09:45
Тіл біл

АҒЫЛШЫН ТІЛІНІҢ ДЕҢГЕЙЛЕРІ

Егер ағылшын тілін үйренуді енді бастап жатсаңыз, Beginner деңгейі тап сізге арналады. «Beginner» деген сөздің тілдік мағынасы «бастауыш» дегенді білдіреді. Халықаралық стандарт бойынша тіл деңгейлері келесідей болып бөлінеді: А1/а2, В1/В2, С1/С2.

Beginner деңгейі = А1

Beginner деңгейінен кейін ағылшын тілінде Еlementary деңгейі келеді. Еlementary деңгейі де = А1.

Неліктен олай?

Егер сіз ағылшын тілінде жай сөйлемдер құрай білсеңіз, бастапқы грамматикадан хабардар болып, дұрыс оқи алсаңыз, ондай жағдайда Beginner-ді оқымай, бірден Еlementary деңгейіне өте аласыз. Алайда нақты сенімділігіңіз болмаса, білімді жүйелі түрде Beginner деңгейінен бастап үйренуді ұсынамыз.

Beginner-ден бастап оқуға бірнеше себеп:

  • егер бұрын-соңды ағылшын тілін оқымаған болсаңыз;
  • бұрындары басқа шет тілін оқыған болсаңыз;
  • мектепте, колледжде, университетте бұрын ағылшын оқып, алайда ештеңе есіңізде қалмаса;
  • бұрын ағылшын оқып, алайда 0-ден бастап, біліміңізді қайта жүйелегіңіз келсе, Beginner деңгейінен бастап оқу –

ең дұрыс шешім болады.

Кез-келген тілді басынан бастап оқудың маңыздылығы зор. Себебі онда бәрі жүйеленген, алғашында оңай тақырыптар өтіледі. Солайша ақырындап тілге кіргізеді. Егер бірден күрделі тақырыптарға өтіп кетсеңіз, өмір бойына тіл оқығыңыз келмей қалуы бек мүмкін.

Ал Еlementary деңгейі нағыз нан тауып жей алатын (survival level) деңгей болып табылады. Яғни, Еlementary-ды тәмамдаған адам ағылшын тілінде сөйлейтін қандай да бір елге барса, далада қалмайды. Далада қалмайды дегенді дұрыс түсінесіздер, иә? Ол деген сөз – шетелде жүргенде бағыт сұрай аласыз, қонақ үйден өзіңізге жай ала аласыз, дүкендерден түрлі нәрсе ала білесіз дегенді меңзейді.

Еlementary деңгейі сізге сай келеді, егер сіз:

  • ілгеріде аз уақыт ағылшын тілін тиянақты оқып, негізгі қарапайым заттарды үйренген болсаңыз;
  • ағылшын тілінде сөйлей алмайсыз, алайда қарапайым грамматикасын білесіз және де сөздік қорыңыз шамамен 300-500 сөзді құраса;
  • ағылшын тілінің грамматикасы турасында бұлыңғыр түсінік болса (білетін де сияқтысыз, білмейтін де сияқтысыз) және соның бәрін миыңызда жүйелеп, ретке келтіргіңіз келсе;
  • базалық біліміңіз бар, алайда мүлдем ағылшынша естігенде түсіне алмасаңыз.

Pre-Intermediate деңгейі халықаралық стандарт бойынша А2 деңгейіне жатады. Бұл деңгейде сабақтар біршама күрделене түседі. Шақтардың да күрделі формалары осы деңгейде басталады.

Сізге Pre-Intermediate деңгейін оқуды кеңес етеміз, егер сіз:

  • сұхбаттасушы адамыңыздың айтқан сөздерінің жалпы мағынасын түсініп тұрсаңыз;
  • сөйлесе аласыз, алайда әлі де болса қысқа, бөлек-бөлек сөйлемдермен сөйлесеңіз;
  • негізгі грамматикадан хабарыңыз бар, алайда әлі де болса ол нәрсені өз сөзіңізде пайдалана алмасаңыз.

Intermediate деңгейі – салмақты, ағылшын тіліндегі ең маңызды деңгейдің бірі болып табылады. Халықаралық стандарт бойынша = В1 категориясына жатады.

Көптеген шетелдік компаниялар өз қызметкерлерін жұмысқа қабылдар кезінде әдетте ағылшын тіліне қатысты осы деңгейді сұрайды. Intermediate деген сөздің өзінің аудармасы – «орта» дегенді білдіреді.

Сізге Intermediate деңгейі келеді, егер сіз:

  • ағылшын тілінде сөйлесу процесінде тоқтап қалмай, еркін сөйлей алсаңыз;
  • жақсы сөздік қорыңыз бар, алайда барлық жағдайда дұрыс қолдана алмасаңыз және жиі сөздікке жүгіну керек болса;
  • шетелдік адаммен сұхбаттасқан кезде оның айтқан сөздерінің өте көп бөлігін түсіне алсаңыз;
  • ағылшын грамматикасын білесіз, алайда күрделі формалардан қиналсаңыз.

Одан кейінгі Upper- Intermediate деңгейі – орта деңгейден жоғары дегенді білдіреді. Халықаралық стандарт бойынша = В2. Бұл деңгейге жеткен адам ағылшын тілінде кез-келген салада сөйлесе алатын болады. Тап осы деңгей IELTS немесе TOEFL сынды халықаралық емтихандарға дайындалуға жарамды. Алайда деңгейіңіз Intermediate болса ол тесттерге дайындалып бастай аласыз.

Upper- Intermediate деңгейінде алдыңғы деңгейлердегі грамматикалық тақырыптар кеңінен ашылып, басқа да қолданылу формалары көрсетіледі.

Одан кейінгі деңгей – Advanced. Халықаралық стандарт бойынша = С1. Бұл шын мәнінде ағылшын тілін білудің жоғары деңгейі болып саналады. Одан жоғарғысы ағылшын тілді адамның деңгейі (Proficiency = С2).      

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 17 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: