22:17 Тіл біл | |
ОРЫС ТІЛІ Енді бүкіл нәрсені орын-орнымен түсініп алған соң, орыс тілін жетілдіргісі келетін құрметті оқырманға өз тәжірибелерінен өткен бірнеше кеңестер мен тәсілдер бере кетелік. Оларға сауал беріп, орыс тілі жайында сұрайтын жандардың көбі орысша білетінін, түсінетінін, бірақ сөйлей алмайтынын айтады. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғанына отыз жылдан асып кетсе де, көптеген телеарналар, халықтың тұтынатын контенті орысша. Сол себепті адамдарда тұтыну бар да, сыртқа шығару жоқ. Тыңдайды, естиді, түсінеді, алайда сөйлей алмайды. Сөйтіп үйренуді қаласа, қатемен болса да сөйлей беру қажет. Тілді дамытуды тежейтін ең негізгі фактор – ұялу. Бұл жерде меңзелгені иман ұяты емес, Абай атамыз айтқан надандықтың ұяты. Табиғаттың болмысына да қарасақ, кішкентай бірінші сөйлеп үйренеді, сосын барып дұрыс сөйлеп үйренеді. Кез келген жаңа тілді үйренгенде осы қағида бұлжымастай жұмыс жасайды. Егер де бір қазақ орысша сөйлеп қателескен кезде басқа бір қазақ үстінен күлер болса, онда екінші адамның әлі құлдық санадан босай алмағанының көрінісі болады. Тіпті ондай адамдар қазақи акцентке де күлуге даяр. Алайда, шындап келгенде, өзінің кеудесі бос, аянышты жағдайда екенін ұқпайды. Орыс тілі – әлемдегі ең қиын тілдердің бірі болып есептеледі. Владимир Познер (Владимир Познер – Францияда туған американдық және ресейлік журналист. Әкесі католицизмді қабылдаған еврей, анасы француз. Владимир Познердің өзі 6 тілді білетін плоиглот) оған ұнайтынөзінің бір сұхбатында күле отырып орыс тілінің кей тұста қисынсыздығын, күрделілігін, сонымен қоса әдемілігін айтады: Орыс тілін енді үйреніп бастағанымда күн сайын 10 сөзден жаттап отырамын деп жоспар қойдым. Орыс тілінде кітап оқып, сондағы түсінбеген әр сөзді теріп жазып, сөздіктен аудармасын іздейтінмін. Сол кезде көптеген түсініксіз нәрселерге тап болатынмын. Мысалы, «на углу» дегенді көрсем, сөздіктен «углу» деп іздейтінмін. Мен оның «угол» екенін қайан білейін? Ана тілім – француз тілінде ондай ретсіздік жоқ, ал ағылшын тілінде мүлдем кездестірмейсіз. Алайда осылай-осылай ақырындап бұл тілді игере бердім. Орыс тілін үйренуші шетелдік адам үшін 3 қиын белес бар: 1) склонение – не үшін керек, не үшін олай болу керек, түсініксіз; 2) шақтар (времена) – (совершенный, несовершенный( деген нәрсені түсініп болмайсың, маған таныс тілдердің ешбірінде ондай сұмдық жоқ; 3) қисынсыздығы (логика жоқ). Латын тіліне негізделген тілдердің бәрінде логика бар, себебі латын тілінің өзі – логикалық тіл. Не нәрсенің не үшін олай екенін оңай түсінуге болады, ал орыс тілінде ондай логика жоқ. Мысалы, менің немерем бар, Германияда туған. Ол менен «Турция» деген атау туралы сұрайды. «Неге елдің аты орысша «Турция»? сонда ол жақта «турцы» тұра ма?» «Жоқ», - деймін. Онда «турки» тұрады». «Ендеше, логикаға салсақ орысша «Туркия» болуы керек емес пе?» Шынында, айтып тұрғаны рас. Орыс тіліндегі осы сынды дүниелерден көз аша алмайсың. Енді орыс тіліндегі апта атауларына келетін болсақ. Латын тіліне негізделген тілдердің бәрінде апта атаулары ұқсас келеді. Lunedi – Martedi – Mercoledi – giovedi – Venerdi (итальян тілі), Lundi – Mardi – Mercredi – Jeudi – Vendredi (француз тілі). Бәрі «di-di-di» деп жалғасып кете береді. Ағылшын тілінде де солай, барлығы «day» сөзімен аяқталады: Monday – Tuesday – Wednesday – Thursday – Friday – Saturday – Sunday. Неміс тілінде де тап солай. Ал орыс тілінде ше жарайды, понедельник пен Вторник – екеуі де «ник» боп тұр екен. Среда деген қайдан шықты? Четверг, Пятница, Суббота, воскресенье – дым байланыс жоқ. Есте сақтау қиын, не нәрсеге жармасып, неден ұстарыңды білмейсің. Бірақ осының бәріне қарамастан, орыс тілінде өзіндік бір әсемдік бар. Сол себепті болар, әкем маған орыс әдебиетін көп оқып беретін. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |