16:47 Уақытыңды басқар | |||
ІСТІҢ ЕҢ АБЗАЛЫ – АЗ ДА БОЛСА, ТҰРАҚТЫ ЖАСАЛҒАНЫ Уақытты тиімді пайдалану мәселесінде маңызды жайттардың бірі – тұрақтылық. Яғни, күнделікті белгілі бір уақытта бірдей іспен айналысуды негізге алғанда оның әдетке айнала алуы анық. Жұлдыздай жанып жоқ болатын, асқан құлшыныспен басталып, су сепкендей басылып қала беретін шешімдер мен әрекеттер хадистерде құпталмайды. Немесе уақыты келгенде тынбай ғибадат етемін, адамдарға көп жақсылық жасаймын, қыруар қаржы садақа беремін дегендей ізгі амалды кейінге қалдырып, барлығын болашақтың еншісіне жинап қою да дінімізде дұрыс саналмайды. Шамадан тыс ғибадат етуге талпынған жандардың қалауларын естігенде не солай жасап жүрген адамдардың әрекеттерін көргенде Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Аллаға ең ұнамды амал – аз да болса, тұрақты жасалғаны». «Біз тұрақты түрде не істесек, соған айналамыз. Сондықтан кемелдік – іс-әрекет емес, әдет». Аристотель Осыған ұқсас риуаяттардан Пайғамбарымыз (с.а.с.) адамдарға әрдайым күші жететін, мүмкіндігі болатын істермен айналысуға кеңес бергенін көруге болады. Айша анамыздың (р.а.) әрбір ісінде осы ұстанымды қағида еткені белгілі. Адам құлшынысынан айырылып қалмау үшін әрдайым мақсат-мұраты мен арманын есінде ұстауы қажет. Ниетін нақтылап, қай бағытқа жол тартқанын ұғына білуі тиіс. Одан соң істерін белгілі бір бөліктерге бөліп атқарғаны жөн. Әрбір сәтті қадамының жетістігіне қуана алғанда адам санасы ол істі оң қабылдап, тағы да жасауға құлшынысы пайда болады. «Жетістікке жету үшін ғана емес, қалпынан ауытқып кетпеу үшін міндетті түрде күнделікті жазып тұру қажет. Лев Толстой Мысал: Өзіне көбірек тапсырма беруін өтінген шәкіртін ұстазы тамақтануға алып барады. Шәкіртін өз қолымен тамақатандыпуға кіріскен ұстазы оған тамақты қасықтап бере бастайды. Бірінші қасығын аузына алған шәкірт тамақтың дәмін татып, енді ләззат ала бергені сол еді, ұстазы оның аузына тағы бір қасық тамақ салады. Оны да шайнап болмай жатып, келесісін әкеледі. Солай жалғастыра береді. Шәкірті тамақты тез шайнаймын деп, дәмін сезуден қалады. Ақыры шыдай алмай ұстазынан қайда асығып жатқанын сұрайды. Ұстазы бұл шәкірттің өз қалауы екенін айтады. Көреген ұстазын бірден түсіне қоймаған шәкіртіне мәселенің мән-жайын былай түсіндіреді: «Сен бастапқы тақырыптарды толық түсінбей жатып, жаңа тапсырмалар беруді сұрадың. Алайда алдыңғы тапсырмаларды орындамастан бұрын жаңасын үстемелеп беру онсыз да тамаққа толы ауызға үсті-үстінен тамақ сала берумен тең. Жаңа тапсырма алуға асықпа. Бұрынғы дана кісілер «Асықпай тез істе» деп айтатын. Өмірдің әрбір тапсырмасын асықпай, қуанышпен әрі ынтамен орында». Өмірдегі әрекет ету жылдамдығымыз біздің көңіл-күйімізге әсер етеді. Егер тым асығыстық жасап, өзімізге шамадан тыс көп жұмыс алатын болсақ, әдетте қуанышқа кенелтетін істердің өзі күйзеліске әкеліп соқтыруы ықтимал. Ал тым баяу қимылдайтын болсақ та, одан жалығып, жалқаулыққа салынып, көңіл жабырқайтын болады. Әрекет ету жылдамдығымыз біздің ахуалымызға тікелей байланысты. Мықты денсаулық (физикалық әрі психологиялық) өмірдің сапасын төмендетпестен, көбірек тапсырма орындай отырып, жылдамырақ әрекет етуге мүмкіндік береді. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |