09:20
Сөз-сөйлеу сырлары

УАҚЫТ РЕГЛАМЕНТІН СЕЗІНЕ БІЛІҢІЗ

Ойланып қарайықшы, «Дайындыққа мүлдем уақыт жоқ!» дейтін кездер бола ма?

Жиналыстарда трибунаға шыққанша – уақыт бар. тойда тілек айтқанда микрофон кезегі жеткенше – уақыт бар. семинар мен тренингтерде – қойындәптерімізді қолға алып, жұрттың назарын өзімізге аударғанға дейін – тағы да ойлануға, дайындыққа уақыт бар.

Шындап клегенде, әңгіме уақыт санында емес, сізге берілген уақыт ішінде ойды жинақтап, реттеп үлгере білуде. Сахнаға шығарда уақыт пен сөйлейтін сөзімізге барынша назар аударып, өзімізге дұрыс сұрақ қоя білу де маңызды: Менің басты ойым қандай? Қалай тиянақты жеткізсем болады? Менің сөзіме қанша уақыт берілді? Ең бастысы – аудитория мені не себепті тыңдап отыр? Еңсеңізді басқан өзге ойлардан арылып, тиянақты іске кірісу – жеңісіңіздің алғышарты.

Егер оратор бір сағат бойы сөйлеп залда 100 адам отырған болса, онда бұл көріністің бағасын есептеу қиын емес. Әрбір адамнан алғанда оратор адам өмірінің 100 сағатын өз мойнына алды. Және залда отырған адамдар осы уақыттың қарымы ретінде жаңа білім, жаңа эмоция талап етуі аңды. Ал оратор олардың үкілеп келген үмітін ақтауы тиіс.

Егер сізге сөйлеуге 10 минут берілсе, 7-9 минутта сөзіңізді тамамдаңыз, кері байланыс орнатуға уақыт қалсын. Мұғалім өзінің ұстаздық статусын пайдаланып, балалардың үзіліс уақытын ұрлауына болмайды. 45 минут берілді ме, бөліктерге бөліп, жаңа сабақ түсіндіріп, үй тапсырмасын сұрап, келесі сабаққа тапсырма беріп үлгеруі тиіс. Себебі үзіліс кезіндегі 5 минут – ол «бөтен» адамның уақыты, келесі бір адамның жеке шекарасы.

«Бес минуттық жиналыс» деп шақырып, бір жарым сағатқа созатын басшыларды да кездестіріп жүрміз. Сондай сәтте өзіңіз қандай сезімде болдыңыз, айналаңыздағы әріптестерінің қалай тепкі берді? Осыны ұмытпаңыз. Сондай қателіктерді қайталаудан сақ болыңыз.

Уақытты қалай есептейміз? А4 форматындағы бір бет мәтінді тәжірибелі диктор небәрі 2 минутта оқиды. Ал бір парақ мәтінде қаншама маңызды ақпарат барын ойлана беріңіз!

Белгілі жырау Алмас Алматов бала күнінде әкесіне шағым айтып жылап келеді.

- Ағам менің киімімді тартып алды, ол менікі ғой! – деп арыз шағымын айтады.

Әкесі үстіндегі киімін шымшып: «Ауыра ма?» - деп сұрапты. Алмас аға: «Жоқ, ауырмайды», - депті. Әкесі баласының білегінен шымшып: «Ауыра ма?» - деп сұрапты. «Иә, ауырады!» - деп шырылдапты.

- Міне, сол ауырған дүние сенікі, ауырмағаны сенікі емес, - деп баласына қысқаша түсіндіріп, өмірі ұмытылмас сабақ беріпті.

Бұл жерде әкесі үш-ақ ауыз сөзбен мәселені шешіп берді. Созып, сағаттап өзінің де уақытын жұмсап, баланың да уақытын алып отырмады.

 Иманғали Нұрғалиұлы халықпен кездесу барысында шағым айтушылар арасынан егде жастағы орыс әжей шығып:

- Үйіміздің дәл қасында орналасқан мешіт ұйқы бермейді. Күніне бес рет азан шақырып, мазамызды алады. Мешіт қызметкерлеріне бір шара қолдансаңыз! – дегенде, Имекең:

- Егер алтыншы рет шақырса айтыңыз, міндетті түрде шара қолданамыз, - деп әзіл-шыны аралас сауатты жауап беріпті.

Шағым айтушы да шаруасы шешілгендей ризашылық білдіріп күрделі мәселе оңай шешіліпті. Әкім асыл дінімізде 5 рет азан шақырудың үкімі туралы ұзақ талдап тұрмаған.

Ескеретін жайт бар, әр адамның сөйлеу темпі әртүрлі. Уақыт регламентіне сыямын деп, асығып-аптығып сөйлеп жүрмеңіз, керісінше, кідіріс жасап, байыппен сөйлеңіз. Басты «фишка» ойды жинақтау, дұрыс сөздер таңдай білу.

 

Тапсырма

Көпшілік алдына шығар уақытта:

  • Қайда бара жатырмын?
  • Кіммен сөйлесемін? – деген сұрақтарға жауап беріп көріңіз. Жауабыңызға сай киім таңдап киіңіз.
  • Уақыт регламентін сезіну үшін эскперимент жасаңыз:
  • Әрбір жарты сағат сайын уақытты белгілеп, қандай жұмыстар атқарғаныңызды жазып отырыңыз. Бұл сізге жарты сағатқа қанша іс-әрекет сыятынын көрсетіп, уақытты сезінуге мүмкіндік береді.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 8 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: