23:04
Тіл - күретамыр

БӨТЕН СӨЗБЕН БЫЛҒАНСА СӨЗ АРАСЫ...

Қазақ тілі! Сонау замандардағы жаугершілік шақта найза ұшымен етігімен су кешкен бабаларымыздан мирас болып қалған мәңгілік елдік-ұлттық нышан болып табылады.

Зерттеулерді зерделесек, ежелгі дәуір әдебиетінің қайнары саналатын сақ, ғұн һәм атақты Орхон-Енисей тас жазба ескерткіштерінен бастау алған, орта ғасырларда мемлекет болуға алғышарт болған, қанша тілесек те, тарих-бабаның барса келмес қойнауына күмп берген Қазақ хандығы дәуірінде атой салған, арамза отаршылдық заматында өз жеріндегі өгейшілік нәубет-теперіш тартқан, кеңестік кезеңнің тоқырауында ау-қапқанмен торланған, өз алдына Тәуелсіздік, Егемендік, Еркіндік, Дербестік таңы атысымен Күн нұрындай жаңғырған, енді міне үдемелі индустриалды-инновациялық даму үрдіс-үдерісімен өркен жайған қазақ тілінің мерейі аспандауда. Қазір мемлекеттік мәртебеге әлдеқашан ие болған қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызмет аясы кең құлашты: берісі – елімізде, арысы – шет елдерде маңызы салмақты, мәртебесі қомақты.

Десек те, күнделікті ауызекі сөйлеуде ана сүтімен бойымызға асылдана тараған қазақ тілі қайсыбір айырылмастай жабысып қалған әдеттер кесірінен қораштыққа қор болады. Мүмкін біреу-біреулерге осындай әңгіме айта-айта не жаза-жаза жауыр болған шығар. Дегенмен ұдайы-ұдайы айтпасқа да, жазбасқа да болмас. Айталық, ұлтымыз қазақ бола тұра, діліміз қазақ бола тұра, тіпті, түріміз қазақ бола тұра өзара тілдесім, сөйлесім һәм айтылым барысында тілімізде сондай тұрақтанып қалған өзге тілді сөздерді, өз тіліміздегі қолданысы тар сөздерді әдеттене қолданып, мәтін ажарына секпіл түсіріп жүргенімізді байқамаймыз. Мектепте оқып-тәрбиеленіп жүрген оқушылардың арасында сабақ үстінде ауызша жауап беріп тұрған кезде «не», «яғни», «жанағы» және басқа да сөздерді орынды-орынсыз не жиі-жиі қолданып, естір құлақты жалықтырып жіберетін кездер де болады.

Хош, бұны өзіміздің қазақ сөздері ғой деп жылы жауып қоюға болады. Ал сөз арасында орыс тілінің ауызекі-тұрмыстық сөздерін әрдайым қыстыра сөйлейтіндерге не дерміз. Оқушылар дейміз-ау, білдей қызметтің бас-қасында жүрген тұлғалардың қайсыбірінің еті осындай әдетке үйреніп кетті емес пе.

Асылында, дана Абайдың «бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» дегені әрбір қазақты ойлантса керек. Сіз не дейсіз?

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1107 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: