22:18
Сөз-сөйлеу сырлары

ОРАТОРЛЫҚ ӨНЕР НЕ ҮШІН немесе КІМ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Әлем тарихында айтулы саясаткерлердің, соңынан әскер ерткен ұлы қолбасшылар мен табысты кәсіпкерлердің, беделді спортшылардың қай-қайсының өмір тарихын алып қарасаңыз да, олардың аудиторияны ұстап тұратын, сөзін өткізе алатын, көпшіліктің назарын басқа жаққа аудармайтындай етіп сөйлей алатын қасиетке ие болғанын байқаймыз. Бұған тарихтың өзі куә. Тіпті адамзаттың абзалы болған Пайғамбарымыздың өзі сөздің үлкен қару, үлкен күш екенін астын сыза отырып: «Сөзде сиқыр бар», - деп айтқан болатын. Қасиетті Құран Кәрімде де сөзге байланысты бірнеше аят келтірілген:

  • «...Жақсы сөз айт...» («Бақара» сүресі, 83-аят);
  • «Әділ сөз сөйлеңдер» («Әнғам» сүресі, 152-аят);
  • «Ең жақсы сөз сөйлеңдер» («Исра» сүресі, 53-аят);
  • «Жұмсақ сөз сөйлеңдер» («Таһа» сүресі, 44-аят);
  • «Тура сөз сөйлеңдер» («ахзаб» сүресі, 70-аят);
  • «...өтірік сөздерден аулақ болыңдар» («Хаж» сүресі, 30-аят).

Адам өмірінде сөз мұншалықты маңызды болмаса қасиетті Кітапта осыншама нұсқау келер ме еді? Тек шындықты айтамын деп те, оны қалай жеткізуді білмегендіктен талай адамның көңіліне жара салғандар бар. Адамның көңілінен асқан аяулы нәрсе бар ма? Сөйлеймін деп олжалы болатын тұста опық жеп жүргендер де көп. Бірақ ауыздан шыққан сөздің барлығы елді елең еткізетіндей қасиетке ие емес.

Жалпы СӨЗ:

  1. Естілетін сөз
  2. Тыңдалатын сөз болып екіге бөлінеді.

Естілетін сөз – күнделікті тұрмыста қолданып жүрген «келдің бе, келдім», «сабақ оқыдың ба, иә» деген секілді ауызекі айтылатын қарапайым сөздер.

Естілетін сөзді тұрмыста дұрыс пайдалана алмасаңыз, оның да арты үлкен мәселелерге апарады. Кей жағдайда бір отбасының шырқы бұзылып, шаңырағын ортасына түсіруі де мүмкін.

Ертеде бір бойжеткен қыз тұрмысқа шығып, күйеуі, енесі – үшеуі бір үйде өмір сүре бастапты. Бірнеше айдан кейін бітпей кеткен келін мен ене арасындағы ұрыс-керістер нәтижесінде әрі өзі үшін, әрі әйелі мен анасының ортасында қалған күйеуі үшін де тұрмыс шыдамсыз бір халге келеді. Бір шара қолдану керек деп ойлаған келін, ауыл сыртындағы бір емшіге барып енесінің күн көрсетпейтінін, соның кесірінен үйде айқай-шудың көбейгенін айтады. Кәрі адам оған шөптерден бір қоспа дайындайды және оны үш ай бойы күнде аз-аздап енесінің тамағына қосып тұруын айтады. «Уды» аз-аздап берсе, осылайша оны келіннің өлтіргені белгілі болмайтын еді. У дәріні дайындап берген емші келіншекке ешкімнің және күйеуінің де одан күмәнданбауы үшін енесіне жылы сөздер сөйлеп, өте жақсы қарым-қатынаста болуын, ол үшін ең дәмді тағамдар пісіруін де айтады. Қуана-қуана үйіне келген келін айтылғандарды бұлжытпай орындайды. Әр күн енесіне ең жақсы сөздерін айтып, ең дәмді тағамдар дайындап беріп оытарды. Онымен жақсы мәміледе болып, тамағына да аз-аздан «уды» тамызып отырады. Біраз күннен кейін енесі де қатты өзгеріп, келініне өз қызы сияқты қарайды. Бұдан былай үйде сыйластық лебі есе бастайды. Бұл арада енесін өз анасындай жақсы көріп қалған келін өз істегендеріне қатты өкінеді. Кешірілмес қатеге жол бергенін түсініп, баяғы емшіге қайта барады. Кәрі адамға, енесіне берген уларды тазалайтын бір дәрі табуын сұрап жалынады. Сол сәтте емші: «Айналайын келін, саған бергендерім адамға еш зияны жоқ тек шөп дәрумендер ғана еді. Нағыз у ол сенің тіліңде. Сен оған әдемі сөздер сөйлеп, жақсы мәміледе болған сайын, оның да саған деген ызасы құрметке айналды. Осылайша сендер нағыз ана мен қыздай болдыңдар», - деген екен.

Бұл оқиғадан сөздің тек сахнада емес, отбасында да үлкен рөл алатындығын байқаймыз. Ендеше, бұл оқиға барша әулетке үлгі болсын!

Тыңдалатын сөз – тыңдаған адамның көңіліне ой салып, өміріне қандай да бір өзгеріс енгізуге бағытталған сөздер. Тыңдалатын сөзді айтуға барлық адам қабілетті емес. Тыңдалатын сөз сіз сөйлеп болғаннан кейін аудиторияның қандай да бір әрекетке баруы арқылы білінеді. Тыңдалатын сөз қалай айтылады? Қашан айтылады? Кімге айтылады?

Әуелі, сізге бір сұрақ қойғысы келеді. Жауабын ол естімесе де, ойша байланыста болады. Барлығы сүйіп жейтін фастфуд өндірушілердің бірі, әйгілі McDonald’s 2011 жылы күндік табысына 12000000 доллар тауып отыратын болған. Басшылықтың есеп-қисабы бойынша сол ақшаның 1800000 долларын тұтынушыларға бір сұрақ қою арқылы ғана тапқан. Яғни, тауардан түсетін ақша бөлек және тұтынушымен сөйлесуден табатын ақша бір бөлек. Қалай ойлайсыз, соншама құдіретке ие ОЛ қандай сұрақ? Және бір ғана сұрақ қою арқылы 1800000 доллар табуға бола ма? Ойланып көріңіз...

Енді жауабын өзі айтады. Бұл қарапайым ғана сатушының тұтынушыға қоятын «Сізге соус керек пе?» деген сұрағы болатын. Иә, қарапайым ғана сұрақ. Сіз тамақты аласыз, тамақты алған соң, сізден сатушы: «Мына тамаққа қосатын соус керек емес пе?» - деп сұрайды. Сіз қалыпты психикаңыз бойынша «ақыры 5000 теңгеге алдым ғой, 200 теңгеге де соусын ала салайыншы» деген ойға келуіңіз мүмкін немесе «осы соусты қоссам тамағым бұдан да дәмдірек болар» деген уақытта қойып тұрғанына мән беріңіз. Ас алдыңызға келіп, тәбетіңіз ашылып тұрған сәтте қойылса, ойланбай сатып алатыныңыз анық.

Бәлкім, сіздің де өмірде толағай табыстарға, айтулы жетістіктерге жетуіңізге сұрайтын жерде сұрамай, сөйлейтін жерде сөйлемей, керісінше, үндемей қалатын жерде артық ауыз сөйлеп қоюыңыз, сөйлесеңіз де, ойыңызды дұрыс жеткізбеуіңіз кесірін тигізіп жатқан болар. Енді үлкен компаниялар бір сұрақ қою арқылы 1800000 долар тауып жатыр ғой, сіз де сөзіңізді қашан айтудың, қалай айтудың немесе кімге айтудың жолын білмей жүрген шығарсыз?! Әбден мүмкін...   

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 12 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: