09:46
Сөз-сөйлеу сырлары

«ЖАҚСЫ ОРАТОРДЫҢ ТҰТАС ДЕНЕСІ СӨЙЛЕЙДІ»

(Жестикуляция)

Паразит қимылдар – еш мағынасы жоқ, бірақ өте жиі қолданатын қимылдар. Оның тағы бірнеше түрі бар:

  • Мұрынды, иекті, желкені ұстай беру;
  • Шашты қайырып, көзілдірікті қайта-қайта түзете беру,
  • Қолда бір затты айналдыру (қалам, қарындаш сияқты заттар);
  • Киімнен көрінбейтін шаңды қаға беру.

Паразит қимылдар несімен жаман десек, сырт көзге бірден көрініп, тыңдаушылардың мазасын алады. Оратор қобалжып, неге екені түсініксіз артық қимылдар істеп жатқандай болады. Оның бойынан күйгелектік пен қызбалық сезіліп тұрады, сәйкесінше, сөзі де өтімсіз болады. Ешқашан сізді тыңдауға келген адамның берекесін қашырып, мазасын алмаңыз. Одан құтылудың бірнеше тәсілі бар:

  • Мазасыз, ретсіз қимылдан құтылу үшін екі қолға екі кітап ұстап алып сөйлеп жаттығыңыз. Қолыңыздың бос болмауы мезгілсіз сермей беруге тосқауыл болады;
  • Бас бармағыңыз бен сұқ саусағыңызды біріктіріп, ағылшынша «ОК» деген жестті жасап тұрыңыз. Өте қарапайым, бірақ тиімді.
  • Сөзіңізді мұқият қадағалаңыз, сөзіңізге сай қимылдаңыз. Сіз сөзіңізбен өтірік айта алсаңыз да, эмоцияңыз ешқашан өтірік алдамайды.

Негативті ақпаратты айтуда жестикуляцияңыз халыққа қарай бағытталмасын немесе қасыңыздағы адамға да қаратып айтпаңыз. Ораторлық өнерден хабары болмағандықтан саясаткерлер немесе жас спикерлер «Халықтың ішінде жемқорлар, педофилдер, алаяқтар да бар» деп қолымен отырған халықты нұсқап көрсетіп жатады. Залда отырсаң, тіпті өзің біртүрлі боласың. Сондықтан жаман нәрсені сыртқа қарай көрсетіңіз.

Кейде теледидардан білікті дәрігерлердің сұхбат беруін көрген кезде мынадай олқылықтарды байқаймыз: «Халықтың арасында туберкулез де бар, астма да бар, аурудың түрі өте көп», - деп қолын теледидардың бер жағында отырған адамдарға сермеп көрсетеді. Оны көріп, құдды бізді көрсетіп жатқандай, «Құдай сақтасын, Құдай сақтасын» деп, басқа арнаға ауыстырып жіберіп жатамыз. Дәрігер өз саласында білікті маман болса да, ел алдына шығып сөйлеуге, интервью беруге тәжірибесі жоғын аңғарып қаламыз. Сіз де «мына кісінің сөзі қашан бітеді» деп күтіп отырған халықтың алдында өнер көрсеткіңіз келмесе, халықты сондай образға енгізгіңіз келмесе, қолыңызды сауатты қимылдатыңыз.

Рамазан айында Алматы қаласында өнер адамдарымен ауызашарда бас қосты. Дастархан төріне имамды шақырып, «Садақа кімге беріледі? Зекеттің мөлшері қандай болады?» деген тақырып төңірегінде насихат тыңдап отырған болатын. Сол сәтте молдекең: «Мәселен, мына кісі дымы жоқ кедей» деп дәл қасында отырған адамға сұқ саусағын шошайтты. Енді осы адамға көмек беру үшін деп садақаның шарттарын әрмен қарай түсіндірді. Қасында отырған адамның түр-түсі бірден өзгеріп сала берді. Себебі мұндай жиынға күнде келіп жүрмеген, мұндай тақырыпта үнемі уағыз тыңдап жүрмеген кісі болатын. Имам өзекті тақырыпты түсіндіру барысында жіберген бір қателігі үшін бір тыңдарманнан айырылды. Қандай ортада болсаңыз да, қол сермеуіңізге мұқият болыңыз, өзіңізді бақылап, қолыңыз қалай қимылдап жатқанына мән беріңіз. Дәл соны есіңізге сақтап алыңыз да, үлкен аудиторияның алдына шыққан кезде сол қимылыңызбен сөйлеуге тырысыңыз, бұл сіздің шынайы образыңызды көрсетеді. (жалғасы бар)  

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 14 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: