13:31
Тіл - күретамыр

ҚАЗАҚ ТІЛІ – АЙБЫНЫМЫЗ, ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ – АЙДЫНЫМЫЗ

Қандай да бір игі бастама көпшіліктің көңілінен қолдау тауып жатса ғана нәтижелілігімен қомақтанады әлбетте. Қандай да бір игі бастамаға қан жүгіртуге келелі мақсат-міндеттер, соған тиесілі себеп-салдар қозғаушы тетік болады қашанда. Әсілі, осынау керуен үлкен жолға шығады. Ал әңгіме өзегі құдіреті киелі қазақ тілі һәм көркемдігі қуатты қазақ әдебиеті хақында болғанда, онда оның әлеуеті сан мәрте еселене түседі.

Жуырда Лебяжі аудан орталығындағы Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінде аудандық білім бөлімінің мұрындық болуымен аудандық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің І форумы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің сапалы берілуін ұйымдастыруда педагогикалық технологияларды пайдаланып, оқушы құзырлығын дамыту» тақырыптық айдарымен ұйымдасқан түрде өткізілді. Аталмыш шараға аудандық білім бөлімінде филология пәндерін оқытуды қадағалайтын бас маман А.А.Макишева жетекшілік жасады.

Форумның ашылу сәтінде Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің болашағынан зор үміт күттіретін 11 сынып оқушысы Қайрат Мақпал және 9 сынып оқушысы Тілеген Көгершін тақырыпты рухтандырған төл поэзиялық туындыларын мәнерлі түрде оқып, қатысушыларды бір желпіндірді. Ал әдіскер Айжан Абзалбекқызы өз баяндамасында аудан мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетінің оқыту жағдайына тоқталып, қол жеткен жетістіктер мен сан соқтырған кемшіліктерге зер салып, көлденең келген қиыншылықтарды шешу-енсеру жолдарын бағыттады. Айталық, мектеп түлектерін ҰБТ-ге дайындау кезінде орташа ұпай қоры көңілден шыға бермейтінін қынжыла жеткізді. Сонымен қатар оқу жылы бойында өткізілетін түрлі оқуларға қатысатын оқушылар саны да аздау. Дегенмен ақпараттық-коммуникативтік технологиялар шарықтаған заманда қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда тиімді әдістемелерді сапалы қолданып жүрген мұғалімдер де барына қуанды. Пленарлық бөлімде қатысушылар арасында тақырыпты қаузаған өзара пікірталасқа түсіп, тығырықтардан шығатын жолдарды ұжымдаса-бірлесе іздестірді.

Форумның тәжірибелік бөлімінде Лебяжі жалпы орта білім беретін мұғалімдері ашық сабақтар өткізді. Айталық, Г.Р.Мекишева 7 қазақ сынып оқушыларымен әдебиеттен О.Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат...» әңгімесі бойынша сабағын, А.Марат 6 қазақ сынып оқушыларымен қазақ тілінен мәтін тақырыбы бойынша сабағын, Р.М.Оразалина 8 орыс сынып оқушыларымен қазақ тілінен лексика тарауын һәм салалас құрмалас сөйлемді қамтыған «Отбасы сыйластығы» тақырыбы бойынша сабағын, А.Е.Мырзатаева 5-7 орыс сыныптар оқушыларымен қазақ тілінен «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» атты зияткерлік сабағын сәтті сабақтады. Қай ашық сабақта болсын оқушылардың ынта-ықыластары мен қатысу-белсенділіктерінде шек болмады. Мұғалімдер тиімді оқыту әдістерін қолданды.

  Айтулы шараның тәжірибелік алаңында қатысушылар өздерінің әдістемелік тәжірибелерімен бөлісті. Сондағысы, «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың сапасын арттыруда технологияларды тиімді қолдану» атты бірінші бағытта Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Б.К.Ибраһим «Үшдеңгейлі әдістемелік жүйе» технологиясымен, Уахатов атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі М.С.Салимова қазақ әдебиетін тиімді жолдармен оқыту әрекеттерімен, осы мектептегі мұғалім Р.Ж.Омарханова да ұлт әдебиетін оқытудың заманалық әдістерімен, Малыбай жалпы орта білі беретін мектебінің мұғалімі Ж.А.Темірғалиева жекелеп оқыту технологиясымен, Сатыбалды атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі Ж.Тоқтасын сатылай кешенді талдау һәм басқа да тиімді әдістермен бөліссе, «Орыс тілінде оқытылатын мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың сапасын арттыруда техноогияларды жетілдіру» атты екінші бағытта Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің мұғалімі А.М.Белгібаева сын тұрғысынан ойлау технологиясын, осы мектептің мұғалімі Әлдекенова А.С. өз тәжірибесін ортаға салса, «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуың сапасын арттыруда оқу жоспарының вариативтік бөлігінің мүмкіндіктерін іске асыру» атты үшінші бағытта малыбайлық мұғалім Ж.А.Темірғалиева Мәшһүртану курсын оқытуда қол жеткізген тәжірибесін паш етті. Сонымен бірге Потанин, Ленин мектептерінен келген пән мұғалімдері де өз жинаған тәжірибелерімен ортақтаса бөлісті.

Форумға атсалысқан пәндер оқытушылары өздерінің әдістемелік қорларына қомақты пайдалы жадығаттар жинады. Паш етілген көрсетілімдер игі бастаманың қарлығаштарындай болды.

Келелі кеңесті қорытындылаған А.А.Макишева форумның пайдалылығын түйіндеп, ұйымдастыруда белсенділік көрсеткен лебяжілік пән мұғалімдеріне, сырттан келіп, тәжірибелерімен бөліскен мұғалімдерге Лебяжі аудандық білім бөлімінің сертификаттарын салтанатты түрде табыстады.

Асылында, аталмыш шара мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің айбындылығын һәм көркемдік құдіреті күшті қазақ әдебиетінің асқақтығын аспандата айшықтады.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1231 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: