11:03
Тіл біл

АРАБ ТІЛІ

Бүгінде араб тілін үйреніп, сол тілде сөйлеуші мен сол тілді үйренушілерге қатысты ел ішінде түрлі сөздер айтылуы мүмкін (арабқұл, арабшыл және т.б.). алайда ондай айыптаулардың ешқандай негізі жоқ екендігін осы жерде де жаза кетуді құп көрдік. Себебі біздің сүйікті ана тіліміз – қазақ тілінің өзінде бір ғана арабшадан енген 3500-ге жуық сөз бар: асыл, сандық, салауат, талап, қауіп, ғарыш, азамат, залым – деп тізімді ұзын сонар жалғастыра аламыз. Ал заманауи араб тіліндегі классикалық мәтінді 75%-ға түсіну үшін бар болғаны 1500-ге тарта сөз білуіңіз жеткілікті болмақ. Қиын секілді көрінген араб тілі – осындай деректен кейін санамызда оңайлай түссе керек.

Араб тілі – бір ғана араб ұлтына тиесілі тіл емес. Мұсылман болғандығымыз себепті баршамызға ортақ тіл. Шам өлкесінің заманауи үлкен ғалымдарының бірі – шейх Фахруддин Қабауа (Фахруддин Қабауа – Шам өлкесінен шыққан жазушы, тіл маманы, кітаптарға рецензия жазушы): «араб тілін үйрену – мұсылмандарға бекітілген сүннет, ал арабтарға – міндет. Оған дәлел – Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірі. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) барлық сөйлеген сөздері арабша еді. Тамақ жеген кезде де, мәжілістерде де, соғыстарда да, әңгімелерінде де, уағыздарында да – барлық кезде араб тілінде сөйледі», - дейді. Ал бізге араб тілін үйренуге қызығу үшін осының өзі жеткілікті емес пе?

Оның араб тілімен танысуы сонау мектеп дәуренінен бастау алады. Аталарымыздың молда болғаны, үйде түсініксіз араб қаріптермен жазылған қолжазбалар қалдыруы – сол тілді тануға деген қызығушылықтың алауын тұтатса керек. Саналы түрде өмір мәнін іздеп, ата-тегімізге тартып ұрпақ болайық деп, маңдайымызды сәждеге тигізген күннен бастап, Құран түскен ғажап тілмен терең байланыс орнап, бүгінге дейін жалғасып келуде.

Мектеп жасында дін туралы ізденісі күшті боп, кириллицада Құран жаттай бастады. Өзіне көбірек алып Рахман (Ар-Рахман – қасиетті Құранның 55-сүресі, 78 аяттан тұрады, атауы «ерекше мейірімді» деген мағына береді) сүресін байқап көрмек болды. Видеоға түсіріп, Мишари Рашид (Мишари Рашид Әл-афаси – әлемдік танымал Құран хафизы, қари, түрлі нашидтер орындаушысы) сынды оқыды деп ойлап, әлеуметтік желілердің біріне сол видеоны жіберді. Ертесіне видеоның астындағы пікірлерді қараса, бір үлкен кісі «Мынау не масқара?! Қате-қате...», - деп жазған екен. Видеоны алып тастауды сұрады парақша әкімшілерінен. Өзінің қатты көңілі түсті, алайда сол пікірдің де өмірінде алатын орны ерекше болды дер еді. Асылында, біздің қателіктерімізді айтқан адам – бізге үлкен көмегін тигізген адам. Мейлі бала көңілмен болсын, сол уақыттан өзіне Құранды түпнұсқадан дұрыс оқимын әрі араб тілін үйренемін деген мақсат қойды. Маңдай жерге тиіп, Құдай алдындағы құлшылығымызды орындау барысында тура осылай сұрайтын: «Я, Раббым! Маған Құранды дұрыс оқуды, араб тілінде еркін сөйлеп, бәрін түсінуімді нәсіп еткейсің!»

Шынайы етілген дұға – өмірдегі ғажайып өзгерістердің бастауы. Ол кезде шығыстанушы-арабтанушы боламын деген ой былай тұрсын, ондай мамандықтың барын да білмейтін.

Алла қалап мектепті бітірді. Таңдған пәні – ағылшын тілі болатын. 10 жасынан шетелдерде жүруді, халықаралық қатынастар бағытында болуды қалады. ҰБТ-дан 101 балл жинап, мемлекеттік грантқа түсемін бе деп жауабын тосты. Алайда газеттегі тізімнен өз есімін таба алмады. Қазір сол кезде грантқа түспегеніне шын жүректен қуанатын тіпті. Бізге ненің қайырлы, ненің қайырсыз екенін Жаратушымыз жақсырақ біледі. Әке-шешесі «Оқитын болсаң, қалай да оқытамыз» деп демеу берген соң, ақылы түрде оқуға түсу үшін елордамыз – Астана қаласына жол тартты. Білім үшін деп, үйден ажырап, сапарға шыққан алғашқы кезі еді. Пойыз вагонында жатып Духа сүресінің (Духа сүресі – қасиетті Құранның 93-сүресі, 11 аяттан тұрады, атауы «Сәске уақыты» деген мағына береді) алғашқы бес аятынан шабыт алып, қайта-қайта оқып, мән-мағынасына ой жүгіртіп, телефонының ескертпе бөліміне теріп ажызп алған екен. Жылдар өтіп, сол ескертпелерді қайта ашып қараса, алғаш білім сапарына шыққан кезі еске оралады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 35 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: