01:29 Шұғылалы шешендік | |
ҚАСҚАКӨЛ ДАУЫ Төле би, Әйтеке би, орта жүз Ормамбет би үшеуі Қасқакөл деген көлге талас, даулы болады. Төле мен Әйтеке жастары шамалас, ал Ормамбеттің жасы кіші екен. Екі қарт бірыңғай болады да сәлем хат жазады. Ормамбет хатқа жауап қайырады. Халық жиналып бір олай, бір былай сөйлесіп, ақырында үй тігіп сөйлесуге келіседі: «Қасқакөл туралы Айқын көлге үй тігелік» десіп екі ел жиырма үй тігеді. Ормамбет келіп Төле мен Әйтекеге сәлемдеседі. Сонда Төле: - Ай, Ормамбет! Мен әлі тірімін, өлгем жоқ бұдан бұрын неше сәлем айтсам да келген жоқсың, ер кетер, ер жетер. Ешкімге опа қылмас дүние боқ! Ей, Ормамбет, сен бізден кіші боласың, біз барып қайттық, сен ілгері барасың, біз енді көп жүрмеспіз, көмілерміз, сен жас едің көңілдегіңді аларсың! – дейді. Әйтеке де Төленің сөзін қостап: - Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін, батыр болсаң дұшпаныңа найзаң тисі. Бай болып пайдаң тимесе, батыр болып найзаң тимесе жұрттан ала бөтен үйің күйсін деген, бізге кейінгілер осыны айта ма деп ойлаймын», - дейді. Сонда Ормамбет: - Екі би, айтқан сөзің жарасады, еншіге әр кімдер-ақ таласады, бұл Қасқа көл орта жүздің көлі еді, айтқандарың қиянатқа жанасады. Қанағатсыз билерді қабан деген, қамшылатқан жүйрікті шабан деген, біреудің ақысына зорлық қылса, ақыретте мұндай істер жаман деген, - дейді. - Ей, Ормамбет, сіз бізге Қасқакөлді беріңіз, Қасқакөл рас сізге жақын. – Бардан пайда, жоқтан залал деген, не берсе қайырын тілеп көріңіз. «Үш жүздің ортасында Қасқакөл бар, әр жерде су ішетін басқа көл бар, үш бөліп енші қылып алысайық, жер жетер, көңіліңді ұстама тар», - дейді Төле. Үшеуі олай сөйлесіп, былай сөйлесіп келісе алмайды. Ормамбет екі шалға ырық бермеген соң, Төле қатты сөздер айтады. Дау бітпей, Ормамбет еліне қайтады. Үйіне келген соң даудың мән-жайын бастан-аяқ сөйлейді. Сонда анасы: - Балам, қарт билерді бекер ренжіткен екенсің, әлде болса, тілімді алсаң Қасқакөлді бөліп бер, - дейді. Анасы айтып қоймаған соң, Ормамбет көнеді. Үй тігіп, тоғыз бие сойып Төле мен Әйтекені шақырады. Билер келіп мәжілістесіп отырғанда Төле былай дейді: - Әйел жақсы болса білім иесі батыр туады, жаман болса ер бөксе болса да қатын туады. Әйел жақсы болса ердің басшысы емес пе?! Бұрынғылар осылай демес пе? Қасқакөлді алам деп келіп едім, Ормамбет бермеген соң өліп едім. Жетпіс жасқа келгенде сөзім жерде қалып, мәңгіде тірілмейтін болып едім, Жеңгей! Мені тірілттіңіз, енді балаңызға бата берелік, - дейді. Көлді ынтымақпен бөліп жайлайтын болып ризаласып тарқапты. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |