11:04
Сөз-сөйлеу сырлары

ТЫҢДАУШЫҒА ӘСЕР ЕТЕТІН 1 МИНУТ

Егер өртсөндіргішті жарнамалайтын болсаң, онда сөзіңді өрттен баста.

Дэвид Огилви

Қазіргі кезде бүкіл адамзаттың бойында бір рухани дерт бар, ол – сабырсыздық дерті. Сабырсыздық барлығымыздың бойымыздан байқалады, оған мына секунд сайын дамып жатқан технологияның ықпалы зор. Бұрын біз 15-20 минуттық видеоларды емін-еркін көре беретінбіз. Инстаграм желісі арқылы 1 минуттық видеоларды көріп дағдыландық. Сторис арқылы 15 секундқа қысқарып еді, енді Тик-ток сияқты әлеуметтік желідегі видеолар 5 секундқа дейін қысқарып жатыр. Уацаптан келген ұзақ құттықтаулар немесе басқа да хаттарды соңына дейін оқуға жүйкеміз шыдамайтынын мойындайтын шығарсыз. Бізге ізденіп оқығаннан гөрі көре салған жеңіл болып қалды. Біреуден естіп, тыңдай салатын ақпараттар ыңғайлы болып қалды. Сөйлесу құралында да дәл солай, құметті оқырман! Егер тыңдаушы аудитория алғашқы 1 минутта өзінің назарын аударатындай нәрсе көрмесе немесе естімесе, ол аудиторияны одан кейін ұстап тұру өте қиын. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, біз 4-6 секундтан артық загрузка болған сайттардың өзін жауып тастайды екенбіз немесе оны қайтадан ашуға тырысады екенбіз. Бұл – ғылыми зерттелген ақпарат. Сондықтан алғашқы бір минутта жұрттың назарын аударуыңыз керек.

қол бастау қиын ба?

Жол бастау қиын ба?

Сөз бастау қиын ба?

Бәрінен де сөз бастау қиын,

Тауып айтсаң, мереке қылады,

Таппай айтсаң, келеке қылады! – деп бабаларымыз айтқандай, алғашқы сөзіңіз елді елең еткізетіндей болу керек. Бұл үшін сөзі тұщымды тұлғалардың қалай сөз бастайтындығына мән бере жүріңіз: жұмыста, теледидарда, радиода. Олардың алғашқы сөздеріне анализ жасап, назарыңызды еркіңізден тыс елең еткізген сөздерін есте сақтап алыңыз. Және еш уақытта мынадай сөйлемдермен сөз бастамаңыз:

  • Мен сөзімді бастасам деп едім... (Анығында, сіз сөзіңізді бастап қойдыңыз. Негізгі айтар ойыңызға бірден көшкен абзал)
  • Рұқсат етсеңіздер, мен сөзімді бастайын... (Сіздің атыңыз аталып, сахнаға шақырылған соң, онсыз да рұқсат берілген, халық сізді күтіп отыр. Ал жоғарыдағы сөздер халықтың ойын басқа арнаға бұруына себепкер болады)
  • Қатты толқып, сөйлеуге ыңғайсызданып тұрғаным... Негізі, мен аяқасты шығып тұр едім... (Мені тыңдамаңыздар, бәрібір қатырып ештеңе айтпаймын деген сөз)
  • М-м-м, жалпы, негізі, бүгін айтайын дегенім...

Мұндай паразит сөздермен бастасаңыз, ол өзіңізге сенімсіздігіңізді көрсетіп қояды, халықтың тыңдауға құштарлығын жояды. «Бүгін осы тақырыпта сөйлеймін» деген сөзді сөздік қорыңыздан алып тастаңыз. Бұл тақырыпты ертең айтпайтыныңызды сіз шыққанда халық түсінді. «Бүгін осы тақырыпта сөйлемекші едім» деген сөздің орнына алғашқы бір минутыңызды ұтымды пайдалануды ойланыңыз.

  • Менің айтқым келген дүниелер айтылып қойды, сахнаға шақырып тұрған соң, аз-маз сөйлейін енді...

Сөз бастаудың ең мәнсіз әрі жағымсыз түрі. Адамдарда «Сөйлейтін сөзі болмаса, шығып несі бар?» деген ой тудырады.

Осы орайда тағы бір ескеретін жағдай бар. Кей жиналыстарда, мысалы, шеберлік сағаттары, тренингтер немесе іскерлік мақсатта сұхбаттасуға келген болсаңыз, өзіңізді таныстыру керек болады. Мұндай жағдайда 1 минуттың ішінде өзіңіз туралы қысқа да нұсқа жеткізе білу – шешуші рөл атқарады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 28 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: