11:08 Сөз-сөйлеу сырлары | |
САХНАДА ТҰРҒАН АДАМ ҚАЙДА ҚАРАУ КЕРЕК? Егер сіз аудиторияда отырған тыңдаушылардың біреуінің көзіне тік қарасаңыз, бүкіл аудиторияда отырған адамның көзіне қараған болып есептелесіз. Залда сондай әсер болады. Егер барлығына алақ-жұлақ көз жүгірте берсеңіз, ешкімге қарамай тұрғаныңызды халық бірден байқайды. Сөйлеген кезде ешқашан төмен немесе жоғары қарамаңыз. Айтатын әңгімеңізді көзге қарап айтыңыз. Себебі көзін алып қашып тұрған адам бірдеңе жасырып, өтірік айтып немесе қорқып сөйлеп тұрған образда болады. Залдағы бүкіл адамның көзіне қарап шығу мүмкін емес. Демек, залды үш секторға бөлесіз: алғашқы мектор, ортаңғы сектор, соңғы сектор. Және осы үш сектордан көзіңізді алмайсыз. Әр сектордан сөзіңізді мұқият тыңдап отырған, позитивті адамды көзбен тауып алыңыз да, солармен тығыз қарым-қатынаста болуға тырысыңыз. Ал есінеп отырған, сағатына қарағыштап, ойы басқа жақтағы көрерменді көріп, еңсеңізді түсіруден сақ болыңыз. Бұл сіздің сахнадағы ойыңызды бөліп, барлық энергияңызды алып қояды. Баяғыда машинаның алдына қойып қоятын, басы қозғалып тұратын ойыншық иттер секілді басты кезекпен бұра бермеңіз, яғни, секторларға кезекпен қарамаңыз, бұл сіздің жасандылығыңызды көрсетіп қояды. Бірде алғашқы секторға, келесіде соңғы секторға, сосын ортаңғы секторға, еш жасандылықсыз тек аудиториядан көзіңізді алмай, қозғалыста болыңыз. Кез келген аудиторияны ұйымдастырушы бірнеше сұрақ қою арқылы алдын-ала зерттеп біліп алуға болады. «Сөйлейтін тақырып қандай, не жөнінде? Аудиторияның жиналу мақсаты қандай? Кімдер жиналады?» деген сұрақтарға жауап алған соң, бірден кімдердің келетінін аңғарасыз. Кейде еркінен тыс жиналған мемлекеттік қызметкерлер, студент-оқушылар, билетті еріксіз сатып алған мұғалімдермен де кездесіп, сұхбаттасуға тура келеді. Мұндай кезде мейлінше аз сөзге көп мағына сыйдырып сөйлеуге тырысыңыз. Аудиторияға сұрақ қою арқылы диалог құрыңыз, тапсырма беру арқылы кері байланыс орнатыңыз, барынша халықты өз бетінше қалуға мүмкіндік бермеңіз. Қорытынды сөзде ғана қысқаша өз ойыңызды айтсаңыз болады. Әдетте, тойларға, мерекелік кештерге барып сөзінің ортасында бір шумақ өлең оқып, бір ауыз лебізін көркем жеткізетін адамдарға халық «О-о, керемет сөйлейсіз! Сізден кейін сөйлеу қиын ғой!..» - деп жатады. Мұндай тәсілдің бар сыры – өлеңді айтылатын сөзбен байланыстыра білу. Мысалы, Мұқағали Мақатаевтың өлеңін әртүрлі жиындарда қалай сөзге қосуға болатынын бірнеше нұсқада көрсетейік: Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем? Әйтеуір жүрген жерім сайран кілең. Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы, Алдымда кең дастархан, жайған кілем! Құрметті ағайын-туыс, бауырлар! Мұқағали атамыз айтпақшы, осындай кең дастарханымыз, кең пейіліміз таусылмасын! Сауық-сайранымыз бен мерейлі мерекеміз көп болсын! Осы қуаныш ұзағынан сүйіндірсін! Дүбірлі думан құтты болсын! – деп, ағайынның қуанышында сөйлеуіңіз мүмкін. Осы тойдан шықтыңыз да, жора-жолдаспен, жаңа танысқан ортамен шағын отырыста бас қостыңыз делік. Жатқа білетініңіз – осы бір ғана өлең. Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем? Әйтеуір жүрген жерім сайран кілең. Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы, Алдымда кең дастархан, жайған кілем! Осы бірлігімізден бізді ешкім ажыратпасын. Біздің ауызбірлігіміз, біздің достығымыз ұзағынан болсын! Алла дұшпа атаулыдан аулақ қылсын! Достық жасасын! – деп, достардың назарын өзіңізге аударып, сөз сөйлесеңіз де болады. Бұл күн өтіп, ертесіне ұлттық маңызы бар жиынға бардыңыз делік. Бар білетініңіз – тағы осы өлең болып тұр. Дұшпаның бар ма дейсің, қайдан білем? Әйтеуір жүрген жерім сайран кілең. Қазақтың қайсы үйіне барсам-дағы, Алдымда кең дастархан, жайған кілем! Қазақ кезінде кеңпейіл мәрт халық еді. Дұшпанның өзін дос қылып жіберуге әрекет ететін ақниетті ұлт еді. Қазір ниетіміз тарылып кетті. Бұрын қолымызға ақша түссе, кең дастархан жаюға тырысатын едік. Қазір қолымызға ақша түссе үлке-е-ен қақпа жасататын болдық. Ешкім көрмесін, ешкіммен бөліспейік дегендей, пейіліміз тарылып барады. Жолдастар, кең пейіліміз, көл-көсір көңілімізден ажырамайық! – деп, бұл сөзді рухани бас қосуларға да барып оқи берсек болады. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |