23:28 Тәңіршілдік турасында | |
ЕЖЕЛГІ ТҮРКІЛЕРДІҢ ДІНИ СЕНІМІ Асылында, жазба тарихы бар елдермен салыстырғанда өткен өмірі көбінесе ауыз әдебиетімен жырланған түркі қауымының ежелгі діни нанымы туралы төл іргелі еңбектер мен тұщымды деректер жоқтың қасы. Прототүріктердің тарихы жөнінде желегі грек, араб, парсы, қытай, орыс, армян деректерінде там-тұм мәліметер кезігеді. Бірақ, оның ішінде діни сенімінен хабар беретін мәліметтер көңіл көншітетіндей деңгейде емес. Түркі деректемелері саналатын Орхон-Енисей тас жазулары, «Оғызнама», «Қорқыт ата кітабы», Махмұт Қашқаридің «Лұғат ат-Түрік», Жүсіп Баласағұнның «құтадғу Білік», Шыңғысханның «Құпия шежіресі», Әбілғазының «түрік шежіресі», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-Рашидиінде», Өтеміш қажының «Шыңғыснамасы», Заһир ад-дин Мұхаммед Бабырдың «Бабарынамасы», Шәкәрім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі» т.б. дереккөздерде түркілердің діни іни сенімі мен дүниетанамына қатысты бір іздендірілмеген азды-көпті мәліметтер баршылық. Негізінде, түркілердің есі діни нанымы жөніндегі қажетті мәліметтер көбінде халық ауыз әдебиетінде кезігеді. Деректемелік негіздері осындай ала-құла қайнарлардың барысына қарай зерттеушілер түркілердің діни сенімі хақында әртүрлі ой-тұжырымдар жасаған. Тарихи деректерде түркілердің Нұх пайғамбардың үш ұлының бірі яфастан тарайтынын, яфастың төрт ұлының бірі түрік, одан Аланшы хан, аланшыдан Татар мен Моғол болып өрбитінін келтіреді. Жалпы, тарих ғылымында түркілердің арғы бабалары ретінде ежелгі Сақтар, Үйсіндер, Қаңлылар, Ғұндар және т.б. халықтар көрсетіледі. Аталған түркі тайпалары Шығыс пен Батыс арасындағы Еуразия кеңістігін еркін жайлаған. Олар бір өзектен бүр жарған халықтар болғанымен, тарих үдерісінде алуан түрлі сыртқы ықпалдастықтың орын алуымен мәдениеттері елеулі өзгеріске ұшырап отырған. Бұл жағдай белгілі бір деңгейде діни нанымның сан түрлі құбылуына әсер еткен. Тарихта түркі мемлекеттері күшейген тұста, Тәңір сенімі едәуір дәуірледі. Керісінше, түркілердің саяси қуаты кеміген кездері, Тәңір сенімі өзінің түпнұсқалығын сақтай алмай құлдырады. Жалпы, Тәңір сенімі тарихтағы үш алып мемлекеттің діни нанымына айналды. Олар: б.з.б ІІ ғасыр басында пайда болып, б.з. IV ғасыр аралығына дейін өмір сүрген Ғұн империясы; б.з. VI ғасырдың орта шенінде құрылып, VIII ғасырдың ортасына дейін билік құрған Түрік қағанаты, ХІІІ ғасырдың басында Шыңғысхан құрған Моңғол-татар мемлекеті. Одан өзге Тәңір сенімін Үйсін, Қаңлы, Ұйғыр, Қырғыз, Түркеш, Қарлұқ, Қимақ, Қыпшақ ұлыстары да ұстанғаны тарихтан белгілі. Түркілердің арғы тегі саналатын ғұндар Еуразия кеңістігінде бірнеше ғасыр бойы өзінің саяси үстемдігін жүргізді. Олар б.з.б. І мыңжылдықта қазіргі Моңғолияның оңтүстігіндегі Ордостан Каспий өңіріне дейінгі Орталық азияның ұлан-байтақ кеңістігін мекендеді. қытай деректерінде ғұндардың б.з.б. ІІІ ғасырдың аяғында саяси қуаты артып, Тынық мұхиты мен Солтүстік Қытайдан Алтай мен Жетісу жеріне дейінгі аймақты, кейін батысқа қарай кеңейіп, Еуразия даласының басым бөлігін өзіне бағындырғаны айтылады. Б.з.б. 206 жылы ғұн тайпаларын Мөде тәңірқұты (қытайша «шаньюи») біріктіріп, шығыстағы Қытайды жаулап алып, өзіне салық төлеттірді. Б.з.б. 177 жылы батыстағы юечжилерді өзіне қаратты. Б.з.б. 177 жылға дейін Кореядан Тибетке, Шығыс Түркістаннан Сібірдің Байқал, енесей өңіріне дейінгі аумақта тұратын 36 мемлекетті ғұн қағанатының құрамына кіргізеді. Бір сөзбен айтқанда, Тынық мұхиттан Каспий теңізіне дейінгі аралықты бағындырып, Ұлы Ғұн империясының негізін қалады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
