22:32
Сақтықта қорлық жоқ

БАС ЖАРЫЛЫП, КӨЗ ШЫҚПАСЫН ДЕСЕК...

Өткен жылғы желтоқсан айының соңғы онкүндігінде Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің от қазандықтары орналасқан орнында адам өмірін қиған қылмыстық әрекет орын алғаны белгілі. Жауапты тұлғалардың жүктеген міндеттеріне немқұрайлы-салғырт қараған кесірінен ауылдың жиырма бес жасар жас азаматы бар кінәні мойнына алып, жаза арқалап кете барса, жасы қырықты жағалап қалған ауыл азаматы өмірімен қош айтыса да алмай, өлімшідей соққы алып, қимастықпен кете барды. Не керек, жарты жылдай жүргізілген тергеу амалдары да қылмыстық іске қатысы барлардың үрейін алып, сілікпесін шығарды. Ал сақтық шараларын орынды да уақтылы сақтағанда ғой осындай қасіретті жайттар менмұндаламас еді. Хош, болар іс болып, бояуы да әлдеқашан сіңді.

Басқасын қайдам, ал Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің от қазандықтары орналасқан орын ерсілі-қарсылы жүргендер үшін болсын-болмасын, келсін-келмесін жолай соғатын уақытша жылы тұраққа айналғалы қашан. Әсіресе ауыл жастары үйірсек келетіні анық бұндай жерге. Іші пысқан сәтте жылыжайда карта ойнау, өзара әңгіме-дүкен құру – үйреншікті жағдай. Ал кей кезде тентек су ішкендердің өзара кикілжіңдерінің бейнебір алыс-жұлыс рингіне айналатын кездерін қайтерсің. Бойберместерді тоқтата алмай мектеп күзетшісі де, от қазандықтарды қарайтын от жағушы да өмірге қатерлі әбігер-әлекке түседі. Сонда ғой мектеп күзетшісі бар, от жағушы техникалық қызметкері бар, түнгі рейдтік кезекшілікті жұптасып атқаруға міндетті мектеп қызметкерлері бар, ақыр аяғында ауылдың полициялық тәртіп сақшысы бар – барлығы қырағылық таныта, сақтық шараларын мықты жүргізгенде, тентек суды мөлшерінен тыс қабылдағандарды бақылар еді...қылшылдаған жас жігіттің қазіргі тағдыры жақсылыққа қарай басқаша болар еді...өлімге ұрынған жігіттің де өмірі жалғасын тауып жатар еді...әттең-ай, әттең! Сақтық шаралары содан кейін біршама дұрысталғандай болды. Сондықтан мектеп жанындағы от қазандықтар орналақан орындарды сақтық жағынан толық жабдықтап, ондағы тәртіпті қырағылық таныта жіті бақылау қажет-ақ.

ИБРАҺИМ Бегімхан

Бесқарағай ЖОББМ оқу-тәрбие істері меңгерушісі, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 938 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: