23:16 Тіл біл | |
АҒЫЛШЫН ТІЛІ Ағылшын тілінің мұншалықты бүгініне не әсер етті? Зерттеушілер 3 түрлі факторды келтіреді: тарихи, лингвистикалық, ақпараттық-технологиялық. Тарихи. Ұлыбританияның отарлау саясаты нәтижесінде әлемнің сан түрлі материгіне аяғы жеткен ағылшындар отарлаған жергілікті жерлерде міндетті түрде ағылшын тілін кеңінен насихаттаған болатын. Отарлаушы империялардың ондай әрекетін, біз, өзіміздің Қазақстан тарихынан да жақсы білеміз. Лингвистикалық. Ағылшын тілінің құрылымы өзгеріске бейім келеді. Бір қызығы, қандай да бір тілмен араласса да, өзіндік артикуляциясы мен дыбысталу ережелерін сақтап отырады. Ақпараттық-технологоиялық. Адамдарды бүгінде байланыстырып отырған, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алуға мүмкіндік берген заманның берген нығметтерінің бірі – Интернет те, сол ағылшын тілді АҚШ-та пайда болған. Ресейлік атақты полиглот – Дмитрий Петровтың пікірінше, ағылшын тілінің кең таралуына септігін тигізген Голливудтық фильмдер болды. Ағылшын тіліндегі фильмдердің көптеп таралуы, әлемге шығуы – сол тілге деген қызығушылықты арттырды. Иә, кинематографияның сондай тылсым сыры бар деген оймен келісеміз. Шығыстанушы ретінде өткізіп жібере алмайтын бір факт: кино мәдениетін шетелге экспорттау арқылы тілдеріне қызығушылық туғыза білген екі елді білеміз. Корей дорамалары мен жапон анимелерін көру арқылы жастарда корей немесе жапон тілдерін үйренуге деген қызығушылық пайда болған. Ағылшын тілімен танысу процесі баршамызда бірдей болса керек. Мектеп қабырғасынан бастау алатын білім, кейіннен университет қабырғасында жалғасын табады да, бірақ оқуымызды аяқтаған шақта ағылшын тілінде еш сөйлесе алмайтын күйде қала береміз. Мектептегі сабақты есепке алмағанда, нақтылы 10 жасында оқи бастады англо-сакстардың тілін. Анасы оны арнайы тілдік мектепке беріп, баласының сол бір ағылшын тілін жақсы үйреніп шыққанын қалады. Ол бала таныммен түсіне алмаған, анасының болашаққа деген өз бағдарының болғаны анық. Тіпті жаз айларында да оқуға баратын. Сөзсіз, кей күндері жалқаулық танытып, оқығысы келмей де кететін. Алайда анасының табанды талабымен бір сабақты да жібермей, толықтай оқып шықты. Соның нәтижесінде тіл үйренуге деген қызығушылықтың есігін өзі үшін ашты дей алады. Бүгінде біз баланың өз жеке таңдауы деген секілді дүниелерді айтып жатамыз. Ол ол нәрсемен соқыр халде 100%-ға келісе алмайды. Бала – бала кезінде өзіне не керегін шын мәнінде білмейді, біле алмайды. Ислам дінінде және біздің қазақы танымда бала тәрбиесін жасына қарай, ержеткендігі немесе бойжеткендігіне қарай керемет классификациялап бөлген. Белгілі бір жасқа жеткенде (балиғат) балаға жауапкершіліктер жүктеледі. Оған дейін балада дұрыс түсінік қалыптастыру үшін оның өміріндегі негізгі авторитет фигуралар (ата-ана, туған бауыр) жұмыс жасайды. Сол жұмыстың барысында ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін балаға түсіндіреді. Отбасы институты дұрыс болып, ата-ананың бала тәрбиесіндегі құралдары іске асса, ол баланың келешегінен жақсы үміт күтуге болады деген сенім арта түседі. Елімізге белігілі ұстаз, дінтанушы – Арман Қуанышбаевқа қонаққа барған кезде, бала тәрбиесіне қатысты керемет инсайдтармен бөлісіп еді. Сонда түртіп алған негізгі ойлардың бірі – баланың сабағын қадағалауға қатысты болды. Ұстаздың зерттеуінше, баланың сабағын 1-6-сыныптар аралығында қадағалап, қаттырақ көңіл бөлу керек. Себебі сол аралықта бала зейінінің, жадының негізгі қалыптасу кезеңдері жүреді. Сол уақытта жақсы оқыған бала кейін мектептегі бағалары нашар болса да, зейінді болады. Оған көп нәрсе жаттауға тапсыра аласыз. Тіпті Құран жаттатуға да болады. Ал мектептегі бағалардың қалай алынатынын, қалай қойылатынын біз бен сіз жақсы білеміз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |