19:39 Тарихи түптөркін | |
Арғанаты – тау, Ұлытау ауд., Қарағанды обл. Атаудың шығу төркінін талдаған ғалымдар халық этимологиясындағы: 1) «арғын ата»; 2) «арыған ат» сияқты болжамдарды көрсетеді де, ғылыми этимология бойынша: «монғол тілі негізіндегі арга // аргалын тұлғасына түркі тілінің ты (ту < -ту < тау) морфемасының қосылу нәтижесінде жасалған «арқартау» мағынасындағы атау ретінде пайымдайды. Бұл пікір бұдан он жыл бұрын айтылған А.Әбдірахмановтың ой толғамын қайталау сияқты. Онда: «Атаудың түбірі арғана көне алтай заманында «арқар», «тау ешкі» ұғымын білдіріп, кейін монғол тілінде «арғал», ал түркі тілінде «арқар» түріне көшсе керек. Ал –ты жұрнағы – осы заттың бар екендігін білдіретін, Алматы, Бұғыты, Ырғайты тәрізді атауларда сақталған туынды сын есім жасайтын көне жұрнақ», - деген еді. Тау аты арқар сөзімен байланысты да болуы мүмкін. Бірақ та тау атының, оның табиғи құбылысына, көрік-кескініне де байланысты аталу жиі кездесетін жайт екенін ескеру қажет сияқты. Мәселен, Алату, Қаратау. Біздіңше, атаудың арған сыңарыың түп төркіні – «арқа». Оның тура мағынасы – «ту сырт, арқа» болса, географиялық термин ретінде түркі тілдерінде: арга, арқа, аркан тұлғаларында келіп, бірнеше мағынаны білдіретінін көреміз. Мысалы: тува, хакас тілдерінде: арга – «тау орманы», «тайга», «көлбей созылған қыр, қырат, жота», алт. арка – «тау етегі», «орманның терістік жағы», ноғай, құмықша арка – «қорған», «шың», «таудың ұшар басы», «тау тізбегі», «таулар», башк. арка – «тау жылы», «биікті», эвен. аркан – «арқа», «иін». Бұл дәлелдерге сүйенгенімізде, Арғанаты атауының бірінші сыңарындағы арған (арқан, арқа) сөзін «тау қыраттары, сілемі, тізбегі» деген мағыналы сөз деп білеміз, ал екінші құрамдағы ат тұлғасын көне түркі алтай дәуіріне тән көптік жалғау көрсеткіші деудің реті бар. Ол жалғауды Арқат, Дарат, Нұрат және Дулат Керейіт тәрізді жер-су, ру аттары құрамынан көреміз. Ал атау соңындағы ы – кейінгі кезеңдерде қосылған қосымша. Демек, Арғанаты атауы «бір-бірімен жалғасқан тау тізбектері, қырат-жоталар, тау сілемдері» деген мағынаға жуық.
Арқа – республикамыздағы ірі географиялық объект. Бұл Сарыарқа деп те аталып, тұтас алғанда Орталық Қазақстанды білдіреді. Арқа туралы осы өңір түлегі, оның географиясын, ел-жұртын жетік білген Құрбанғали Халидтің 1910 жылы жарық көрген «Таварих-и Хамса-йи шархи» атты еңбегінде деректер бар. Ал Б.Х.Қармышева мен Ж.Х.Қармышева мына төменгі үзіндіні келтіреді: «Алтай мен Орал аралығын алып жатқан, қашықтығы 2500 км зор аймақ: Оң Арқа және Сол Арқа (Оңтүстік Арқа және Солтүстік Арқа) деп екіге бөлінеді. Осы аймақта көшіп-қонып жүрген тайпалардың бәрі Арқа елі деп аталады. Және де олар өзара тау елі, ой елі деп бөлінеді». Әбілғазы Бахадурдың «Түркімен шежіресі» атты еңбегінде Арқа // -Дешті // - // Қыпшақ деген үш сөзді бір топонимдік атау ретінде қолданған. Осы көрсетілген Арқа сөзін А.Н.Кононов әуелде «северный», соңынан «север» деп аударған. Арқа – Орталық, Шығыс және Солтүстік Қазақстанды қамтитын ірі де үлкен аумақ. Арқа сөзі түркі тілдерінде көбіне географиялық термин ретінде қолданылады. Қарақалпақ. арқа «арқа тұс, сырт жақ», түркімен. арга – «солтүстік», тув. хакас. арго – «тайга», «тау орманы», «созылып жатқан жон», якут. арга – «арқа», «сырт жақ», «батыс», башк. арка – «тау жалы», «биіктік», монғ. ар – «арқа», «арт жақ» «солтүстік», қырғ. арка – «солтүстік». Бұл дәлелдерге қарағанда, «арқа» сөзінің түркі тілдерінде ерте замандардан барын көреміз. Осы көрсетілген мағыналардың ішінде, Ә.Нұрмағамбетовтың байқауынша, Арқаға сәйкес келетіні «батыс» немесе «солтүстік» ұғымдары. Демек, Арқаның алғашқы мағынасы қазіргі кездегі «батыс» не «солтүстік» ұғымы болмақшы. Бұл өлкедегі Жаңаарқа, Сарыарқа, Арқалық атауларының жасалуына да осы «ар-қа» сөзі негіз болған. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |