18:06 Тамыз маслихаты қарсаңында | |
БҮГІНІМІЗ - КЕШЕГІ һәм ЕРТЕҢГІНІҢ КӨПІРІ
Адам баласының қасиетті міндеті- дүниеге ұрпақ әкеліп, артына із қалдыру. Бала тәрбиесі қиын да күрделі үдеріс. Жер бетінде қазақтан асқан балажан халық жоқ. Неге десеңіз, «бала- бауыр еті», «балалы үй- базар» деген халықтың бір қызын бір ауыл болып тәрбиелейтін өзіндік үлгісі әлемнің өзге бірде бір жұртында кездеспейді. Жас ұрпақтың азамат болып қалыптасуы, дамуының түп тамыры тәрбиеден бастау алатыны әуелден белгілі, сондықтан тәлім-тәрбие тұрғысынан отбасы-мектеп-қоғам үйлесімі ерекше назар аударуды қажет етеді. Отбасы – болашақ жеке тұлғаның негізі қаланатын қоғамның бастауыш құрылымы, баланың алғашқы ұжымы, оның табиғи даму ортасы. Жас ұрпақты тәрбиелеу проблемаларына көңіл бөлуді күшейту, балалар мен жастарға тәрбие беру – ата-аналар мен мектеп ұжымының, әлеумет пен қоғамның міндеті. Отбасы баланы, өскелең ұрпақты әлеуметтендірудің ең бастапқы ұясы ғой. Отбасында ата-аналар мен балалардың бір-біріне деген бауырмашылдығы мен сүйіспеншілігі, қамқорлықтары мен қарым-қатынастары тап-таза әрі табиғи арнасында түзіледі. Осыған орай, отбасының әлеуметтік қызметі балаларды біртіндеп өмірге бейімдеп, қоғамдық ортаға төселдіре білуінен көрінеді. Отбасында өнегелі тәлім-тәрбие ала білген бала өз ортасында сыйлы, қадірлі, өзі өмір сүріп отырған қоғамның дамыған мүшесі болып қалыптасады. Ата-ана тәрбиесі қоғамдық тәрбиемен ұштасады. Бірін-бірі толықтыра түседі. Отбасы тәрбиесі терең ата-аналық сүйіспеншілік пен қамқорлыққа толы болса, қоғамдық тәрбие балаларды өзін көпшілік ортада ұстай білуге тәрбиелейді. Отбасын бала тәрбиесіне жұмылдыру мектеппен, қоғаммен бірге байланыс жасауды талап етеді. Әсіресе, ата-аналарды мектептен тыс жүргізілетін тәрбиелік шараларға тартқанда, балалардың атамекені – Қазақстанға, аймағына, ауылына деген сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерін оятатын, Отанға, қоршаған ортасына пайдасы тиетіндей тәрбиелік шараларды жиі-жиі ұйымдастырып отыра білуге бейімдегенде сол байланыстың пайдасы шаш-етектен болады. Отбасы үшін де, мектеп үшін де, бүкіл қоғам үшін де бала тәрбиесі жан-жағынан басты назарда болуы тиіс. Бұл бұлжымас қағидатты өзіндік даму даңғылы бар Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі де ұстанып келеді. Себебі өскелең ұрпақтың бүгіні мен ертеңі кез келген қоғам мүшесін бей-жай қалдырмайды. Ауылдағы әрбір отбасы мектепте білім-тәрбие жинап жүрген баласы үшін қолдан келетін көмек-қолғабысын ұдайы жасап отырады. Әсіресе, шағын орталық пен мектепалды даярлық топтарындағы балғын-бүлдіршіндер үшін жасалатын қыруар жұмыс-әрекеттерді жүзеге асыруда отбасылардың атқарар рөлі керемет. Буыны қатпаған бала үшін отбасылық, қоғамдық және мектептік ынта-назар – таптырмас қуат, желпіндірер медет. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде жемісті жұмыс істейтін қоғамдық құрылым – ата-аналар комитеті. Аталмыш комитеттің мектеп өміріне белсене араласуымен көптеген жұмыстар атқарылады. Атап айтқанда, тоқсан сайын ата-аналар үшін ашық есік күндері ұйымдастырылады, отбасы күндері тағылымдық-тәрбиелік тақырыптарға ойталқы, пікірталас өткізіледі, балалар, мұғалімдер, ата-аналар бірлесіп табиғат аясына серуенге шығады, онда экологиялық тәрбие жағы қамтылады, салауатты өмір салты насихатталады. Ата-аналар мерекелік іс-шараларға да, спорттық іс-шараларға да белсене қатысып тұрады. Айталық, Қазақстан Республикасы Ата Заңын, Тәуелсіздігін атап өту шараларында өнерпаз ата-аналар белсенділік танытады. Жалпыхалықтық мерекелер – Жаңа жыл, Наурыз-мейрам, Аналар мерекелерінде тәрбиелік тәлімі мол ашық тәрбие сағаттары ата-аналарсыз өтпейді. Тәртіп бұзушылықтың алдын-алу мақсатында, қиын балаларды жөнге салуда да ата-аналардың рөлі зор. Бұл бағытта «Ақсақалдар алқасы», «Әжелер мектебі» атты мектеп жанындағы қоғамдық-отбасылық клубтардың игілігі мен ірілігі тәуір. Селолық округ, учаскелік инспектор, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының Бесқарағай ауылы бойынша бастауыш партиялық ұйымы мектеппен, ондағы ата-аналар комитетімен бірлесіп жұмыс атқарады. Жалпы алғанда, ауылдық мекен болғанмен, біздің мектепте оқушылардың білім алуына, тәлім жинауына қажетті мүмкіндіктер барынша жасалып отыр. Дегенмен әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар. Оқушылардың адамгершілік-рухани, шығармашылық-тұлғалық қабілеттерін дамыту мақсатында әлі де түрліше үйірмелердің, клубтардың, секциялардың жұмысын нығайту керек. «Ұлы сөзде ұят жоқ» деген халық сөзін тілге тиек ете отырып үлкен сахна төрінен бір отбасының ата-анасы ретінде айтар мынадай өтініш-тілегім бар: аудан орталығында дарынды да талантты балаларымыздың шығармашылық қабілеттерін дамыту, мақсатында «Балалардың шығармашылық Үйін» ашуға мүмкіндік болса деймін. Осы жолда аймақ басшысы, аудан әкімі мұрындық болса, осынау игі бастамаға үндеу және қолдау жасайтын іскер азаматтар табылатынына еш күмәнім жоқ. Сонымен қатар өскелең ұрпақты оқыту-тәрбиелеу жолында ауылдық әкімшілік, ардагерлер кеңесі, жеке кәсіпкерлер тарапынан да қолдау, ұсыныс жүйелі түрде болуы тиіс дегім келеді. Асылында, «Баланы жастан» демекші ізімізді өкшелей басып келе жатқан бүлдіршін, балғын бала, бозбала мен бойжеткендердің еш уайымсыз, білім-тәлім жинауына қажетті мүмкіндіктерді әуелден бастап, шырқау шегіне дейін жасауды жіті назарда ұстап, Ұлы іске білек сыбана жұмылайық, отандастар!
Бесқарағай ЖОББМ ұжымы - Лебяжі АББ
| |
|
Всего комментариев: 0 | |