12:04
Сөз-сөйлеу сырлары

МИКРОФОНМЕН ЖҰМЫС

Үлкен аудиторияда сөз сөйлегенде көзге көрініп, құлаққа естілетін тағы бір дүние – микрофон. Ол – даусыңыздың анық шығуына септігін тигізетін жалғыз көмекші. Бірақ көпшілік адам сол көмекшінің көмегін дұрыс пайдалануды біле бермейді. Сол себептен «даусым жаңғырық болып шығады, ойымды жинақтай алмай қаламын, микрофоннан шығатын даусым өзіме ұнамайды, маған еркін сөйлеуге кедергі» секілді қиындықтарға тап болады.

Кез келген музыкалық аспап секілді микрофонды қолданудың да өзіндік ережесі бар.

  • Өз даусыңыздың ерекшелігіне үйрену қажет. Қатты динамиктен шығатын даусыңызды қабылдаңыз. Жаңғырық дауыс сізге ғана естіледі, ал аудиторияға анық болып жетеді. Сондықтан дауыс мәселесімен қоқынышқа бой алдырмай, сенімділікпен өз сөзіңізді айтып шығыңыз.
  • Микрофонды 2 қолмен және барлық алақаныңызбен ұстап қажет емес. Өзіңізге ыңғайлы қолмен, ас қасығын ұстаған секілді саусақтарыңызбен ғана ұстасаңыз да болады. Екінші қолыңыз сіздің сөзіңізге көмектесіп, түрлі жестті көрсетуге қажет.
  • Ал даусыңыз анық шығуы үшін микрофонды басын қысып емес, корпусынан ұстаңыз. Алақаныңыз микрофонның басқы бөлігін басып қалмасын.
  • Ара қашықтықты сақтаңыз. Микрофонды өзіңізге тым жақын немесе тым алыс ұстамаңыз. Екі жағдайда да даусыңыз анық естілмеуі мүмкін. Алақаныңызбен аузыңызды жауып, сұқ саусағыңыз тұрған жерді қараңыз. Микрофон сол сұқ саусақтың бойында тұруы қажет. Сонда ғана даусыңыз анық болады.
  • Микрофонды дауыс шығаратын колонкаға бағыттап ұстамаңыз. Ондай жағдайда ащы ысқырық пайда болады. Егер ысқырық пайда болса, бірден микрофонды басқа бағытта ұстап, орныңызды ауыстырыңыз.
  • Кейде микрофонның қосылып тұрғанына күмән келтіретін кездер болады. Сол кезде микрофонның үстінен соғып немесе «бір, екі» деп санаудың қажеті шамалы. Жай ғана халықпен амандассаңыз жеткілікті. Ал аудиторияның эмоциясы барлық жағдайды түсіндіреді.
  • Микрофонды ұстап, айнаның алдында дайындық жасаңыз. Денеңізді қимылын, микрофон мен аузыңыздың арасындағы қашықтықты көзбен қадағалаңыз. Микрофонды дұрыс ұстау әдетіңізге айналсын.

Оратор микрофонды қолданудың ережелерін жатқа білуі және автоматты түрде пайдалана алатындай болуы тиіс. Сондай-ақ дауыс күшейткіш құрылғы пайдаланатындықтан өз даусын естіп, бақылауда ұстап үйренгені де абзал. Микрофон сіздің даусыңызды күшейткенімен, сапалы, әдемі шығуын реттей алмайды. Керісінше, даусыңызда қарлығу, сөздердің соңын жеп қою сияқты кемшін тұстарын айқын көрсетіп қояды. Сол себепті мансаптық жолыңызды енді бастап жатқан жас спикер болсаңыз, микрофонсыз сөйлеп, алғашында өз даусыңызды тыңдап үйреніңіз.

Есіңізде болсын, микрофонды дұрыс қолдана білу де – оратордың сәтті сөйлеп шығуының бірден-бір шарты.

Сөз сөйлеп болған соң, орындықты орнына қойып, тақтаны тазартып сүртіп, микрофонды таяқшасына қыстырып кету де – сахна мәдениетінен. Бұл – сіздің өзіңізден кейін сөз сөйлегелі тұрған ораторға деген құрметіңіздің белгісі.

Қарапайым болса да, бұл ережелерді көпшілік ұмытып кетіп жатады. Келесі оратор тақтаны өзі сүрітп, ойы бөлініп, сөзін ұмытып жататын шақтар да аз емес. Әр адам өз жұмыс орнын тазартып кету керек. Бұл қарапайым қағиданы жадыңызда ұстаңыз.

Егер кәсіби кездесу, ғылыми дәріс немесе презентация өткізген болсаңыз, сөз соңында бірер минут кері байланысқа қалдырыңыз. «Бүгінгі тақырыптан қандай ой түйдіңіз?» деп сұрақ қойыңыз. Жауаптар әртүрлі болады. Әркім өзінің өмір тәжірибесіне, принциптеріне қарай ақпаратты қабылдауы да әртүрлі ғой, сол себепті жауаптар да бірдей болмауы заңды.

Халықтың алдына шығып сөз сөйлеу – үлкен энергияны талап етеді. Әлбетте, сөзіңіздің соңында шаршайсыз. Дегенмен кейде халық сіздің энергияңызды елемей, толассыз сұрақ қоюы мүмкін. Сондай жағдайда қанша шаршап тұрсаңыз да, барынша жылы, сыпайы жауап беріп, әдемі қоштасуға тырысыңыз.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: