22:09
Тіл біл

АРАБ ТІЛІ

Мақсаттары «Халықаралық қатынастар» мамандығына тапсыру болатын. Яғни «Халықаралық қатынастар» факультеті ішіндегі «Халықаралық қатынастар» мамандығы. Алайда тағдыр желі айдап кеп басқа арнаға бұрды. Басқа арнаға дегенде, ауылы сол «Халықаралық қатынастар» факультетінен ұзаған жоқ. Анасы екеуі Еуразия ұлттық университетінде мамандықтармен танысып жүргендерінде, алдарынан Бауыржан есімді арабист-оқытушы шығып, «Шығыстану» деген мамандықпен таныстырып, жарнамасын жақсылап өткізе білді.

Шығыстану – Шығыс деп аталатын Азия және ішінара Африка (негізінен Солтүстік Африка) елдерінің тарихын, экономикасын, тілдерін, әдебиетін, этнологиясын, өнерін, дінін, философиясын, мәдениетінің материалдық және рухани ескерткіштерін кешенді түрде зерттейтін ғылым. Ішінде түрлі бағыттарға бөлінеді: арабтану, иранистика, синология, корейтану, жапонтану, индология, египтология, малаистика, семитология және т.б.

Ол, әрине, арабтану бағытын таңдады. Оған бәрі құдды бір кездейсоқ орын алып жатқан оқиғалар желісі іспетті көрінгенімен, ертеректе жасаға дұғасы есіне түсті. Сол бір дұғаның жауабы – оны арабтану жолына әкелген екен.

Ал енді оқу жылы басталған кездегі оқиғалардан сыр шерте кетейік. Қадірменді оқырмандардың ішінде енді университетеке түсіп жатқан іні-қарындастар болса, көп пайда аларына сенімді. Әлеуметтік желі арқылы болсын, жекесіне көптеген хаттар кеп түседі: «Аға, мен 4-курспын. Бірақ өмірімде мақсат жоқ. Не істерімді білмеймін. Ары қарай қандай қадам жасарым беймәлім», - деп жатады. Асылында, студенттік шақ – сол мақсаттарды айқындайтын, қадамдарды анықтайтын кезең. Алайда біз оны ойын-сауықпен, қажетсіз басқосулармен өткізіп аламыз. Иә, әрине, ойнайтын, күлетін кезеңдер де болу қажет шығар, оны жоққа шығармаймыз. Бірақ дұрыс бағыт беретін жанашырдың болмауынан көптеген студенттер ең маңызды, ілім алып қалу керек болған шағын босқа жіберіп алады.

Бізде шығыстануға түскенде міндетті түрде қандай тіл таңдағандығын айтып, кафедраны хабардар ету қажет. Эдвайзері хабарласқан кезде араб тілін таңдағаны жөнінде айтқан. Сезімдердің тоғысында «өмірімдегі ең бір тамаша шешім осы араб тілін беріліп, академиялық деңейде оқитын болдым ғой» деген ойлар қуанышын арттыра түсті. Бірінші қыркүйек күні құжаттарға қол қою үшін кафедраға барлық болашақ шығыстанушы студенттер боп барды. Әркім өзінің таңдаған тілінің тұсына қол қойып, құжатты бекітеді. Абыржып жүріп болса керек, ол араб тілінің тұсына қол қоюдың орнына қытай тілінің тұсына қойып жіберген екен. Ол құжат ректордың қолынан кейін жүйеге енгізіліп, өзгертуге келмей қалатын көрінеді. Алланың құдіреті, эдвайзері хабарласты:

- Шәди Арсен, сіздің тегіңіз есімде қалып кетіпті. «Шәди» - деп өзгеше естіліп еді. Сіз маған араб тілін оқимын деп айтқан секілді едіңіз, ойыңыз өзгерді ме?

- Жоқ. Неге олай дейсіз?

- Қытай тілінің тұсына қол қойған екенсіз ғой. Алайда араб тілін оқимын деген кезіңізде сондай махаббатпен айтқан едіңіз, өзіңізге бір хабарласып сұрап көрейін дедім...

- Иә-иә... Мен араб тілін оқимын. Қателескен болсам керек. Кешірім сұраймын. Араб тіліне жаза аласыз ба?

- Иә, жақсы. Хабарласқаным дұрыс болған екен.

Кішкентай болмашы ғана сәт, алайда соның әсерінен өмірі өзгеше болуы бек мүмкін еді. Шәди атасының есімінің ерекшелеу болуы да осы бір жерде рөл ойнап кеткендей. Араб тіліндегі «сарф» (Сарф – араб тілі грамматикасындағы негізгі ілімдердің бірі. Сөздердің құрамын, түрлерін зерттейтін морфология ілімі) пен «нахвудың» (Нахву – араб тілі грамматикасындағы негізгі ілімдердің бірі. Сөйлемдердің құрамын, түрлерін зерттейтін синтаксис ілімі) орнына қытай тіліндегі «пининг» (Пининг – қытай тілінің фонетикалық әліппесі. Асылында, қытай тілінде әліппе жоқ, бірақ осы пининг кестесі бар. Кестеге сәйкес қытай иероглифтерінің латын әріптерімен оқылуы беріледі) пен «тондарды» (Тон – қытай тіліндегі буындарға түсетін екпін түрлілігі. Жалпы 4 түрлі болады. Бір иероглиф түрлі тондармен оқылса, түрлі мағына бере алады) оқып жүрер ме еді? Жалпы, басқалай елестете алмайды. Себебі бүгінде араб тілі – тынысымыздың бір бөлшегіне айналды. Домино секілді... Сол бір кездегі, сол бір сәттегі оның қолы қойылған жерде қытай тілі қала бергенде, бүгінгі күйлері де өзгеше болар еді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 39 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: