00:16
Сөз-сөйлеу сырлары

ДАУЫС пен ДИКЦИЯНЫ ҚОЙЫП АЛАЙЫҚ

Сөйлеуші адамға дауыс қаншалықты маңызды? Не себепті біз дауыс қоюға баса көңіл бөліп отырмыз?

Сіздің кез келген адаммен тілдесіп отырған шағыңыз тарихи оқиға. Тілдескен адамның ақылына сөз-ақпарат әсер етсе, дауыс көңіліне төте өтеді. Біз білетін Қазыбек би бабамызға «Қаз дауысты» деген лақап тағылған. Бұл лақап – жоңғар қонтайшысы Цэван Рабданның берген бағасы. Тұтқынға түскен қазақтың ұл-қызын мүлкімен бірге жау қолынан алып шығуға қазақ ханының өкілдері барады. Сол заматта ханның да, батырдың да, бидің де сөзі таусылғанда 14 жастағы бала Қазыбек, бәріміз білетін:

Біз қазақ мал баққан елміз,

Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.

Жеріміздің шетін жау баспасын деп,

Елімізден құт-береке қашпасын деп,

Найзаға үкі таққан елміз.

Атадан ұл туса – құл болам деп тумайды,

Анадан қыз туса – күң болам деп тумайды.

Сен темір болсаң, біз көмір

Еріткелі келгенбіз.

Қазақ – қалмақ баласын

Теліткелі келгенбіз.

Танымайтын жат елге

Танысқалы келгенбіз.

Танысуға көнбесең,

Шабысқалы келгенбіз.

Сен қабылан болсаң, мен арыстан –

Алысқалы келгенбіз.

Тұтқыр сары желіммен

Жабысқалы келгенбіз.

Бітім берсең, жөніңді айт,

Бермесең, тұрысатын жеріңді айт! – деп батылдығын да, шешендігін де көрсетіп, саңқылдай сөйлейді. Осынау жігер мен батылдыққа толы жас баланың сөзінен батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы өжеттігі мен шешендігіне риза болып: «Даусың қаздың даусындай саңқылдайды екен, бұдан былай сенің есімің – Қаз дауысты Қазыбек болсын», - деп, бітімге келіпті. Осылайша, шабылған мал, тоналған мүлкімен қайтарып алып келген.

Осы оқиғада біз қонтайшыға сөз әсер етті дейміз ғой. Сөз әсер етсе, хан неге «сөздің маманы, сөз майталманы» деген атақ бермеді? Қазыбектің батылдығын қайдан байқады? Әрине, даусынан. Даусы анық, сөздері нық, жоғары темппен сөйлеу шеберлігінен байқады. Яғни, дауыстың ықпалы тарихи оқиғаны шешті. Дауыстың әсері дұшпанның мысын баса алатындай жайтқа осы тарих куә.

Дауыссөздің реңі, бояуы, ал дикция – сол сөздің тыңдаушыға мазмұнды жетуі. Дикция сөзді оюлайды, мүсіндейді. Дауыс пен дикцияны өзгертуге болады, олар қатар дамығанда ғана сіз әдемі сөйлей аласыз. Бұл – оратордың басты қаруы, сенімді инструменті. Себебі анық дауыс, таза дикция арқылы аудиторияны сөзіңізге сендіріп, өтімді болуына жол ашасыз.

(жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 36 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: