22:31
Тіл біл

АҒЫЛШЫН ТІЛІ

Күн жарықта келген едім, сағат түнгі 11-ден аса бастады. Оның барар жері болмай тұр. Бір уақытта жаңағы қара нәсілді жігіт келіп: «енді не істейсің? Нью-Йоркте түнде далада қалуға болмайды. Өте қауіпті. Паркке барып жататын болсаң, сөмкеңді кесіп, бүкіл ақшаңды тонап кетеді. Ол ең жақсы деген жағдайда», - деп алаңдатып қойды.

Солайша әлгі жігіт енді кетіп бара жатыр еді, қайта келді жанына. «мен сені жалғыз қалдырғым кеп тұрған жоқ. Келгенің бүгін екен. Менің үйіме барасың ба?» - деген ұсыныс тастады. 14 сағат ұшқан соң, шаршап та тұрды. Ол жігіт қара нәсілділер шоғырланған «Bronx» деген ауданда тұрады екен. Түсінікті болу үшін жазайық, Bronx – кішігірім гетто. АҚШ-қа келмес бұрын толыққанды ақпаратқа сусындап алған болатын. Жанында басқа достары барын айтты. «ешкімге тиіскізбеймін, алаңдамасаң болады. Барлығы жақсы жігіттер. Мазаңды алмаймыз. Тек бір ғана ескеретін жәйт бар. біз шөп шегеміз. Өзіміз әңгіме айтып отырамыз, сен ұйықтай бересің. Егер Ok десең, кеттік», - деді.

Ойына неше түрлі нәрселер кіріп-шығуда. Бірақ аса бір басқа амалы да болмай тұр. Содан Аллаға тәуекел етіп, далада қалғаннан осы дұрыс шығар деген оймен келісімін берді. Клиниканың жарықтарын өшіріп, бірге кілттеп, сыртқа қарай шыққандары сол еді, ол бару керек болған үйдің егесі өзі хабарласты WhatsApp желісінен. Ол да қуанды, жанағы жігіт те шынайы қуанды. Шабаданын алып, бағдаршамға дейін көтерісіп барды да, саулық тілеп тарқасты. Сонда алғыс білдіріп жатса, «Біз бәріміз адамбыз. Бір-бірімізге әрдайым көмектесу керекпіз», - деп ешқашан есінен кетпейтін сөздер айтты. АҚШ осылай қарсы алды. Алланың қалауымен, ағылшын тілін білудің көптеген жерлерге жеткізе алатынын шынайы бастан өткен оқиғаларымен баяндағысы келді.

АҚШ-та орын алған тағы бір өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі – аппендицит болып, госпитальға түсуі еді. Бұл жерде де тіл білудің маңыздылығы қозғалады.

Түнгі сағат үш. Асқазаны қатты шаншып ауырғанынан оянды. Содан бастап ары қарай ұйықтай алмады. (Бұрын-соңды бұлай ауырып көрмепті). Дөңбекшіп, домалап бір орында жата алар емес. Арасында қайта-қайта тұрып құсуда. Сөйтіп жүргенде таң да атып, күн шыға бастады.

Таңертең жанында бірге тұратын шетелдік достары халін көріп, түрлі дәрі-дәрмектер берді. Алайда олардың берген дәрілерін құсып тастауға тура келді. Бар ойы кішкене жатсам, қойып қалса екен деген болды. Бірақ ауруы жан шыдатпады.

Тым қиналып кеткен соң, таңғы сағат жетіде, төртаяқтап барып көршінің есігін қақты. Олар ерлі-зайыптылар болып 2 кісі тұрады. Түбі ирландық, 3 атасынан АҚШ-та өмір сүретін американдықтар болатын. Алғаш қоныстанып жатқанында аулада танысып қалып, жақсы қарым-қатынас орнатып қалған еді. Көліктері бар екенін біледі, сол себепті «Мені госпитальға алып барасыз ба?» - деп өтініш білдірді. Есікті әйелі ашқан еді. Халін түсінсе керек, бозарған түріне қарап еш қиналмастан «әрине» деді де, қолындағы таңғы кофесін тастап, көлігінің кілтін алып шығуға жүгіріп кетті.

Ең жақын госпитальға барды. Ол жер тек сағат 9 a.m.-де ашылады екен. Оның қиналып тұрғанын көріп, алыстау госпитальға алып баратын болды. Бір сағат жүрді. Жолда бірнеше мәрте ол үшін тоқтады. Ол қатты құсқысы келеді, алайда құса алмайды. Тек жерді құшақтаған күйі тырмысып қояды. Жолда ол үшін екі мәрте жол ережесін бұзды. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетіп отырды.

Ақыры дегенде госпитальға жетті. Шаншу басылар емес. Дәрігерлер жүгіріп шығып, аурухана каталкісіне жатқызып, бірде қарауға кірісті. Оны алып келген көрші әйел оған жауапкершілік алатынын айтты. Құжаттары, ақшасы, телефоны салынған сөмкесін сол кісіге беріп қойды. Жан қиналған сәтте ол нәрселердің ешбірі қызық болмай тұрды. Ол кісінің есімі Тамара болатын. Оның телефонына өзінің номерін сақтап қойғанын айтты. Қандай да бір мұқтаждық болса жазуын ескертті. Оны палатаға алып кеткен кезде сол кісі оның бүкіл тіркеу жұмыстарын жаса, құжаттарын рәсімдеді. (жалғасы бар)  

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 8 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: