22:50 Тарихи түптөркін | |
Алтай – терістік жағы Ресей, шығысы Қытай, оңтүстік-шығысы Қазақстан Республикасындағы биік таулы аймақ. Ресейдің Алтай өлкесі Таулы Алтай автономиялық облысын қамтиды. Алтайдың терістігінде, Таулы алтайда Катунь, Чуй, Би өзендері Обь өзеніне құйса, Бұқтырма өзені Шығыс Қазақстанға қарай ағады. Алтай атауының этимологиясы туралы В.В.Радлов, В.В.Владимирцов, Ғ.Қоңқашбаев, В.А.Никонов, Г.И.Рамстедт, М.Рясенен, А.Әбдірахманов, т.б. ғалымдар пікірлері әр алуан. В.В.Радлов Алтай – ал (биік) + тай (тау) сөздерінен жасалғанын, Ғ.Қоңқашбаев бұл моңғолдың алт (алтын) сөзі мен тай («та» + «сы») жұрнағының қосылуынан туындағанын, Э.Мурзаев алтай моңғ. «таулы ел», «бай тау» деген сөз екенін пайымдайды. Осы пікірлерді қуаттай отырып, А.Әбдірахманов: «Алтай» атауы көне түркі-моңғол тілдеріндегі алтын (н) > алта (н) түбіріне ай/й жұрнағы қосылу арқылы жасалған. Сонда көне Алтай атауы алтын (тау) деген мағынаны білдіреді», - дейді. Біздің ойымызша, Э.Севортян айтқандай Алтай атауының ал сыңары көне түркі тілдерінде «қызыл», «алтын» мағынасындағы лексикалық бірлік, дербес сөз болған. Атаудың екінші сыңарындағы тай сөзі көне түркі тіліндегі тағ (тау) сөзінің кейінгі кезеңдерде дауыссыз ғ дыбысының жартылай дауысты й дыбысына алмасуынан туған. Демек, Алтай – «қызыл, қызғылт», яғни «алтын тау».
Алтуайт – тау, биік. 560,1 м. Қарағанды обл., Жаңаарқа ауданында. Е.Қойшыбаев бұл атауды көне түркі тіліндегі ал-ту-ай [т] элементтерінен құралған «алтай айлары» этнотопонимі мәнінде екенін жазады. Ал жергілікті халық аңызы бойынша, Ақтоғай ауданы жеріндегі биік құз, терең аңғарлы осы таудың озық бір сайында Алтыуайт деген батырды таулар өлтіріп, тау сол батырдың атымен аталған көрінеді. Біздің байқауымызша, халық аңызы материал шындыққа жанасымды әрі анық, нақты сияқты.
Алтынемел – тау, Кербұлақ ауданы. Осы таудағы Емел өзені алакөлге құяды. Бұл сөзді тіл мамандары моңғол (бурят, қалмақ) тіліндегі эмэл – «ер» мәніндегі сөз деп қарайды. Оны тұңғыс-мәнжүр тіліндегі эмэген – «ер» сөзімен де төркіндес деп есептеуге болатын сияқты. Моңғолияда эмэл сөзі тау асулары мен бел-белестердің атау-терминдері ретінде қолданылатыны да мәлім. Мәселен, Эмэл асуы Қырғызстанның Қабақ тауында, біздің жерімізде Жоңғар Алатауында, Чита облысында Алтын-Эмель тауы барын картадан анық көреміз. Атаудың бірінші сыңары – күллі түркі тілдері мен моңғол тіліне ортақ сөз. Ал екінші сыңардағы моңғолдың эмэл // бэл (седло; седловина; склон горы) сөзінің мағыналары жақын. Бірақ та түркі тілінде altin (ын) aldan + «төмен, төменгі»; «төменде, төменгі жақтан» деген сөз барын есепке алу қажет сияқты. Синьцзяндағы Алтын-Артуш – «төменгі Артуш» мәніне ие екенін көреміз. Демек, Алтынемел атауындағы алтын (алдын) сөзін – «төменгі, төменгі жақ» деп ұғатын болсақ, онда атаудың мағынасы «төменгі, аласа асу, бел» деген мәнге ие екені байқалады. Көлбей созылып жатқан тау ортасындағы ерге ұқсас аласа асу жер бедеріне толық сәйкес келеді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |