23:10
Риясыз рух

ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

3. Адамның өзімен болған қарым-қатынасы

Әрбір істі соңына дейін және сапалы һәм кемел түрде орындауды әдетке айналдыру

Психолог ғалымдар адамның қолға алған ісін соңына дейін жеткізіп, кемел дәрежеде орындауын жан саулығының көрінісі ретінде қарастырған.

Бастаған істі аяғына дейін жеткізу және сапалы орындау – адамдағы өзіне деген сенім мен характерлік тұрақтылықтың көрінісі. Істі жоғары деңгейде орындау, сонымен қатар, адамдағы жауапкершілік сезімінің өте терең екендігінің де айғағы. Бұл өз кезегінде оның іс-әрекетін одан сайын жақсарта түсетін мотив. Бастаған істі әдейі немесе белгілі бір себеппен аяқсыз қалдыру мида мазасыздық халін тудырады. Психологияда бұған «Зейгарник эффектісі» делінеді. Аяқталмай қалған іс ұмытылмай мидың бір бұрышында сақталып тұра береді. Сол себепті адамға психологиялық тұрғыдан жағымсыз әсер қалдырады. Келесі істі бастауға деген ынтаны жоқ етеді.

«Зейгарник эффектісін» алғаш болып 1920 жылы орыс психологі, кеңестік патопсихологияның негізін қалаушы Блюм Вульфовна Зейгарник анықтаған. Оның анықтауы бойынша, аяқталған іс ұмытылады және жадыдан тазартылады. Ал аяқсыз қалған іс ұмытылмайды және жадыдан өшпейді. Нәтижесінде, адам санасын мазасыз халге түсіреді.

Ислам дінінде істі тиянақты әрі сапалы орындайтын адамға «мухсин» делінеді. «Мухсин» сөзі «ахсана» етістігінен туындап, іс-әрекетті немесе қандай да бір амалды өте көркем, жоғары деңгейде жүзеге асыру деген сөз. Сондай-ақ «мухсин» сөзі сыртқы іс-әрекетпен қоса, жүректегі ықыластың да тереңдігін білдіреді. Қазіргі психологиялық тілмен айтатын болсақ, «мухсин» - «проактив» адам. Мұндай адам бір істі бастады ма, соңына дейін жеткізбей қоймайды және бастаған ісін құр аяқтап шығуды емес, барынша сапалы етіп орындауды мақсат қылады. Оны ауа райының өзгеруі, қиындықтар, жоқшылық немесе тоқшылық секілді өмір сынақтары өзгерте алмайды. Керісінше, ондай адам өзі-ақ айналасын өзгертіп жіберуге бейім. Ондай адам біреудің айтқан ауыр сөздері мен нашар қылықтарын санасына алып, өзін мазасыз күйге түсірмейді. Өмірлік принциптерінен ләззат ала біледі. Істің аяқталу барысынан қандай ләззат алса, істің орындалу барысындағы процестен де дәл сондай ләззат алады. Істі бастағанда қандай еді, аяқтағанда да дәл сол қалпынан танбайды. Өзі үшін де, өзгелер үшін де өмір сүруді шебер меңгерген адам. Әр сөзі мен қимылынан альтруизмнің иісі аңқып тұрады. Әр ісін Алланың разылығы үшін орындайды. Бұл оның әдеті. Рухани жан дүниесі содан ғана тыныштық табады. Біреудің өмірімен өмір сүрмейді. Ол өз өмірін ретке келтіріп, өмірінен мән таба білген жан. Оны алға ұмтылдыратын – іштегі рухани күш. Оған сыртқы негатив күштердің немесе белгілі бір идеологияның әсері жоқ, болған күннің өзінде әсері болмашы ғана. Ондай жан – желкенді қайықтан гөрі жанармаймен жүретін кеме тәрізді. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 10 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: