18:16
Тәңіршілдік турасында

ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ

Тілші-лингвист Стефан Георгтің пайымынша, «Тәңірі» ұғымы прото-Енисей тілінде «жоғары құдірет» сөзінен келіп шыққан. Жалпы, Тәңір сенімі көне дәуірде көптеген халықтардың діни сенімі болғанымен, зерттеушілердің көпшілігі оның шығу тегі Сібір мен Алтайды мекендеген түркі қауымына тән екендігін алға тартады. Яғни, Стефан Георгтің пайымы өзге зерттеушілердің тұжырымына қарағанда, Тәңір ұғымын Сібір халықтарына телуімен ерекшеленеді. Бұл шындыққа жақын байлам болуы мүмкін.

Отандық философ Н.Әмреқұлов тәңіршілдік сенімін ғарыштағы Тәңірді жалғыз жаратушы деп танып, табиғат, жан-жануар, адам мен әлем арасындағы қарым-қатынасты реттейтін ілім ретінде бағалап, «Тәңір» сөзі «тең» және «ер» деген сөздерден құралған деп есептейді. Ал М.С.Орынбеков болса, «Тәңір» сөзін бүкіл әлемнің тең қарым-қатынасын білдіретін «тең» және Күн құдайының мағынасын білдіретін «Ра» сөзінің қосындысынан тұрады деп пайымдайды. Ш.Б.Амантурлин «Тәңір» термині қазақ тіліндегі бозала таңды білдіретін «таң» және кешкі ымыртты білдіретін «іңір» сөздерінен құралғанын айтады. Бұдан бөлек чуваш, татар, бурят, саха, ойрат т.б. түркі халықтарының сөздік қорында «Тәңір» сөзі кездеседі. Аталған түркі тектес ұлттардың тілін зерттеген лингвист-мамандар «Тәңір» сөзіне қатысты Н.Әмреқұлов, М.С.Орынбеков, Ш.Б.Амантурлин айтқан пікірге жақын мағынадағы пайымдаулар жасаған.

Нағында, түркілердегі Тәңір сенімі әу баста қандай діни наным еді? Тәңір сенімінің монотеизмге жақын екенін білдіретін дәйектер бола тұра, бұл сауалға нық сеніммен толыққанды жауап беру тым қиын. Себебі, Тәңір сеніміне қатысты ғылыми айналымда жүрген ой-пікірлер бірізді емес. Тек ғылыми айналымға енген қолда бар нарративті деректермен һәм қисынды талдаулармен Тәңір сенімінің ерекшеліктері туралы ғылыми жорамалдар жасауға болады.

Тәңір сеніміне қатысты кейбір мәліметтерге кәлам ілімі тұрғысынан жауап беретін болсақ, аталған діни сенімді монотеизмге жақындатуға ғылыми негіз жоқ емес. Маңызды деген деректер мен қисынды талдаулар арқылы Тәңір сеніміне позитивті көзқарас білдіруге болады. Мысалы, қасиетті жазбаларда Ұлы Жаратушының барлық ұлттар мен ұлыстарға илаһи сенімді хабарлаушы елшілер мен нәбилерін жібергендігі айтылады. Негізінде, діннің қажетті нормалары (теологиялық, ритуалдық, доктриналды, канондық т.б. атрибуттары) түгел болмаса, сондай-ақ, Алла Тағаладан түскен кітабы немесе елшісі мен нәбиінің болғандығы дәлелденбесе, ол сенімді илаһи (монотеистік) деп айту қиын.

Ұлы Жаратушы адамзатқа түсірген төрт кітаптың бірі Тәуратты – әзіреті Мұсаға, Зәбурды – әзіреті Дәуітке, Інжілді – әзіреті Исаға, Құранды – әзіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) түсірді. Жалпы, Құран-кәрімде 25 пайғамбардың аты аталады. Одан бөлек Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадистерінде адамзат баласына «Жүз жиырма төрт мың нәби, үш жүз он бес елші жіберілгендігі» келесі бір хадисте «Екі жүз жиырма төрт мың нәби, үш жүз он бес елші жіберілгендігі» айтылады. Яғни, Ұлы Жаратушыдан қасиетті кітаптар түсірілмесе де, қаншама пайғамбарлар монотеистік сенімді адамзатқа (өз қауымдарына) паш еткен.

Діни анақтамалық еңбектерде «расул» сөзі – Алла Тағаланың адамдар арасынан елшілік үшін таңдаған және уаһи арқылы Алланың бұйрықтары мен тыйымдарын адамзат баласына жеткізу міндеті жүктелген құлы әрі елшісі деп түсіндіріледі. Ал «нәби» сөзіне «Алланың бұйрықтары мен тыймдарынан хабардар етуші», «өзінен бұрын келген пайғамбардың ісін жалғастырушы» деген анықтама беріледі.

Алла Тағала Құран-кәрімде аты аталған 25 пайғамбардан өзге де Хақ Елшілерінің болғандығы жөнінде: «Сондай-ақ, саған бұрынғы елшілерді баян қылдық, сондай-ақ, елшілерден саған баян етпегеніміз де бар» («Ниса» сүресі, 164-аят), «Ескертуші пайғамбар келмеген ешбір үмбет жоқ» («Фатр» сүресі, 24-аят), «Әр үмбеттің бір пайғамбары бар» («Жүніс» сүресі, 47-аят) деп бірнеше рет ескертеді.

Аталған қасиетті жазбаларға қарап, әу баста әрбір қауымға монотеистік сенімді үйретуші расул немесе нәбилердің келгендігі аңғарылады. Бұл илаһи мағлұматты қисынды және мәнді деп есептеуге болады. Өйткені, Ұлы Жаратушы жаратқан қауымдарына ескертуші жібермесе, шынында оларды ақыретте қалай есепке тартады? Илаһи хабарлар берілмесе, сынаққа тартылудың не мәні бар? яғни, жоғарыда көрсетілген Құран-кәрім аяттары мен Алла Елшісінің (с.ғ.с.) хадистері арқылы ықылым заманда түркі қауымына да ханиф сенімін үйретуші елші немесе нәби келген деп болжауға негіз бар. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: