18:13
Тіл біл

ТҮРІК ТІЛІ

Тағы сол АҚШ. Бір пәтерде бірге тұратын Түркиядан келген екі жігіт болды. Күнделікті өмірде олармен ағылшын тілінде байланысып жүрді де, өзінің түрік тілін білетінін айтпады. Бірден мақтанғандай болмайын деді ме, әйтеуір бар өнерін паш етпеді. Жалпы екеуі Түркиядан келсе де, діндарлығы жоқ, қыз балалармен жақын араласа беретін жігіттер болғандықтан, сәлем түзулігін сақтады да, етене араласып кете алмады. Күндердің күні екеуі өзара түрікше сөйлесіп отырғанда, ол туралы да бірер сөз айтып қойғандарын естіді. Аса бір ренжитіндей дүние жоқ. Дей тұрғанмен, ол туралы ойларын біліп алды. «Тілін білгеннің – сырын білесің» қағидасы сол жерде де орындалды. Бір айға жуық уақыт олар оның түрікше білетінінен хабарсыз болды. Солайша бір айдан кейін біреуі оған ағылшынша сөйлеген кезінде, әдейі түрікше жауап берді. 5 секунд үнсіз түріне қарап тұрды да: «Сен түрікше білесің бе?» - деп таңдана түсті. Жүзінен, эмоциясынан бәрі айқын көрініп-ақ тұрды. Екіншісі үйге келген соң оған айтты. Ол да таңданып. «Сонда осы уақытқа дейін бәрін түсініп жүрдің бе?» - деп сұрақтың астына алды. Сол уақыттан бастап түрікше сөйлесетін болды. Олар да ол бар жерде өзара сөйлескенде абайлап артық өсек айтпайтын болды. Солайша АҚШ-та жүріп, ағылшын тілімен қатар түрік тілін де дамыта түсті.

Әлемнің қай тарапына сапар шексе де, әйтеуір бір түрік тілін білетін немесе сол тілде сөйлейтін халықтың өкілін кездестіріп отырады. Біріккен Араб Әмірліктеріне конференцмяға барған шақта да, түрік тілі себеп болып, көптеген достар тапқан болатын. Өмір өзі қызық қой... Ескіде бастау алған таныстықтар, араға сан жылдар салып алдыңнан шығып отырады.

Марокко Корольдігіне оқуға барған кезде түрік тілінен мүлдем хабары жоқ болатын. Алайда сол жақта өмірлік аға-бауырлардың бірін кездестірді. Енес және Адам есімді екі ағасы, кейін ол Түркияға магистратураға түскен кезде де құжат мәселелерінде, бір-екі кішігірім қиындықтар орнаған шақтарда көмектерін тигізген болатын. Енес аби және Адам абимен Мароккода тек арабша байланыс құратын. Арасында өзбекше білетін бірең-сараң сөздерді қосып, қазақша да түсіндіруге тырысты. Кейін араға көптеген жылдар салып, Енес абимен хабарласып, түрікше сөйлескенінде, «ма ша Алла» деп шынайы қуанышын білдірген еді.

Шынында, түрік халқының басым көпшілігінде ерекше бір мінез бар. сенің басыңа бір қиындық туса, сол мәселені соңына дейін шешпейінше тыным таппай, жан-жаққа хабарласып, өз мойнына жауапкершілік алып, қолынан келетін бар амалы таусылғанша демеп отырады. Миллет ретінде, сол жарты ай мен жұлдыздан тұратын қызыл байрақтарының намысын жықпау үшін аянбаса керек... Түрлі пікірлер бар. алайда, Алланың оған жолықтырған пенделері сондай болды. Өмір жолында түрлі байланыстар орнатамыз. Бірақ кейінгі келешегімізде қайсысының қай жағымыздан келерін біле алмаймыз...

Өзі үшін осы бір білім саяхатын аша білгеніне, түрік тілін үйреніп, көптеген жандарды кезіктіріп, мәдениетаралық коммуникация орнатып, көкжиек танымын арттыруға мүмкіндік берген ата-анасына алғыс айта отырып, Алла Тағалаға сансыз шүкірлер білдіргісі келеді. (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: