14:50 Тарихқа тағзым | |
БОЗДАҚТАР ДА ӨМІРГЕ ҚҰШТАР ЕДІ «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ» дегеніміз тағы
бар. Небір зор оқымысты тарихшылардың ықылымдық-заманалық қолжазбаларының
таңба-сиясы мәңгі болып басылған-жазылған құдіретті тарихымыз біздің!
Барсакелмеске мақұрым кеткен кеңестік бодандықтың кесапатынан жалған сипатта
бұрмаланып, бабалар аңсаған Тәуелсіздік таңынан бері қарай шындықтың ащы-тәтті
дәмін сезіп келе жатқан қазақ тарихының әлі де айқын ашылып болмаған я жабулы
қазан күйіндей жұмбақ тұстары жетерлік. Бұқаралық ақпарат құралдарында небір
тарихи оқиғалардың, бірегей тарихи тұлғалардың елдік-отансүйгіштіктің кәусар қайраткерлік
қауқары хақындағы жадығаттар қасиетті тарихымызға жаңаша түрде үнілуге
шақырады. Ой-санаға қайғы-қасірет ұялататын ел басынан өткен тарихи
жайттың бірі ХХ ғасырдың 30-жылдардағы Кеңес өкіметінің қолдан жасалған аштық
һәм саяси қуғын-сүргін болып табылады әманда. Қазақ ұлтының зиялы да, қарапайым
да қауымын жер бетінен осындай опасыздықпен құртудың қитұрқы әрекеті, өкінішке орай,
сан жағынан жүзеге асырылған-ды. Миллиондап қырылған қандас боздақтарымыздың
титтей болсын кінә-күнәсі жоқ еді ғой. Олардың ішінде он екі түнде гүлі ашылмай
кеткен балдырған-балғындар мен бозбала-бойжеткендер, бала-шағасының қызығын
көруге үлгермей кеткен отбасы-жанұялар, елінің баянды болашағына ой һәм
бойындағы қайраткерлігін сарп етуге барын салуға әрекеттенген зиялы қауым –
бәр-бәрі өмірге құштар еді. Қазіргі қазақ әдебиетінде тарихи ақиқат ізінше
дүние келген көлемді-шақталған көркем туындыларда аштық боздақтары және саяси
қуғын-сүргін құрбандары турасында қорқынышты-үрейлі көріністер оқырманның көз
алдында. Ал деректі фильмдердегі қазақтың ен даласында қаптаған аждаһадай
лагерьлердегі оқиғаларды тыңдап көргенде бойды тітіркену амалсыз жаулайды. Былтырғы жылдың 31 мамырында Бесқарағайдан шығысқа қарай
төрт шақырымдай жерде жатқан кезіндегі мал қыстағы болған Байқадам атты жерде
1930-1932 ж.ж. аштық құрбандары болған боздақтарды еске алуға арналған Белгітас
ашылған болатын. Себебі тарихи ақиқат дәл осы тұста аштықтан қырылған
қандас-бауырлар бір-ақ қара жер құшағына тапсырылған көрінеді. Көнекөз қариялар
өскелең ұрпақты әдет-ғұрыптық тұрғыдан ауызша ескертіп отыратын. Биылғы жылдың
31 мамырында осынау тарихи орынға Лебяжі ауданы әкімі Құрманова А.А. һәм
ауданымыздың бірқатар зиялы қауымы, Бесқарағай ауылында сондағы қасіретті
күндердің куәсі болған Жүнісова Бизат әже, басқа да бесқарағайлық тұлғалар
темір тұлпарлардың бастарын тіреп, көздеріне жас ала тағзымдады. Ауданымыздың бас-көзі Айзада Амангелдіқызы өз сөзінде бұл
тарихи қасіреттің сол кезде ел қабырғасын ойсырата қақыратып кеткенін айта
келе, әлі де ескерусіз қалған аштықтың зират-қорымдарын зерттеп, онда да
осындай Белгітастар орнату қажеттігін қайраткерлік тұрғыдан нықтады. Ұстаз
ардагер Ақатаев Д.А. да өз кезегінде боздақтарды тебірене еске алып, болашақта
бұндай келеңсіздіктер болмасын деген тілегін жеткізді. Сонымен бірге
Бесқарағайдың батысындағы ескі қазақ зират басына да, шешендердің қабірстанына
да барды, өйткені мұнда да аштықтық боздақтары жер жастанған болатын. Подпуск
жақта да ескерусіз қалған зират орны бар екен. Сол тұста да Белгітас орнатуды
аудан әкімі Бесқарағай ауылының әкімі Балтабаев Е.Н. тапсырды. Ал Аққудағы
мешіттің бас имамы Байқадамдағы, Бесқарағайдағы боздақтар рухына құран
бағыштады. ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Бесқарағай
ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы | |
|
Всего комментариев: 0 | |