09:27 Сөз-сөйлеу сырлары | |
КЕЛІССӨЗДІ ӨЗ ПАЙДАҢЫЗҒА ШЕШУДІҢ ЖОЛЫ Қарапайым келіссөз жүргізудің екі үлгісі бар:
Батыстық үлгі – ақшасымен, лауазым дәрежесі, амбициясымен бірден оппоненттің мысын басуға, қорғаймын деген пікіріңнен айнытуға, позициясынан тайдыруға тырысады. Барынша жеңісті өз пайдасына шешуді көздейді. Мысалы, келіссөз сатушы мен тұтынушы арасында болса, 50 мыңның затын 20 мыңға сатуға мәжбүрлейтіндей шарттар қоюы мүмкін. Шығыстық үлгіде – айтар ойын астарлап, алыстан орағытып алып келеді. тіпті ұзақ уақыт ойландырып тастайтын әңгімелер болуы мүмкін. Сол кезде «осы сөзді маған неге айтты, мұнымен не айтқысы келді» деп астарлы әңгіменің себебін іздеп, біраз күн бойы ойландырып тастайтын жағдайлар болуы мүмкін. Мықты оратор, сөз өнерін меңгерген адам ондай жағдайда әңгіменің қай жерге барып тоқтайтынын алдын-ала сезіп, жауабын ойластыра бастайды. Біздің сөйлеу мәнеріміз осы шығыстық үлгіге келеді. «Ханның басын хан алады, қардың басын қар алады» дегендей, ханның алдына құл барып тепсінбеген. Ханға ханның деңгейіндегі уәзірі немесе данышпан билер, шешендер барып сөйлейтін болған. Ертеректе халқымыз бір кісіден көңілі қаласа ренжіп жүргенінің өзін астарлап жеткізген. Көңілі қалып, жек көріп отырған адамның өзіне мал сойып, дастархан жайып, алдына бас тартқанда қойдың тісін қақпай берген. Сонда алдына бас тартылған кісі де бұл тұспалды бірден түсініп, «Маған ренжулісің бе? Көңіліңді қалдырған жерім болса айт, ат-шапан айыбы менен», - деп, реніштің өзін ұлан-асыр дастархан басында отырып шешетін болған. Ал кейде керісінше, айтылған сөз құлаққа жеткенмен, жүрекке жетпей жатады. Бүгінде техника дамып, адамдар көп жағдайда бір-бірінің жүзін көрмей телефон арқылы тілдесетін болған соң дау-дамай барысында неше түрлі сөздер айта береді. Ат құйрығын кесісіп, туыстық қарым-қатынастың әлсіреп кетуіне СӨЗ үлкен әсерін тигізіп жатыр. Бір ауыз сөз бітпейтін проблема тудырса, бір ауыз сөз сол проблемаларды шешіп жатады. Кішігірім отбасында айтылған сөз бір шаңырақты шайқап жіберсе, үлкен саясаткерлердің шатасуы – тұтас мемлекеттің, ұлттың тағдырын шешіп жібереді... Демек, ораторлық – қарапайым отбасыдан бастап үлкен мінбердегі адамға дейін керек қабілет. Егер көпшілік алдында сөз сөйлеп, елдің назарын ұстап тұру, адамға әсер ете білу оңай шаруа болса, GOOGLE порталының бас бетінде «Сөйлеу шеберлігі» тақырыбында 90 милион ақпарат іздеу нәтижесі шықпас еді. Ойлап қараңызшы, 90 миллион! Бұл дерек «сөз өнерінің, сөйлеу өнерінің» қоғамда актуалды мәселе екендігін көрсетеді. Қазіргі таңда жеке кәсіп қарқынды дамып жатқан заанда дұрыс сөйлеп, келіссөз жүргізе білу – кәсіпкердің кәсібін дөңгелетіп, саудасын асырып жіберері сөзсіз. Ал кейбір орынсыз сөздер мен әрекеттер болғалы тұрған істің бетін қайтарып, сәтсіз келіссөзге апарып соқтыруы әбден мүмкін. Келіссөз жүргізу сырт көзге екі тараптың қызығушылықтарын талқылап, ортақ тақырыпта әңгіме айту секілді көрінгенмен, соңында әр тарап өз пайдасын көздейтіні анық. Спортта екі бәсекелес бір-бірін жеңуге қаншалықты ынтызар болса да, өзара сыйласып, позицияларына құрметпен қарайтыны секілді, басты ұстанымыңыз – қарсыласыңызға зиян келтіріп, зарар бермеу болсын. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
