00:03
Сөз-сөйлеу сырлары

САЯСИ ДИСПУТ

1992 жылы Армения мемлекеті өз Ата заңын қабылдап, мемлекеттік рәміздерін бекітеді. Әйгілі Арарат тауының суреті бейнеленген елтаңбаларын жалпыға жариялаған кезде, Түркия мемлекеті: «Арарат тауы сіздердің территорияда емес, біздің жерімізге жақын орналасқан. Сіздер қалайша өз территорияларыңызға кірмейтін тауды ұлттық символ ретінде пайдаланасыздар?» - деп шағым түсіріп, соңы үлкен саяси дау-дамайға ұласқан. Екі елдің арасында «Арарат үшін соғыс» деген үлкен қанды майдан басталғалы тұрғанда Георгий Чичерин деген саясаткер әрі ортаор Тұркия басшылығына: «Сіздердің де ұлттық туларыңызда айдың суреті тұр ғой. Қашаннан бері ай Түркияның территориясына кіреді?» - деп, бір ауыз сөзбен шиеленіскен дауға нүкте қойып, ақыры, өз дегендерін жасаған екен.

Кезінде Парламент Мәжілісінің депутаты болған Бекболат Тілеухан орамалды қыздардың құқығын қорғаймын деп біраз дау-дамайдың ортасына түскені бәрімізге мәлім. Сонда елімізге танымал, аса лауазымды бір саясаткер (дауласқан адамның аты емес, оқиғаның өзі маңызды болғандықтан есімін жарияламаймыз): «Бұрын қазақтың қыздары, келіншектері ешқашан орамал тақпаған. Оған дәлел – қазақта Қарашаш деген Жиреншенің әйелі болған, басқа да Сұлушаш, Алтыншаш деген қазақ қыздарының есімдері болған. Олардың шашы ашық жүрмесе, мұндай есімдер қойылмас еді», - дегенде, Бекболат Тілеухан: «Қазақта Майкөт деген ақын болған, көтібар деген батыр болған, сонда олар арттарын ашып жүрген бе?» - деп тұщымды жауап бергені әлі де ел есінде.

Әдетте, дау-дамай екі жақ бір-бірін ұға алмаған кезде туады. Әр жақ өз позициясын ұсынып, бірақ бір шешімге келе алмауы мүмкін. Бұл жерде оратор жалғыз өзінің емес, мемлекет мүддесін қорғайды, елдің атынан сөйлейді. Оның әрбір сөзіне мән беріледі. Осы жерде оратордың сөз саптауына, сөзінің жалпы эмоциялық реңкіне, мазмұнына, сөзінің стиліне және оның дикциясы, сөзінің қарқыны, дауыс ырғағына қатаң мән беруі талап етіледі. Егер сөйлеушінің дикциясы нашар болса, онда бұл келіссөздерді қиындатады, оның сөзін дұрыс түсінбеуі мүмкін, одан қажетсіз, дұрыс емес шешімдер қабылдануы ғажап емес, бұл шешім күтпеген жағдайларға апарып соқтыруы ықтимал.

Мейлі, көп адамның алдына – үлкен сахнаға шығып сөйлеңіз; мейлі, екі елдің арасында дипломатиялық қатынас орнату үшін саяси ортада сөйлеңіз; мейлі, іскерлік қатынас орнатуда тек бір кісімен сұхбаттасыңыз, ең бастысы, позицияңыздан таймаңыз. Нақты болыңыз, сенімді сөйлеңіз.

«Шешендік өнер дегеніміз – тек әдемі сөйлеп аузыңа қарату емес, аузыңнан шыққан сөз арқылы бір істі орындату» деген осы болса керек...

Іскерлік шешендік білімді, біліктілікті және дағдыларды талап етеді. Шешен адам әдебиет пен тарихтың, ғылым мен техниканың, саясат пен өнердің әртүрлі салаларынан хабардар болуы тиіс. Үлкен аренада жүрген тұлғаның ораторлық деңгейі де биік болуы керек. Ойлағанымыздай, аудитория – тек көпшілік қауым емес, бір адамның өзі де сізге аудитория болуы тиіс.

Импровизация кез келген қазақтың қанында бар деп ойлаймыз, тек оны біреу шыңдай алмауы мүмкін. Суырып салма өнерін дамытып, төтесінен жауап беруді игеру үшін қазақтың «Деген екен», «Дау шешеді дана сөз» т.б. қазақтың би-шешендерінің кітаптарын оқысаңыз болады. Мұндай кітаптар кісінің ойлау шеңберін кеңейтіп, сұрақты жан-жақты, басқа қырынан қарастыруға мүмкіндік береді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 23 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: