жазда кешіктіріп, салқын уақытта оқу – мұстахап. Қыста болса, бесін намазын уақыты кіре сала оқу – мұстахап. Әнәс (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі қатты суықта бесін намазын ерте оқитын, жазда салқын түскенге дейін кешіктіретін».
- Екінті намазының парызын төрт мезгілде де күннің көзді алмайтындай сарғыш тартқанға дейін кешіктіру – мұстахап.
- Ақшам намазын уақыты кірісімен оқу – мұстахап. Азан мен қаматы арасында тек қана үш аят оқылатындай уақыт бөлінеді. Өйткені ақшам намазын кешіктіру – мәкрүһ. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Ақшам намазын жұлдыздар көрінгенге дейін кешіктірмесе, үмбетім берекетте».
- Құптан намазын түннің алғашқы үштен біріне дейін кешіктіру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деген: «Үмбетіме қиын болмағанда, құптан намазын түннің үштен біріне дейін кешіктіруді әмір етер едім».
- Үтір намазын түнде ояна алатынына сенген адам түннің ақырына дейін кешіктіруі – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай дейді: «Түннің ақырына дейін ояна алмайтындығынан қорыққан адам, үтір намазын түннің алғашқы уақытында оқысын. Түннің ақырында ояна алатынына көзі жеткен адамболса, үтірді түннің соңында оқысын. Себебі түнгі намаз – періштелер қатысатын намаз».
жиған-терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
|