11:45
Шұғылалы шешендік

ЕДІГЕ БИДІҢ ТӨРЕГЕ АЙТҚАН КӨҢІЛІ   

Төлебайұлы Едіге Қуандық еліндегі Тоқас деген биге құда түсуге барса, соның алдында ғана Жәңгір ханның жалғыз баласы өлген екен.

Хан қайғырып, төсектен басын көтермей жатып алыпты. «Құдай мені жылатты, оның малын мен де шулатайын» деп қозыны қойдан айырып өзеннің екі жағына бөліп шулатып қойды», - депті Тоқас. – Өзі ешкіммен басын көтеріп сөйлеспейді.

- Мен ертең барып басын көтертем, - дейді Едіге.

- Онда игі болар еді, - дейді Тоқас би.

Айтқанындай, едіге ертеңіне Тоқастікінен аттанып Жәңгірдің үйіне барып түседі. Үйге кіріп сәлем беріп қазақтың әдет-ғұрпынша үй ішіне көңіл айтқанда, Жәңгір әдетінше басын көтермей теріс қарап жатқан орнынан тұрмайды. Сонда едіге көтеріңкі дауыспен ханға былай деп көңіл айтады.

Ақ сұңқар ұшты ұядан,

Қол жетпейтін қиядан.

Тұяғы бүтін тұлпар жоқ,

Қанаты бүтін сұңқар жоқ,

Тұлпардың тұяғы,

Тасқа байласа кетіледі,

Сазға байласа жетіледі.

Алтын қоңырау үзіліп жерге түсті,

Қос маңдайлы, құс таңдайлы бір қыран.

Балақ бауын үзіп, тұғырдан ұшты,

Құдайдың саған бір жабдығы түсті.

Көтересің – мойның күшті,

Оны алған Құдай сенен де күшті.

Көтер, хан, басыңды,

Іш мынау асыңды.

Босатпа беліңді,

Мұңайтпа еліңді.

Тозбасты ұста соқпайды,

Өлместі Құдай жаратпайды, -

депті.

Сонда Жәңгір жастықтан басын көтеріп ауыр күрсініп:

- Балам, қай ұлсың? Едіге деген бір ұл бар деуші еді, сол боларсың ба? – депті.

- Болсақ – болармыз, - депті Едіге.

- Қайғым қайтсем қалады? – дейді Жәңгір.

- Сіздің қайғыңыз:

Қыран құстың қияғында қалады,

Жүйрік аттың тұяғында қалады.

Атылған мылтықтың оғында қалады,

Өзен судың бойында қалады,

Қызық мереке – ойында қалады.

Оны істемесең, мойныңда қалады, -

дейді Едіге.

- Уа, шырағым, жарайсың, мен қателескен екенмін, - деп Жәңгір едігені қайтармай, бірнеше күн бірге болып, қаншама құрмет-сый көрсетіп, қайтарыпты.

Едіге Тоқас бидікіне қайта келіп, құда түсіп, қызын Қиқара деген баласына айттырып қайтыпты.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 15 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: