22:05
Тіл - күретамыр

АЙМАҒЫМЫЗДЫҢ АЙНАСЫНДАЙ-АҚ «АНА ТІЛІ» 

Әлбетте, Қазақстан Республикасы Ата Заңы – Конституция бойынша мемлекеттік мәртебеге ие қазақ тілін дамыту һәм насихаттау бағытында атқарылып жатқан қыруар іс-шаралар елдігіміз бен мемлекеттігімізді нығайтатыны сөзсіз. Десе де осынау игілікті бағытта қазіргі таңда жүзеге асып отырған жұмыстар нұр үстіне нұр болып төгілуде.

Аймағымыздың айнасындай-ақ аймақтық «Ана тілі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілін дамытып-насихаттауда ауыз толтырып айтарлық бірқыдыру жұмыстардың басын он бес жылдың көлемінде қайырып келеді. Айта кетерлік бір жайт, аталмыш ЖШС жеке меншікке директор Ш.Д.Кинжикованың жатпай-тұрмай жүгіргенінің арқасында осыдан бір жыл бұрын ғана өтті. Енді аз-кем осынау орталықтың тыныс-тіршілігі хақында тілге тиек етіп көрейік.

Осы күндері «Ана тілі» орталығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында төрт ірі жобаны жүзеге асырып отыр. Атап айтқанда, «Тіл керуені», «Тілдік бранч», «Күн сәулесі» һәм «Тілдік келісім». Айталық, кезінде Ақсу ауданына қарасты Құркөл ауылында бастауын алған «Тіл керуені» кластерлік жобасының бір басында дамудың үш факторы – отандық туризмді, қазақ тілін және мәдениетін ілгерілету бар. Бір шаңырақтың астына қазақ тілін және мәдениетін дамытуға ниет-ықыласы бар адамдарды жинаған осынау жоба содан бері бірнеше елді мекенде жоғары деңгейде өткізілгенін Шолпан Духтурбайқызы зор мақтанышпен айтады. Жүзеге асқан шаралар негізінен жексенбі сайын бірнеше отбасының қатысуымен жер-жерлерде болыпты. Оларда жобаға қатысушылар қазақ тілін үйрену сабақтарына шын ниет таныта қатысып, қазақи салт-дәстүрлермен, қазақы мәдениетпен жақын танысып, айтарлықтай белсенділік көрсетіп, кәдуілгідей рух алатын көрінеді. Ал «Тілдік бранч» жобасы «Отбасымен бірге үш тілді үйренейік» атты авторлық жобасы отбасылық бранч сияқты ұйымдастырылады. Онда тақырыптық тілдік, шығармашылық сабақтар өткізіледі, балалар мен ата-аналардың қатысуы үшін міндетті бағдарламалар құрастырылады, бос уақыт жанға жайлы өткізіледі, белгілі дағдылар қалыптастырылады, тіл, мәдениет және салт-дәстүрлер зерттеледі. Бір қызығы, дастарқан басында міндетті түрде бірлесіп ас-су ішіп-тату осынау жобаның қарым-қатынастық үдерісінің бұлжытпас құрамдас бөлігі болып табылады екен. Демек, «Ана тілі» орталығы «Тілдік бранч» бағдарламасы шеңберінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерін қызықты түрде үйретеді. «Күн сәулесі» жобасының арқалаған жүгі тіптен маңызды. Себебі сол – аталмыш бағыт зағип жандарға мейілінше арналған. Ш.Д.Кинжикованың авторлығымен Брайль үлгісімен таңбаланған «Келіңіздер, қазақша сөйлесейік» деген арнаулы оқулық арқылы көру қабілетінен айырылған зағип жандар мемлекеттік тілді үйренеді. Сонымен қатар тиімді әдіс пен тынымсыз ізденісте жүретін Шолпан Духтурбайқызы есту анализаторына арналған электронды оқулықты да шығарып үлгеріпті. Аудиооқулықтың авторына, әсіресе, бес арысымыздың бірі Міржақып Дулатовтың прозалық шығармалары ерекше ұнайды екен. «Тілдік келісім» жобасында мемлекеттік тілді насихаттау, ауылдық-қалалық елді мекендердегі аулаларда қазақ тілін ұлттық салт-дәстүрлер аясында үйрету, мейірімділік пен татулықтың қос қанатында тағдырдан теперіш көрген жетім-жесірлерді аялы алақанның жылуымен кең бауырға басу басты назарда.

Орталық директоры Шолпан Духтурбайқызы 1989 жылдан бері арнайы оқу орындарында қазақ тілінің оқытушысы, кейіннен мемлекеттік қызметте аудармашы болып абыройлы қызмет атқарды. Мемлекеттік тілді үйретудің жілігін шағып, майын ішкен аймағымызға сондай танымал Ульян Мақұлдың бірегей шәкірті екен.

Қазіргі таңда «Ана тілі» орталығы әр апта сайын мемлекеттік қызметкерлерге, балабақша тәрбиешілеріне қазақ тілінің ресми деңгейін, аударма бағытында оқыту бойынша сабақтар өткізеді. Павлодар қаласындағы және Кенжекөлдегі отбасы үлгісіндегі балалар үйлеріндегі жетімдерге арналған игі шараларды жүзеге асырады. Айталық, балаларды сакралдық қасиетті жерлерге серуендетіп қыдыртады. Сонымен бірге С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетімен, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетімен, Инновациялық Еуразиялық университетімен тығыз іскерлік байланыста болады. Ол аз десеңіз, он шақты әдістемелік оқулықтың, флэш-тренингтің, электронды оқулықтардың авторы Ш.Д.Кинжикованы облыстық тіл басқармасының тапсырысымен шекаралас жатқан Ресей Федерациясының Новосібір, Омбы, Алтай өлкесінде тұрып жатқан қазақ диаспоры өкілдеріне қазақ тілін үйретуге арналған он күндік семинарға жиі жібереді екен. Ал жуырда «Ана тілі» орталығында Павлодар қалалық білім бөлімінің тапсырысымен қала мектептерінің он бір мұғаліміне арналған латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін оқыту курстары өз мәресіне жетті.

Асылында, Павлодар қаласындағы Жеңіс алаңы 5Б ғимаратының сегізінші қабатында орналасқан аймақтық «Ана тілі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі һәм орталығы, оның директоры аяулы да ардақты Шолпан Духтурбайқызы ханымның мемлекеттік тіліміз – құдіретті қазақ тілін үйрету, дамыту һәм насихаттау бойынша атқарып отырған тыныс-тіршілігі – бірегей әдіс, таптырмас үлгі.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Павлодар қаласы

Просмотров: 531 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: