14:31
Сақтықта қорлық жоқ

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ ТАНЫМДАРЫ

Адам баласының Құдайға құлшылық жасап келе жатқаны қашан. Жаратушы иемізге жалбарынамыз, қорған іздейміз, қолдау күтеміз, шексіз ризалығымызды мың қайтара білдіреміз. Құдай жалғыз болғанмен, Құдайға сену атам заманнан сан түрлі ғой. Дегенмен халқымыздың басым бөлігі Ислам дінін ұстанады.

Соңғы кезде ислам діні айналасындағы әңгіме қызып тұр. Оған басты себеп ретінде діни экстремизмге итермелейтін радикалды делінетін, теріс ағымды делінетін адасулар төбе көрсетуде. Атынан ат үркетін секта деген пәле тағы бар. Ал осынау мәселе мемлекеттік мекеме саналатын оқу орындарына дендеп кірсе, онда проблеманың көкейкестілігі қыза түседі. Сақтық шаралары кезек күттірмей өзінен-өзі талаптанып тұрады.

Жуырда Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің мультимедиялық дәрісханасында діни экстремизмнің алдын алуға арналған аудандық семинар өткізілді. Аталмыш шара онкүндік айдарымен ауданға қарасты мектептерде жаппай жүзеге асырылып жатқан көрінеді. Семинардың төралқасында Лебяжі аудандық ішкі саясат бөлімінің діни мәселелер бойынша инспекторы Қ.У.Қожанбаев, аудан орталығы Аққудағы Ғабдул-Уахит Хазірет мешітінің бас имамы М.С.Ибраев, Бесқарағай ауылының имамы Ж.Оспанов, Қызылағаш ауылдық округінің әкімі Ж.Ш.Байтілеуова, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің директоры А.М.Белгібаева болды.

Шараның басында ауыл имамы Жамбл ақсақал мектеп оқушыларына сахаба, пайғамбарлар туралы, имамдардың шығу тарихы жайында, сүрелердің қасиеті жөнінде қысқаша танымдық мағлұматтарға тоқталды. Оның ізін суытпай әрі көрермендерге, әрі тыңдармандарға Ислам мәдениеті мен білімін қолдау қоры түсірген «Адасқандар» атты деректі фильмі интербелсенді тақта арқылы көрсетілді. Бұл бейнефильмде аңдаусызда теріс ағымға түсіп, діни экстремизм мен жанкешті терроризм шеңгеліне ілініп, темір тордың аржағында жазасын өтіп жүрген қылмыскерлер хақында әңгімеленді. Сонымен бірге діни сауаты жоғары ғалымдардың пайдалы ақыл-кеңесі ұсынылды. Адасқандардың өкініші, мерзімдерін өтегеннен соң үкілеген үміттері, діни оқымыстылардың сақтық нұсқаулары мол-молынан айтылды. Ұйып көріп-тыңдаған оқушылар бұл бейнефильмнен көп тәрбие алды деген үміт ұялады.

Діни мәселелер бойынша инспектор Қайырбек Уахитұлы өз кезегінде дінге дұрыс сену, намазға сауатты жығылу, ислам атына кір келтірмей, әрдайым таза ниетпен құрметтеу бағытында жалпы шолу жасап, өскелең ұрпақты осы жолда оң жолды таңдауға шақырса, ауданның бас имамы Мақсат Сансызбайұлы діни экстремизмді қоздыратын теріс ағымдарды радикалды әрекеттерін қатты сынға алып, оқушыларды бұл сүрлеуден аулақ болуға насихаттады, сонымен бірге «джихад» ұғымына бейбіт тұрғыдан дұрыс қарауды діттеп айтты.

Аталмыш танымдық шара соңында оқушыларға діни сауаттылықты дамытуға бағытталған, теріс ағымдардан сақтауға үйрететін қосымша кітапша-буклеттер таратылды.

Жалпы алғанда, ислам діні имандылық жолын таңдаған кез келген адамды қабыл көреді әрдайым. Бес уақыт намазға жығылу – санасы сау, көкірегі ояу әр адамның өз еркі, өз таңдауы. Тек бұл жолда адасып қалмау маңызды. Айналаға опындыратын, опық жегізетін сұрқия зиян-залалы тимесе екен. Сайып келгенде, «сақтықта қорлық жоқ» дегенді бір елі де естен шығармасақ болғаны.    

ИБРАҺИМ Бегімхан

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1005 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: