12:59 Уақытыңды басқар | |||
ӨМІР – БҮГІНГІ КҮН Ақыретке иман келтірген, әрбір күнінен, әрбір сағатынан, әрбір сәтінен есеп беру уайымын жан-тәнімен сезіне білген жан үшін уақытын тиімді өткізу жолындағы ең маңызды алғышарттардың бірі – өмірдің бүгінгі күн екендігін білу. Ақылды адам үшін әрбір күн – «жаңа күн». «Әрбір күн басталғанда адамға былай деп тіл қатады: Ей, Адам баласы! Мен жаңа бір жаратылыспын. Болашақта сенің осы күні не істегенің жөнінде кәулік беремін. Жақсылық жаса, сонда мен де сен туралы жақсы жағынан куәгер боламын. Абай бол, мен өтіп кеткеннен соң сен мені ешқашан қайта көре алмайсың. Түн де дәл солай айтады». «Ісін ертеңге қалдырған адам құрдымға кетті, өкінген адам да құрдымға кетті». (хадис) Шайтан адамның алдынан, артынан, оңынан және солынан келіп шабуыл жасайтындығын айтқан. Оның адамның артынан келуі – өткен күндерін есіне түсіріп бос уайымға салып қоятыны. Ал алдынан келуі – әлі келе қоймаған болашағын ойлап арман-қиялдың құшағына байлап қоюы. Солайша адам екі жағдайда да бос қиялға беріліп, кейде сабырын тауысып, көбіне түк бітірместен бар уақытын шығындайды. Бұл – адамға титтей де пайда бермейтін, орасан зор зиянын тигізетін орынсыз іс. Сондықтан мұсылман баласы шайтанның осылай артынан және алдынан келіп азғыруына қарсы тұра білуі керек. Ол үшін адам өткен күнді келмеске кетті біліп, қажет жері болса, сабақ алып, күнә болса, тәубе етіп, ары қарай ол есікке кіре бермейтіндей етіп жауып қоюы қажет. Ал болашағының да әлі келмегеніне көндігіп, ол жайлы да қажетсіз ойларға берілуден аулақ болуы қажет. Олай болса, адамның құзырында қалғаны – тек өзі өмір сүріп жатқан күні ғана. Сол күн – оның дүниесі мен ақыреті үшін еңбек етуіне берілген жалғыз мүмкіндік. Сондықтан ол мүмкіндікті жіберіп қойса, одан мәңгілікке айырылатынын есте сақтап, уақытын барынша тиімді пайдаланып үлгеруге тырысуы қажет. Өмірдің күйбеңімен «кеше – ерте, ертең – кеш, бүгін – уақыт жоқ» деп жүре беретін болса, күткен уақыты ешқашан да келмейді. «Қазіргі уақыт пен бүгінгі күніңізді құрметтеңіз. Әрбір сәтіңізді құрметтеңіз. Себебі ол келмеске кете барады». Януш Корчак Әрдайым Алла елшісінің жанында жүріп, одан барынша көп сабақ алған, сахабалардың арасында ғалымдығымен танылған Абдулла ибн Омар (р.а.) өз-өзіне қарата былай деген екен: «Кеш болса, таңды күтпе (қолыңнан келген амалдарды жасап, уақытыңды барынша тиімді пайдалаң). Таң атса, кеш батуын күтпе (қолыңнан келген амалдарды жасап, уақытыңды тиімді пайдалаң). Денсаулығың мықты кезінде ауруға ұшырайтын шағың үшін дайындал, тірі күніңде өлімің үшін қамдаң. Уа, Абдулла, ертең қандай халде болатыныңды білмейсің!» Бәлкім бақытсыз, бәлкім бақытты, бәлкім өлі, бәлкім тірі... Ғалымдар осы секілді кеңестерден төмендегідей қорытынды шығарған: «Ақылды әрі көреген адамдар – ертеңгі күнге жете алмауы мүмкін екендігін түсініп, қазіргі күнінің әрбір сәтін тиімді өткізіп, сол жолда күш жұмсай білгендер». Әзірет Әлидің (р.а.) де төмендегі сөзі қажетті ескерту болып табылады: «Дүние әрбір сәтте бізден алыстауда, ал ақырет болса бізге жақындап келеді. Бұлардың екеуінің де өз таңдаушылары бар. Сендер ақыретті таңдаушылардан болыңдар, дүниені таңдаушылардан болмаңдар. Себебі бүгін амал бар, есеп жоқ, ертең есеп бар, амал болмайды». «Өткен күн, кеше – тарих, Келер күн, ертең – сыр, Ал бүгінгі күн – үлкен сый». Қорқыт ата Әсіресе, жастық шақта әрбір күнді барынша тиімді өткізуді үйрену үшін бұл ескертулерді дұрыс ұғынып, қажетті түсінікті қалыптастыру қажет. Себебі жастық шақ – келмеске кете баратын уақыттардың ішіндегі ең құндысы. Жастық шақта әрбір күнін өз уақытында тиісінше пайдалан білген жан фәни дүниесі үшін де, ақыреті үшін де көптеген маңызды шаруалар тындыра алады. Және әдет болып қалыптасқан бұл ісі өмірінің кейінгі кезеңдерінде де жалғасын таба бермек. жиған-терген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
|
Всего комментариев: 0 | |