23:32
Риясыз рух

ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

Адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасы

Адамдағы қоршаған ортамен қарым-қатынастың өзегі – өзінің барлық жаратылыстан үстем етіп жаратылғандығының парқында болу. Адам өмірде өзінің қадір-қасиетін, рухани әлемінің ғажайып тұстарын, бостан-босқа жаратылмағандығын, негізгі уәзипасы жер бетін көркейтіп, әділдік пен бейбітшілік орнату екендігін түсінуі қажет. Бір сөзбен айтқанда әлемнің халифасы болып жаралғандығын ұғынуы тиіс. Бұл оның бойында Алла мен адамзат алдындағы жауапкершілік сезімін оятады. Осылайша ол жер бетіндегі әрбір жаратылысқа шын махаббат қоя бастайды. Жаратылыстағы әрбір заттың хикметін көреді. Әлемнің сұлулығына, ондағы теңдессіз үйлесімге қайраң қалып, Ұлы Жаратушының шеберлігіне бас иеді.

Асылында, адам қоршаған ортамен тыыз байланыс орнатқанда, дүниедегі сансыз нығмет пен сұлулықты жан дүниесімен сезінеді. Ол үшін өсімдік, жан-жануар, құстар, өзен-көлдер, теңіздер мен мұхиттар, тау-тас пен шатқалдар, жымыңдаған жұлдыздар, Күн мен Ай, аспан әлемі бір сырлас досқа, хикметіне үңіліп, ғибрат алатын рухани ұстазға айналады. Алла елшісінің (с.а.с.) көптеген хадистерінен адамды қоршаған ортамен үйлесімді қарым-қатынас орнатуға шақырған тұстарды аңғарамыз.

Мәселен, хадистерде шөлден қаталап жатқан итке құдықтан су әперіп, шөлін басқандығы үшін бір жезөкше әйелдің жәннатқа, ал мысықты ас-сусыз үйде қамап қойғандығы себепті бір әйелдің тозаққа лайық болғандығы айтылады. Сондай-ақ, Алла елшісінің Ұхұд тауының үстінде тұрып, қасындағы адал серіктері Әбу Бәкір мен Омарға Ұхұд тауын жақсы көретіндігін, ұхұд тауының да оларды жақсы көретіндігін айтқандығы баян етіледі. Алла елшісінің (с.а.с.) бірде құстың балапандарын қызықтаған сахабаларына, балапандардың анасын уайымдатпас үшін, оларды ұясына кері қайтаруды бұйырғандығы жайында да хабарлар бар. Соғыс жағдайының өзінде ағаштарды кеспеуді әмір еткендігі, тіпті қиямет орнаған күннің өзінде көшет отырғызуды тоқтатпауды насихат қылғандығы жайында риуаяттар көп.

Мұның бәрі адамның өзін қоршаған ортамен жақсы қарым-қатынаста болу керектігіне ишарат.

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 4 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: