11:42 Шұғылалы шешендік | |
ЖҰМАБАЙДЫҢ ШОРМАН АТАНУЫ Шорман Күшікұлының әкесі қойған аты Жұмабай екен. Қызыл тауда отырғанда Жұмабайдың (Шорманның) он төрт жастағы кезінде жұттан барлық малы қырылады да, барлық жылқысын жау алып кетеді. Сол себепті ел қатарлы жайлауға шыға алмай Сәти аулы тауда, жатақ қалады. Шорманның атасы Мырзағұлмен бірге туған Жадыгердің бір ұрпағы Алыпқара – бай екен. Сол Сәти аулы (Күшік баласы Жұмабай, Байкісі баласы Ордабай және Жанкелер т.с.) жатақта қалды деп, оларды көшіріп әкелуге Талас (Қаржас ұрпағы) Шөпіні бірнеше кісімен, көлікпен жібереді. Ол кезде Анай аулы Шідерті өзенінің бас жағын, Қаракөл – Ниязды, Ерейменнің сыртына дейін жайлайды екен. Жайлауға келгеннен кейін Жадыгер, Алыпқара Жұмабайға (Жұмабайдың әкесі Күшік мұның сегіз жасында дүниеден өткен) «Өзің менің малымнан бөліп, көңілің тойғанша енші ал» десе, Жұмабай: «Малыңыздың берекесін алып не қылайын, бір жерде болса, көрікті ғой. Маған тек жақсы ат пен мына Шәкеңді жолдастыққа беріңіз», - депті. «Сонан соң атпен Уәли ханның еліндегі былтырғы шауып, айдап әкеткен жылқымды іздеймін және Уәли ханды көріп, қолын ұстап, сәлем беремін», - депті. Бірнеше күн жүріп Көкшетаудағы Уәли ханның аулына барып, жолдан келген ханға сәлем беріп сұхбаттасады. Уәли Жұмабайды жас болса да ел ішіне беделі өрлеп келе жатқанын сырттан біледі екен. Және арғы аталары Анай, Мырзағұл, Сәти төрелермен терезесі тең қазақтың атақтыларының бірі екендігіне сырттай қанық болатын. Жұмабайды шатырына түсіріп, одан ордасына шақырып алып ардақтап үш күн құлын сойып күтеді, сырласады. «Қаржас аруағы» деп аузына алып, қатты сыйлап, құрметтейді. Жұмабай жүруге ниет білдіргенде, Уәли хан: - Балам, бұйымтайыңды айт, - дейді. Сонда Жұмабай: Балапан едім, ұша алмай тұрмын, Балдырған едім ұйыса алмай тұрмын. Терің сіңген киіміңізді киейін, Тебінгіңіз тиген атыңызды мінейін. Сиырды аусыл – мәлім алды, Қойды – аққұлақ боран алды. Жылқыны Тайқара – Бейбіт алды, Осы мұң-мұқтажымды шағайын деп келдім, - деген. Жұмабайдың тақпақтап айтқан сөзіне көңілі түсіп, ырза болған Уәли хан: - Шырағым, әуелі сенің атың Жұмабай емес, «Шорман» болсын! – депті. Содан соң өзі киіп жүрген таза шапанын, өзі мініп жүрген Ақтабан атын және жау алған жылқысының орнын толтыру үшін табыннан алдырып біраз жылқы берген, сонсын: - Өзің айдай қайт, болмаса ел арасы ұзамай сенімді кісі жібер, шырағым, алапатың артық, мәртебең жоғары болсын! – деп бата берген. Шорман елген келгеннен соң Уәли ханға кісі жіберіп берген жылқысын айдатып алдырған. Содан Шорманның дәулеті бұрынғыдай сабасына түсіп, ата-бабасындай абыройлы болған және шорман атанып кеткен. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |