15:30 Тарихи түптөркін | |
Аяқтуайт – тау, биіктігі 692,4 м. (Бастуайт тауының сілемі) Қарқаралы ауд., Қарағанды обл. Бұл тауды «аяқ-ту-ай» (т) тұлғасындағы этнотопоним» деп түсірдіру бар. Атаудың бірінші сыңарындағы «аяқ» сөзі «төменгі жақтағы» деген топонимдік мағынаға ие деп қарасақ, оның «туайт» сыңарын Таулы Алтай, Шығыс түркі тілдеріндегі «табат» топонимінің параллелі, ол негізінен монғолдың давтай (<dobutai) – «оталы, төбелі, қыр, қыратты» сөзінің дыбыстық тұлғадағы өзгерген түрі деп қарауға болады. Демек, атаудың «туайт» сыңары монғолдың dobutai сөзінің дыбыстық тұрғыдан өзгерген түрі деп білеміз. Олай болса, «Аяқтуайт» - «төменгі жақтағы төбелер мен жота, қырлар» деген мәнге ие деп жорамалдаймыз.
Аят – с., өзен; көл; Денисов ауд., Қостанай обл. және Солтүстік Қазақстандағы жұмысшы кентінің аты. Әйет өзені – Тобыл өзенінің сол жақтағы ірі тарамы. Ресей Федерациясының Свердлов облысында Аят деген көл, одан ағып шығатын өзен және көл мен өзен атынан қойылған жұмысшы кенті бар. Біздің байқауымызша, осы Аят атауы мен Қостанай облысындағы Әйет атауы, фонетикалық тұрғыдан жуан әрі жіңішке тұлғада айтылғанымен, бір атау, яғни Аят екені анық та айқын. Бұл атаудың түркі тіліне тән екендігін XVII ғ. Ресей ғалымдары дәлелдеген. «Юрт в поле на озере на Аяте, живут татаровя и остаки», - пікір барын тілге тиек ете отырып, А.К.Матвеев: «Аят – «құран қағидасы» дегенді білдіретін араб сөзі екендігін айтқан В.А.Ложкин», - деп жазды. Е.Қойшыбаев бұл атау жөнінде: «Аяз тұлғасындағы көне түр. Қазақ тілінің аяққы (тіс алды еріндік) дз дыбысты тіс алды қатаңға айналып, аят формасын қабылдаған түрі. Мағынасы «алаң, жазық», - деп жазды. Б.Ілиясовтың: «Әйет жеті тармаққа бөлінеді: Аршалы Әйет, Қарағайлы Әйет, Қамысты Әйет, Мұқыр Әйет, т.б. «Жеті көл» мәніндегі түркі сөзі», - деген пікірін Б.К.Бектасова өз еңбегінде келтіргенмен, осы Аят / Әйет атауы жайлы өз пікірін айтпаған. Біздің пікірімізше, бұл атау көне түркі-монғол тілдеріне тән. Өйткені оның «Аян» тұлғасы өзен, көл аттары ретінде якут, бурят тілдерінде бары, Таймырда Аят атты өзен, көл, Байкал көлінің солтүстігінде, Иркут облысында Аян өзені, Колымада Аян-Юряк өзені, Камчаткада Аянка өзені бары географиялық картада көрсетілген. Якут тілінде аян – «құрғап қала беретін шағын көл, кететін су арнасы» деген мағынаға ие. Біздің пікірімізше, Әйет (Аят) ру атынан не кісі атынан қойылған атау болса керек.
Әулиекөл – Қостанай облысындағы көл; елді-мекен. Халық аңызында: «Көл бір күнде аяқ астынан құрғап, жоқ болып кетіпті де, түнде қайтадан пайда болыпты. Содан соң оны Әулиекөл атап кетіпті». Атаудың құрамындағы әулие сөзі – арабтың «қасиетті, киелі адам, қыдыр» дегені, «көл» - төл сөзіміз. Көлді халықтың бұлацша атауы – оның басқа да қасиеттеріне, әсіресе емдік, шипалық ерекшеліктеріне де байланысты болса керек. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |