23:47 Сөз-сөйлеу сырлары | |
САХНАДА ТҰРҒАН АДАМ ҚАЙДА ҚАРАУ КЕРЕК? «Болашақ бағдарламасына 20 жыл» толуына орай елордамызда өткен мемлекеттік маңызы бар жиында сөйлейтін адамдардың басым көпшілігі шаблонға айналған «Тәуелсіздік тұғыры биік болсын!», «Қазақстан халқына аянбай қызмет етеміз»» деген сияқты жалаң ұрандардан құралған сөздер айтатынын алдын-ала зерттеп білген саясаткер Мақсат Ысқақов тілінен тікен тайған билердің сөзімен зерлей білді. «Таңғалуға бір-ақ сәт жетеді, ал таңғалдыруға адамның ғұмыры да жетпейді», - деп, алғашқы бір минуттың ішінде елді елең еткізер тіркеспен сөзін бастаған ол: «Бабамыздың табаны тимеген жерге баламыздың қалады тиді», - деп, шет елге шығып оқуға мүмкіндік алғаг қазақ жастарының қуанышын жетер жеріне жеткізіп айта білді. «Енді таңғалдыратын уақыт келді», - деп сөзінің басында айтқан мысалын одан бетер ашып түсіндіре берді. Тыңдағанның құлақ құрышын қандыратын сөздері мұнымен шектелген жоқ. Сөзінің соңын ол: «Заманында екі батыр қырқысып жатса, бір би айтыпты дейді: Арамның жолы қиқалаң, Адалдың жолы төте еді. Жақсы, жаман әркімнің Арасынан өтеді. Араздаспай, таласпай, Тату жүрсек не етеді?! Ынтымағы жарасса, Бұл дүниенің қызығы Бәрімізге жетеді!» - деп, қазақ халқын бірлікке, ынтымаққа шақырып сөзін түйіндеді. Тыңдағандар еріксіз қол соқты. Дәл осы жиында айтылған: Араздаспай, таласпай, Тату жүрсек не етеді?! Ынтымағы жарасса, Бұл дүниенің қызығы Бәрімізге жетеді! Екі жастың, құда-құдағилардың ынтымағы берік болсын! – деп, Президенттің алдында оқылған өлең жолдарын тойға барып та оқи берсе болады. Сондықтан кез келген өлең, шағын әңгіме, афоризм сөздеріңізді бар болғаны сол жиынмен байланыстыра біліңіз. Дауыс ырғағыңызды келтіріп, қимыл-қозғалысыңызды реттесеңіз жетіп жатыр. Кейде сөйлеуші адам тек өз ыңғайын ойлап, көрерменнің жай-күйін ескермей жатады. Өзі отырған орын ыңғайлы болса, кеңінен көсіліп, емін-еркін сөйлейді. Залда ине шаншар орын болмаса да, халық қысылып, ауа жетпей отыруы мүмкін. Немесе жылуы жоқ клубтарда қалтырап-дірілдеп тоңып, тонын шешепей отыратын халықты да талай көзіміз көрді. Мұндайда оратор халықтың көзіне «халық жауындай», жексұрын образда көрінеді. Мейрамханаға тамақтануға барғанда тек жеген тамағыңыздың ақысын емес, сол жерде отырған атмосфера үшін де төлейсіз. Ғимараттың жалға алынған ақысы, отырған әсем орныңыз және қызметкерлердің сапалы қызметі де сіз төлейтін ақшаның құнына кіреді. Яғни, сізге көңіл-күй сыйлайтын әрбір нәрсе құнды. Мысалы, Мұхтар Шахановты у-шуы көп метрода немесе Марғұлан Сейсенбайдың ақыл-кеңесін жанармай құю бекетінде тыңдаған болсаңыз, Стив Джобстың көрінісін көшеде тамашалаған болсаңыз, сізге осындай ерекше әсер қалдырмас еді. Демек, сөз сөйлейтін орныңыздың атмосферасы өте маңызды. Залдың ауа температурасын, әсемдігін, орындықтардың ыңғайлы орналастырылғанын алдын-ала бір тексеріп алған абзал. Тапсырма
баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |