22:54 Уақытыңды басқар | |||
НАМАЗ УАҚЫТТАРЫНЫҢ СЫРЫ Құптан уақытында аспан көкжиегінде қалып қойған күндіздің белгілері сол күйі жым-жылас өшіп, жер бетінде түннің тас-түне қараңғылығы орнайды. Бұл күндіз бен түнді ауыстырып тұратын Алла Тағаланың әлгі ақ парақты – мына қара параққа алмастыруындағы иләһи билігін, сондай-ақ жасыл желекке көмкерілген жазға тән жасыл парақты – қыстың суық ызғарлы ақ парағына айналдыруда Күн мен Айды өз әміріне бағындырып уысында ұстаған Хақ Тағаланың пәрменді иләһи ісін еске салады. Оған қоса, уақыты жетіп қабірге қойылып, ақыретке сапар шеккен пенделердің артында қалған еңбектерінің де мына дүниеде үзілуімен олардың толықтай басқа лемге өтуі өмірді де, өлімді де жаратқан Алланың құдайылық ісін паш етеді. Тар дүниенің көбесі сөгіліп, мезгілі жеткенде жалғандығын білдіріп шаңырағы шайқалып ортасына түсуімен лезде кең де шексіз, мәңгілік ақырет әлемінің айқара ашылуы көктер мен жерді жоқтан бар еткен Жаратушының құдіретті ісі мен көркем көріністерін еске салар уақыт. Сондай-ақ күн мен түнді, қыс пен жазды, дүние мен ақыретті бір кітаптың беттері секілді оп-оңай парақтап, оларды қалауынша жазып-сызып, бұзып-өзгерте алатын күш қана мына ғаламның шынайы егесі, негізгі қожайыны бола алмақ. Нағыз сүйіспеншілік пен құлшылыққа да сол лайық. Бұл мезгіл осылардың барлығына үкімі тең жүретін шексіз құдіретті күш иесінің бар екенін дәлелдейтін сәт болып табылады. Міне, осы кезде барынша әлсіз, алжуаз, дәрменсіз, мейлінше кедей, пақыр, келешектің түпсіз қараңғылығына көміліп әрі күнделікті оқиғалардың ықпалымен әрі-сәрі күй кешіп, сансыраған адам рухы құптан намазын оқуға ниет етеді. Ол түн қараңғысының шөккенін көргенде құдды Ай, жұлдыз, Күнді меңзеп «Батып кететіндерді жаным сүймейді» деп соңында батпайтын, жоғалмайтын бір ғана жаратушыны тапқан Ибраһим пайғамбар секілді ғұмыр бойы құлшылық пен сүйіспеншілікке лайық Алла Тағаланы өзінің намазы арқылы пана тұтады. Намаз арқылы мына фәни тіршілік пен жалған өмірде, қараңғы дүние мен бұлдыр болашақта мәңгі әрі соны жоқ Алла Тағалаға жалбарынып тілеу тілейді. Жалбарына отырып аз ғана бір тұңғиық сұхбат арқылы, бірнеше минуттық тұғиық уақыт ішінде дүниелік тіршілігіне нұр себер, болашағын қараңғылықтан арашалайтын, жақын туыс, жақсы көрген жандардан қапыда көз жазып қалған сәтте жүрекке түскен жараға ем дарытатын Алла Тағалаға тән рақымның ілтипаты мен тура жолға салар нұрын көріп сұрау салады. Әрі көзді ашып-жұмғанша өтпелі, өзін тез ұмытатын көзден таса дүниені өзі де бір сәтке ұмытып, жүрегі қан жылаған күйі ішкі мұң-қайғысын иләһи мейірім құзырына төгеді. Сондай-ақ өлімді еске салар ұйқыға бас қоймай тұрып, бәлкім олай-бұлай боп кетсем деген күдікпен соңғы құлшылығын да адал атқарып, күндік амал дәптерін игі іспен тиянақтау ниетімен намазға тұрады. Яғни, бұл дүниедегі барша фәни сүйіктілер жиналса да орнын толтыра алмайтын мәңгілік құлшылық пен махаббат иесі Алла Тағалаға ғибадат жасайды. Не сұраса да дәрменсіздерге емес, бәріне күші толық жететін әрі жомарт Жаратушыға қол жаяды. Не нәрсенің зиянынан қорғанса да тағы сол қорғаушы – Хафизға арқа сүйеп, мейірбандығы мол Рахим Тағаланың құзырына шығады. «Фатиха» сүресімен бастау арқылы іске алғысыз бір орында тұрмайтын кемшілігі мен нұқсандығы көп бейшара жаратылыстарға қарыздар болып мақтау айтқаннан гөрі шексіз кемелдік әрі мол байлық иесі, әлем атаулының Раббысы Алла Тағалаға мадақ айтып, мақтау білдіреді. «Саған ғана құлшылық жасаймыз» дей алу деңгейіне көтеріледі, яғни өзінің тіптен жоққа тән, елеусіз, ешкімі жоқ әлсіздігін бетке алып бастауы да, соңы да жоқ Сұлтан, Қиямет күнінің иесі Алла Тағалаға арқа сүйеуі арқылы мына ғаламат ғаламның сыйлы мейманына айналады. Жер бетіндегі маңызды қызметкер мәртебесін иеленіп «Саған ғана құлшылық жасап, сенен ғана медет тілейміз» деу арқылы күллі жаратылыс атынан ғаламдағы үлкен жамағаттың әрі мынау үлкен қоғамда атқарылған ғибадаттар мен көмек сұраған тілектерді Алла Тағалаға жеткізуші рөлін атқарады. «Бізге тура жол көрсетіп, сол тура жолда жүруді нәсіп ет» деу арқылы бұлдыр болашағына нұр сеуіп, мәңгілік бақытқа жетелейтін шуақты жолға түсіруді сұрайды. Іле-шала түннің келуімен ұйқыға мүлгіген өсімдік, жан-жануар атаулыны, әрі әскер тәрізді бұйрығын екі етпестен әміріне бас иіп жасырынған күнді, Жаратушының қызметкерлері ретінде ғалам қонақүйіндегі шырақ қызметін мүлтіксіз атқарып түнгі аспанды жарыққа бөлеген ояу жұлдыздарды еске алып, Алла Тағаланың ұлылығына ой жіберіп «Аллаһу Әкбар» деген күйі тағзым етіп, рукуғқа иіледі. Сондай-ақ күллі жаратылысты күтіп тұрған лкен сәждені еске алады, яғни бүгінгі түні ұйқыда жатқан тіршілік иелері болсын, бұған дейін де дәуір санап, жыл санап өмірден озған сан мыңдаған жаратылыс атаулы болсын, тіпті тұтастай мына дүниенің өзі жасақталған үлкен әскер тәрізді Жаратушының «Бол» әмірін естіген сәтте бұл дүниедегі құлшылық міндетін сол сәтте-ақ доғарып, арғы әлемге аттанарда «Аллаһу Әкбәр» деп ғайып сәждесіне бас қоя жығылған күйі құлдырап жоқ болады. Бұнымен ғана шектелмей Жаратушының тағы да «Бол» әмірімен дәл бір көктемдегідей қайта жан алып, ескертуші қатты айғаймен Махшар күні дәл сол қалпында немесе әуелгі қалпына ұқсас кейіпте қайта тіріліп, Жаратушының әмірін тосып қалт тұра қалады. Намаз оқыған адам да бейнебір соларға ұқсап таңғала таңырқаған махаббатымен, кішіпейілділігімен «Аллаһу Әкбәр» деген күйі сәждеге жығылады. Рухы барынша биіктеп Миғражға көтерілгендей шалқыған күйі кешеді. Осыншалықты терең мағына, мән-мазмұнды қамтитын құптан намазын дәл осы уақытта оқу қаншалықты жарасымды, неткен ұнамды, не деген орынды, не деген ләззаты мол, ақылға сыйымды, қиынға қонымды құлшылық міндет, шынайы ақиқат десеңізші?! жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |