22:19
Сөз-сөйлеу сырлары

ОРАТОРЛЫҚ ӨНЕР НЕ ҮШІН немесе КІМ ҮШІН ҚАЖЕТ?

Солон заңына ұқсас заң «Жеті жарғы» қазақ елінде де болды. «Жеті жарғыны» атақты жеті биімен ақылдасып отырып қабылдаған хан Тәуке еді. «Жеті жарғы» бойынша әркім өз жоғын өзі жоқтауға, өзінің әлі келмесе, жанкүйер бауырластары, одан ақлса руластары қорғауға тиіс болған. Мұның өзі шешендік өнерді үйренуге, сөз бостандығының жандануына жол ашты. Жалпы қазақ даласында болған ас-жиындар, той-томалақтар тек ішіп-жеп, күліп-ойнап кететін жер ғана емес. Сөз өнерін дәріптейтін орын еді. Ел арасында шешілмей жүрген мәселелерді осындай келелі кездесулерде абыз ақсақалдар талдап, нәтижеге қол жеткізуге тырысатын. Мерейлі мерекелерге, дүбірлі думандарға үлкендермен бірге еріп баратын балалар сол жиында айтылған сүбелі сөздерді тыңдап, қазақтың дәстүрі мен кәдесін көзбен көріп бойына сіңіріп өсетін еді. Сондықтан да он үш жасында ел тағдырына бітім айтып «бала би» атанған тұлғалар да аз болған жоқ. «Баяғыда үлкендерден еміс-еміс еститін едік...» - деп басталатын әңгімелерді білетін шығарсыз? Неге әңгіме толықтай емес, еміс-еміс есте қалды? Өйткені бұрынғы қазақы тәрбиеде үйге айтары мен түйгені, көргені мен білгені бар адамдарды мейман қылып, жастар қонақтың атын байлап, қолына су құйып қызметте жүретін еді. Олардың тәлімді әңгімелерін тыңдайтын, әрі қонақ күтуге бейімделетін болған. Курс-тренинг деген осы емес пе? «Ал, балам, оты мен саған ақыл айтайын» деген методика ешкімге де өтпейтінін қазақ ертеде білген. Кейін Кеңестік дәуірде дастарқанға жынды су келді. Біреудің әйелі мен біреудің күйеуі вальс билейтін теріс дәстүр салтымызға еніп кетті. Естігеннің беті қызаратын анекдоттар дастарқан басында емін-еркін айтылатын болғандықтан, «қонақ келгенде бөлмеден шықпай отырыңдар», - деп өздерінің ұятты тірліктерін жасыру үшін бала-шағаны оқшаулау пайда болды. Қонақ күту ісіне араласпаған, мағыналы ақ бата, өнегелі өсиет тыңдап көрмеген ұрпақ диплом алып ел ісіне араласқан кезде айтқаны өтпейтін, атқаны тимейтін буын болып қалыптасты.

Ораторлық курс барысында кезекті бір сабағында тікелей эфир арқылы көкшетаулық бір әпкесімен сұхбат құрды. Жақында ғана екінші нәрестесін өмірге әкеліп, декреттік демалыста отырса да олардың курсқа тіркеліпті. Басқа мамандық иелері сабаққа қатысудағы мақсаттарын айтып жатыр. Үйде отырған сізге бұл сабақ қаншалықты қажет болды деген сұрағына:

«Өмірде өз ойымызды айта алмаған сәттер көп болды ғой. Айтсақ та, дұрыс жеткізе алмағандықтан, отбасында да, жұмыста да түсініспеушілік аз болған жоқ. Дүниеге әкелген ұл-қыздарым болашақта осы мәселемен кездеспесе екен. Және балаға анасынан артық жанашыр, анасынан артық ұстаз табыла қоймас. Өзімнің бойыма дарыған ораторлық қабілетті бала-шағама өзім үйреткім келеді» деген жауабына эфирді көріп отырғандар шапалақтың смайлигін жаудырып жатты. «Шын мәнінде балаңыздың сөйлеу қабілеті қандай? Ойланып көрдіңіз бе? Үйде қолды-аяққа тұрмай шапқылап жүрген гипербелсенді балаңыз басқа ортаға барса неге сөйлемейтін жуас күйге түсіп қалады? Баламызды тыңдату үшін қалай сөйлеу керек? Баламыз сөйлеу үшін біз қалай тыңдау керекпіз?» деген сұрақ төңірегінде әр ата-ана бір уақыт ой жүгірту керек. Әлеуметті желіде:

- Привет, каксың?

- Норм, өз?

- Қандай көлік алдың?

- Жынды көлік алдым, - деп тілдесіп жүрген өскелең ұрпақ ертең мұғалім, кәсіпкер, саясаткер болғанда тұщымды пікір, сүбелі сөз айта алатын маман боларына сенесіз бе?

Тұлға ретінде қалыптасқан адамның артынан бүкіл қаымды ерте алатын көшбасшы (лидер) да шығады. Ал кез келген көшбасшылық қабілетке ие болғысы келетін адамның бойында ораторлық өнер болу керек. Қайтсек ойымызды орнықты қылып жеткіземіз қайтсек сөзіміз өтімді болады? (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 25 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: