16:41
Тұтынушы табиғаты

БІЗДЕГІ «ҚАЗБЕК» ДҮКЕНІНДЕ

Жалғанды жалпағынан басып, тағдырлы өмірден несібесін айырып отырған әрбір тұрғынның күнделікті тірлікте әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктері бар әлбетте. Табиғи тұрғыдағысын былай қойғанда жасанды керек тұтыну заттарына деген сұраныс қызып тұр. Демек тұтынушы табиғаты түрлілігімен тамсандырады.

Ауылды мекен болсын, қалалы мекен болсын сауда-саттықпен айналысатын әлеуметтік-тұрмыстық орындардың маңызы зор. Нарықтық-экономикалық жағдайдың осыдан әлдеқашан орын алған тұрақсыз кезінде саудамен айналысатындарды «алыпсатарлар» десе, қазіргі таңдағы экономикалық сауаттылық әуелеуде жеке кәсіпкерлер дәрежесіне көтеріліп отыр. Олай болса, әлеуметтік тұрақталу болып табылатыны дау тудырмаса керек.

Бесқарағай ауылындағы «Қазбек» дүкенінің халыққа қызмет көрсете бастағанына он бес жылдың жүзіне айналды. Барлық талаптарға сай заңдастырылған осынау сауда-саттық орнының иесі болып жеке кәсіпкер Л.Қ.Ахметова табылады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының екінші жартысында қолға алған алған бұл ісін сәтті айналдырып, айтарлықтай дөңгелетіп әкетті. Бұл табыс көзіне білек сыбана ден қойған өзіндей өзгелермен қатар шет-шалғайдан ала қаптарды да аласапыран шақта тасып-тасымалдап, халықтың тұтынуына ұсынды. Содан бері қанша уақыт жылжып өте шықты...

Енді міне өз алдына дүкенге асқар таудай әкесінің атын берген Лаура Қазбекқызының сөзіне тоқталсақ, осы күндері аталмыш сауда орнынан тұтынушылар азық-түліктің һәм тұрмыстық қажеттіліктердің небір түрін қалта көтеретін бағамен алуға әбден болады. Сонымен бірге осынау дүкенмен аймақ орталығындағы «Гордиенко», «Золотой теленок», «Добрая рать» атты жеке кәсіпорындармен іскерлік байланыс әлдеқашан орнатылып, сүт, нан, консервіленген азық-түлік өнімдері балғын түрінде уақтылы жеткізіледі.

Аталмыш дүкеннің тұрақты тұтынушыларына айтарлықтай жеңілдіктер жасалады. Айталық, қажетті заттарды қарызға алып, артынан ақшадай қайтаруға болады. Арнайы тапсырыс арқылы да тауардың түр-түрін алдыртуға болады тағы. Әйтеуір, тұтынушы қауым дән риза «Қазбек» дүкенінің ұдайы сауда-саттық қызметіне.

Лаура Қазбекқызы жеке кәсіпкер тұрғысынан Қызылағаш ауылдық әкімшілігіне, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебіне әрқашан демеушілік көмек-қолғабысын жасап отырады. Мысалы, жаңа оқу жылының басында дәстүрлі түрде жүргізілетін «Мектепке жол» акциясы кезінде көп балалы, әлеуметтік мүмкіндіктері шектеулі жанұялардың оқушы жасындағы балаларына оқу құралдарын, киім-кешектерін алуға қамқорлық таныта жәрдемдеседі. Сонымен бірге ауыл көлемінде өткізілетін түрлі мерекелік шараларда демеушілік жағынан қолдаудан да құралақан емес. Жалғызбасты-жалғызілікті егде жандарға да азық-түліктерді арзандатылған бағамен тұтынуға тиек болады.

Бесқарағайда «Қазбек» дүкенінен басқа «Нұр», «Мират», «Алтын орда» атты жеке дүкендер бар. Дегенмен әңгімемізге тұздық болған сауда-саттық орнының мәртебесі қызмет көрсету мерзімінің ұзақтығына қарай жоғарырақ сыңайлы. Халық даналығының сөзімен түйіндесек «сауда мұраты – ұту». Тұтынушы табиғаты түрленуіне байланысты сауда-саттық көрсетудің сапасы да замана талабына сай өркендей берсін.

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяді ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1192 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: