18:01
Тәңіршілдік турасында

ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ

Қытай жылнамасында Мөде тәңірқұтының «Көк Тәңірі жарылқауымен әскерінің аман, аттарының жараулы болуына» орай төңірегіндегі елдерді бағындырғандығы айтылады. Келесі бір қытай жылнамасында Мөде тәңірқұтының б.з.б. 202 жылдың басында көктемде ордасында тасаттық беріп, мамыр айында Лұңчын қаласында үлкен жиын өткізіп, ата-баба әруағына, Көк Тәңірге, жерге, жын-перілерге арнап құрбандық шалады. Күзде жылқы семірген кезде, бүкіл халық орманда жиналып, мал-жанның есебін алатынын хабарлайды. В.С.Таскиннің хабарлауынша, «Ғұндар жылына үш рет Лунциге жиналатын. Ол жиындар бірінші, бесінші, тоғызыншы айларда өтіп отырды. «Сюй» деп аталатын мерекелірнде көк рухына құрбан шалатын». Бұдан басқа да қосымша деректерді саралай келіп, протүріктердің Көк Тәңір сенімінде болғанын аңғарамыз.

Ақиқатында, осы Ғұн дәуірінен бастап Көк Тәңір сенімі мемлекеттік деңгейге көтерілген секілді. Әйткенмен, Вольфрам Эберхард Көк Тәңір сенімінің шығу тарихын б.з.б. 1500 жылдарға апарады. Ол Қытай тарихындағы Тәңір сенімінің тарихына тоқталып, бұл діни наным көшпелі түркілердің ықпалымен б.з.б. 1500-1050 ж.ж. аралығында Қытайға сіңді деп есептейді. Тіпті, түркітанушы Гуйла Немет Тәңір сенімінің пайда болуын одан арыға дейін апарып, Месопотамиядағы шумерлердің құдайларының бірі «Дингир» мен түркілердің құдайы «Тәңірдің» ұқсастығына тоқталады. Ал, Р.Безертинов Тәңір сенімінің арғы бастауын б.з.б. V-IV мыңжылдықтарда пайда болған деп есептейді. Бірақ қолдағы деректер «Тәңір» сөзі түркілерде қадым заманнан қолданыста болса да, «Көк Тәңірі» сенімі Ғұн билеушісі мөде тәңірқұтының дәуірінде діни наным ретінде жүйеленгенін көрсетіп отыр. Көне түркілердің тарихын зерттеуші В.Шмидт ғұндардың нанымы «монотеизмге бағытталған дамыған дінге» айналғанын айтады. Сондықтан, пайымға салғанда, монотеизмге негізделген Көк Тәңірі сенімі Ғұн дәуірінен бастап теологиялық тұрғыда жан-жақты жетіліп, мемлекеттік дінге айналған.

Б.з.б. І ғасырдың орта шенінде ғұн мемлекеті ішкі талас тартыстан әлсіреп, бұрынғы вассалдарынан айырылып қалады. Өз ішінен солтүстік және оңтүстік болып бөлінеді. Солтүстік ғұндар Саян мен Байқал өңіріне, оңтүстік ғұндар Ордос маңын мекендейді. Көп ұзамай оңтүстік ғұндар Қытайдың бодандығына түседі. Теріскейдегі ғұндар Орталық Азияға қоныс аударып, Үйсіндер мен Қаңлылардың жеріне ауа көшеді. Қытайдың қысымына шыдас бермеген ғұндар одан арықарай күн батысқа жылжып, Еуропаға өтеді. Батысқа ауған ғұндар Рим империясын талқандап, кейін өздері ассимиляцияға ұшырап, Еуропаға сіңісіп кетеді.

Түркілердің құрған келесі империясы – Түрік қағанаты еді. Түрік қағанаты VI ғасырдың орта шенінде пайда болды. Қағанаттың негізін салушы Бумын қаған эфталиттер және қытайлармен ұзақ уақыт күресіп, оларды жеңіп 552 жылы алғашқы Түрік қағанатын құрды. Көшпелілер құрған қағанат өзінің әскери күш-қуатының арқасында аз уақытта Еуразия ареалында қуатты мемлекетке айналып үлгерді. Түрік қағанаты Қытай патшалығына салық төлеткізіп, көрші Византия және Иран империяларымен терезесі тең мемлекетке айналды. Алайда, Еуразиядағы ұланғайыр аумақты бір орталықтан басқару қиын болғандықтан, түркілер мұқан (553-572) және Естеми (554-576) қағандардан кейін 582 жылы Шығыс Түрік және Батыс Түрік әкімшіліктеріне бөліне бастады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: