01:26
Сөз-сөйлеу сырлары

ДАУЫС пен ДИКЦИЯНЫ ҚОЙЫП АЛАЙЫҚ

Университет қабырғасында жүргенінде оны Қазақстан ұлттық арнасына жұмысқа шақырды. Телеарна басшылығы кастингтен өтсе, сұхбат форматындағы бағдарламасының тізгінін ұстайтынын айтты. Айтылған күні, айтылған уақытта кастингке барды. Кастинг шартына сәйкес бір адаммен сұхбаттасуы керек екен. Ол адамы енгезердей ер азамат, бірақ іс-қимылы біртүрлі. Көзіңізге елететіңізші, алып денелі ер азаматтың майысып әр сұрағынң қыз секілді сызылып жауап беріп отырғанын. Мынаның дені сау ма деп отырды ішінен. Әжептәуір састы. Сыртынан камера арқылы қарап отырған продюсер Мақпал Қаратайқызы мен режиссер Анар Жүнісова сол сәттегі эмоцисына әбден күліпті. Сөйтті де оған театр мен кино саласында өзіндік қолтаңбасы бар актриса Айнұр Бермұханбетованың нөмірін беріп: «Ертең театрға осы кісіні іздеп баратын бол. Образға кіру, сөйлесу барысында форс-мажор жағдайларда саспау, дауыс пен дикцияңа қатысты дәрістің бәрін осы кісіден  аласың», - деді. Сөйтсем, жаңағы қойылымның бәрі оны сынау үшін әрі шыңдау үшін жасалған қойылым екен.

Айтылған күн, айтылған уақытта Айнұр Болатқызын іздеп театрға барды. Дауыс пен дикция жаттығулары ол ойлағандай оңай болған жоқ. Күнде ақ тер - көк тер болады. «Ауызыңа толтырып алған тамағың бар сияқты сөйлейсің» деген Айнұр ұстаздың айғайы мен тоқпағы біраз нәрсені өзгертті. Уайым мен қорқынышқа қатысты театр мамандарынан пайдалы кеңестер алғанында сол сабақтың жемісін ұзақ жылдар көремін деп ойламапты. Бағдарламаның ресми жүргізушісі атанды. Эфирге әр саланың үздіктері келді. Еш уайымдамай, күліп-ойнап, режиссерынан ұрыс естімей жұмысын тиянақты атқарып жүрді. Бір күні ертең келетін қонақтардың тізімін көріп, жүрегі аттай тулады. Енді қайтті? Оны қорқытқан қонақ кім деп ойлайсыз?

Эфирдің қонағы – оған театрда сабақ берген, әр дыбысы анық шықпаса, сазайын беретін өзінің Айнұр ұстазы екен. Түнімен сценариймен танысып, с әрпі ц болып естілетін, р әрпі л боп естілетін сөздермен алысты-ау! Сол сәтте оған көмектескен техникалар сіздерге де пайдалы боларына күмәні жоқ. Ендеше, қандай да бір ортада сөйлейтін болсаңыз, әрі ол мәтініңіз сіздің өміріңізге айтарлықтай өзгеріс енгізетін жауапты жиын болса, мына жаттығуды жасаңыз:

  • Өзіңіз ұнатқан бір мәтінді оқып, видеоға түсіріңіз.
  • Видеоны 5 рет көріп шығыңыз, содан соң өзіңіздің плюс және минус жақтарыңызды жазыңыз.

Плюстар:

  • Даусым анық естілді;
  • Сенімді сөйледім;
  • Сөздерім түсінікті болды, т.б.

Минустар:

  • Түзету керек деген мәселелер.
  • Дәл осы видеоны 5 рет дауыссыз көріңіз. Бұл эмоцияңызды және мимикаңызды шынайы көрсетуге жәрдем береді. Артық күлу, қабақтың орынсыз қимылы тағы басқа түзету керек болған мәселелермен бетпе-бет кездесесіз.
  • Дәл осы видеоны құлаққаппен тыңдаңыз. Қай әріп, қай сөз анық шықпай жатқаны сол таспада анық естіледі. Құлаққа түрпідей тиетін сөздер мен жаңылысып айта алмайтын сөздердің синонимін, баламасын тауып, алмастыруға тырысыңыз. Мәтініңізді ұмытып қалып жатсаңыз, «ы-ы-ы», «м-м-м» деген, «жаңағы», «немесе» деген қайта-қайта айтыла беретін паразит сөздерді сөздік қорыңыздан алып тастауға тырысыңыз.
  • Және осы видеоңызды InShot қосымшасы арқылы көріңіз. Жылдамдығын арттырыңыз. Видеоның жылдамдығын арттырып көру арқылы ғана сіз орынсыз іс-қимылдарыңызды байқай аласыз. Киімнің түймесімен алысу, шашты қайта-қайта түзеу, қолды жиі-жиі сермеу сияқты тыңдаушының назарын бөлетін әрекеттен арылу үшін бұл жаттығулар сізге аса қажет. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 24 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: