11:35 Тарихи түптөркін | |
Айтағы – тау, биік. 499,9 м. Қарағанды обл., Жаңаарқа ауданында. Е.Қойшыбаев бұл атаудың шығу жайын: «Көне түр. ай этнониміне тағ («тау») терминін жалғау арқылы жасалған атау. Этим. «Ай» тауы», - деп түсіндірген. Бұл пікірге қосылмауға да болады. Себебі мынау: Ерте заманда, түркі халықтары шаман дінін ұстаған кезде Ай «сұлулықтың», «көркемдік пен әдеміліктің» символы болған және Айға табынған, «әулие», «пір» тұтқан. Сондықтан да балаларға Айтолды, Айтуды, Айкүміс, Алтынай деген есімдер қойып отырған. Әлі күнге дейін ел арасында: «Ай көрдім, аман көрдім, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа», - деп, жаңа туған айға қарап сыйыну дәстүрі бар. Демек, Айтағы атауы «қасиетті тау», «сұлу тау» деген мағынаны білдіреді. Атаудың екінші құрамындағы тағ // тағы – қазіргі тіліміздегі тау сөзінің көне тұлғасы, сөз соңындағы ы – тәуелдік жалғау қосымшасы.
Ақасық – тау, биік. 366 м. Қарағанды обл., Жезді ауданында. Атаудың бірінші сыңарындағы «ақ» сөзі географиялық термин ретінде «ақ түс», «мөлдір», «үлкен, кең, жазық» мәндерінде жиі қолданылады. Ал екінші сыңарындағы асық сөзі көптеген түркі тілдерінде «өзен алаптарының кең де жазық тұсын» білдіреді. Алт. диалект ажык – «асу», хакас. – азых – «жазық, жайдақ асу». Бұл мағлұматтарға және таудың аласа болуына (366 м ғана) қарағанда, ақасық атауы «жайдақ, аласа асу» деген мағынаға ие екенін көрінеді.
Ақбас – сай, Баянауыл ауд., Павлодар обл. Баянауыл ауданының Жосалы ауылы. Атаудың бірінші сыңарындағы ақ сөзінің топонимдік мағынасын бұған дейін де талай рет айтылған. В.Н.Попова Павлодар облысының солтүстік аудандарында қыпшақтар тұрғандығын, оның бір атасы айбас-ақбас аталғанын, ал сай атының сол атаумен аталуы мүмкіндігін, олай болса, Ақбас «этнотопоним болуы мүмкін» екенін топшылайды. Ақбас деген атаудың басқа облыстарда кездесетінін ескерер болғанда, пікір жанасымды сияқты.
Ақдомбақ – сай, Май ауд., Павлодар обл. Бұл елді мекеннің осы сай атымен аталғаны белгілі. Атаудың бірінші сыңарының мағынасы белгілі болғанмен, екінші сыңарындағы домбақ сөзінің түркі, фин-угор, үндіеуропа тілдеріне ортақ домба, томба, тумб, тумп тұлғаларында кездесетін сөз екенін, оның «жота, төбе, биіктік, шоқы» мағыналарында қолданылатынын сол тілдердің сөздіктерінен анық көруге болады. Э.Мурзаев көрсеткендей, әзірбайжан тілінде де солай, қазақ тіліндегі томпақ, төбе сөздері де осы мағынаға ие. Демек, Ақдомбақ атауы – «ақ төбе, ақ шоқы деген мағынаға ие деп білуге болады. Тіліміздегі Ақтөбе, Ақшоқы атауларымен төркіндес, мағыналас.
Ақдым – тар., тау, биік. 879 м. Ер.-тау ауд. Тура, дұрыс тұлғасы, бастапқы қалпы Ақдің не Ақдың болуы керек. Мағынасы: «ақ шоқы», «ақ биік», «ақ төбе». Бұл атау орысша Белая сопка деп аталып, одан кейін қазақтың «дің», «дың» сөзі орысша «дым» сөзіне айналып, қазақша Ақдым болып өзгеріске ұшырап қалыптасып кекен. Осы жасанды Ақдым атауы қайтадан орысшаа аударылып Белодым түрінде қолданып жүр. Ал дің, дың сөздері түркі, иран тілдерінде дын, тын, тон, тум тұлғаларында кездеседі де – «тау, дөң, шоқы, жота, биік, төбе» мағыналарын білдіреді. Ғ.Қоңқашбаевтың пікірінше: дің сөзі – дөң, биік жота дегенге сай. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |