18:11
Риясыз рух

ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

3. Адамның өзімен болған қарым-қатынасы

2. Өмірлік мақсаттар

Өмірлік мақсаттар болса, адам өміріне «кіші және уақытша мән» береді. Өмірлік мақсат қаншалықты үлкен болса да – ғұмыры қысқа. Себебі өмірлік мақсат – адам өлімімен бірге тоқтайды. Тіпті адамның ауыр дертке шалдығуымен де тоқтап қалуы мүмкін. Мәселен, адам үй алуды, үлкен кәсіп ашуды, әлемнің атақты университетіне түсуді немесе бір мұқтаж жанның жағдайын жасауды т.с.с мақсат қылды делік. Мұны өмірге келудегі мақсатын ұғынбай тұрып, тек өмірлік мақсат ретінде белгілеп қана қойса, ертеңгі күні кенеттен ауырып немесе өліп кетсе, мақсатының бәрі орта жолдан үзіледі. Ал енді осы мақсаттарды Алла үшін және оның разылығын көздеп қойса, ауырып немесе дүниеден өтіп кеткен күннің өзінде сауабы ақыретке өтеді. Яғни ауырып немесе өліп кеткен күні, өмірлік мақсаттары іс-әрекет тұрғысынан дүниеде тоқтағанымен, сауабы ақыретке қалады. «Үлкен және мәңгілік мән» дегеніміз де осы. Адам өмірлік мақсат қойса бұл – «кіші және уақытша мән».

Ал соны өмірге келудегі мақсатқа негіздесе ол – «үлкен және мәңгілік мәнге» айналады. Құранның алғаш түскен аяты адамға әрбір істі қалайша үлкен және мәңгілік мәнге айналдыруға болатындығын көрсетеді.

Мәселен, аятта: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!» («Алақ» сүресі, 1-аят) делінген.

Аятта адамның оқуы, тоқуы, сондай-ақ, барлық іс-әрекеті Хақ үшін, Хақ разылығы үшін болу керектігі баяндалған.

Өмірлік мақсат қоюдың астарында бірінші кезекте – адамның өзін разы қылуы жатыр. Өмірлік мақсатты орындау барысында және нәтижесін көрумен адам өзін бақытты сезінеді. Ал өмірлік мақсатты – өмірге келудегі мақсатқа негіздеумен бірінші кезекте алланың разылығы көзделеді. Адамның өзін дүниеде де, ақыретте де шын бақытты сезінуі – осы жерден басталады. Бұл сондай-ақ дүниемен шектелмеген әрі мәңгілік бақыт.

Өмірлік мақсаттар: қысқа мақсат, орташа мақсат және ұзақ мерзімді мақсат болып бөлінеді. Қысқа мақсатқа – күнделікті атқарылатын істер жатады. Мәселен, аяғына дейін тауысуды көздеген кітапты оқу, маңызды кездесуге бару т.б. Орташа мақсатқа – бір апталық немесе екі-үш айлық және жарты жылдық істерді жатқызуға болады. Мәселен, бір айда 3 кг салмақ тастау, үш айда біліктілікті арттыратын арнайы бір курсты тәмамдау т.б. Ұзақ мерзімді мақсатқа – 1 жыл мен 10-15 жыл арасындағы атқарылуы және орындалуы тиіс істерді жатқызуға болады. Мәселен, 1,5 жылда ағылшын тілін үйрену, 3 жылда белгілі бір кәсіп түрін дамыту, 5 жылда 5 кітап жазу т.б. Ал 20 жыл мен 50-60 жыл, тіпті 100 жылдық мақсаттарды – болашақтың мақсаттары деп атаса болады. Бастысы: өмірлік мақсаттар – өмірге келудегі мақсатқа негізделіп отырса болғаны.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 3 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: