23:36
Сөз-сөйлеу сырлары

«ЖАҚСЫ ОРАТОРДЫҢ ТҰТАС ДЕНЕСІ СӨЙЛЕЙДІ»

(Жестикуляция)

Сөзімен өтірік айтушы адам өзі байқамаған халде                                    қимылымен шынын айтып қояды.

Освальд Шпенглер, неміс философы

Халықтың алдына шығып сөйлеуші адамның қимыл-қозғалысына қатысты әңгіме айтқан кезде біз жестикуляция, нақтырақ айтсақ, қолдың қимыл-қозғалысы қалай болу керек деген сұраққа міндетті түрде тоқталуымыз қажет. Бұл кеңінен талқыланып, зерттелген тақырып. Бірақ орыс тілді аудиторияға арналған немесе ағылшын тілін жақсы түсінетін аудиторияға арналған кинолар, видеоматериалдар, кітаптар көптеп жарық шыққан да, өкінішке орай, қазақ тілді аудиторияға арналған кеңінен танылған дәріс жоқ. Кез келген қимыл-қозғалыс ол сіздің ішкі эмоцияңызбен байланысты болу керек. Мәселен, сіз ашуланып отырып бір кесені лақтырып жібердіңіз, ол сынды. Дәл осы көріністі ол сізге: «Сыртыңнан камера қосамын, сіз мына кесені ашуланған адам болып лақтырып жіберші», - десе, лақтыра аласыз ба? Иә, лақтыруыңыз мүмкін. Бірақ ешқандай ашуланғандай эмоцияны көрсете алмайсыз, түріңіз оның өтірік екенін айтып қояды. Себебі іште шынайы, табиғи ашу-ыза жоқ. Сондықтан халықтың алдына шығып сөйлейтін сөзіңізді дайындап жатқанда мына кезде оң қолымды созамын, сол қолымды солға созамын, сосын екі қолымды жайып, құшағымды айқара ашамын деп жоспарламаңыз. Ол сіздің ішкі эмоцияңыздан туындайтын қимыл-қозғалыс болуы керек. Бірақ жестикуляцияны жоспарламаймын деп, халықтың алдына шығып алып екі қолыңызды оңды-солды ербеңдете берсеңіз, тыңдаушының тыңдауға деген ниетін қашырып аласыз. Бәріміз бала кезде естіген бір кеңес бар: ешқашан адамға қарап қолыңды шошайтпа. Бұл мәдениетсіздіктің белгісі ретінде қабылданады. Егер сіз біреуді айыптап, бір нәрсені дәлелдегіңіз келіп, қызылкеңірдек болып тұрған адам болмасаңыз, көпшіліктің алдына шығып алып сұқ саусағыңызды шошайтпаңыз. Екінші, кез келген уақытта жестикуляция ашық болуы керек. Алақан халыққа көрініп тұрсын. Тағы да кинолардан көретін ситуацияны есімізге түсірейік:

- Полиция қызметкері қарақшыға «Қаруыңды таста, қолыңды көтер!» дейді. Яғни, зиянсыз адам екеніңді көрсет, дәлелде дегені. Алақанңыз ашық болуы – сізден ешқандай зиян жоқ екенін көрсетеді. Егер мен алақанымды төмен қаратып, «Отырыңыз» десем, бұл бұйрық райда көрінеді. Ал егер алақанымды жоғары қаратып, «Отырыңыз» деп айтатын болсам, бұл сізге құрмет көрсетіп тұрғанымды білдіреді. Бар болғаны бір алақанның екі түрлі позициясы – екі түрлі мағынада қабылданып тұр. Егер сіз дастарқан басында отырсаңыз, кішігірім ортада, іскерлік кездесуде отырсаңыз, қолыңызды кең ауқымда сермемеңіз. Айналаңызда отырған адамдарға кедергі келтіресіз. Немесе ескерту естіп қалуыңыз мүмкін. Ал үлкен аудиторияға шыққан кезде, сахнада, конференцияларда неғұрлым қолыңызды кеңірек ашсаңыз, соғұрлым көрінесіз. Ол кезде қысқа жестикуляция жарамай қалады. Тағы бір мәселе: белгілі бір сөйлемнің, пікірдің аяқталғанын дауыс интонациясы арқылы білдіреміз немесе сөйлемнің аяқталғанын нүкте қою арқылы белгілейміз. Жестикуляцияның да нүктесі бар. Кей адамдар сөйлемнің нүктесін қойса да, қолы суға батып бара жатқан адамдай қимылдай береді. Бұл дұрыс емес. Егер бір пікірді аяқтасаңыз, қолыңыз да тыныштық тапсын. Келесі мәселе – егер мен бір сөзді қайталай берсем, сіз қалай қабылдайсыз, тыңдауға деген ниетіңіз бір қалыпта тұра ма? әрине олай емес, дәл сол сияқты, бір іс-әрекетті жасай берген адамнан аудитория қаша бастайды. Микрофонды ұстап алып, костюмның түймесін айналдыра беретін адамдар болады. Шашын қайырып, кекілі не бұрымымен алысып тұратында да жоқ емес. Қаламсаптың басын тықылдата беретіндер де кездеседі. Мұндай қимылдар «паразит жесттер» деп аталады. (жалғасы бар)  

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 5 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: