20:40 Риясыз рух | |
ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР 1. Алламен болған қарым-қатынас 4. Шүкіршілік Жаратушы алдында өзінің әлсіздігі мен пақырлығын түсініп, сағынышы артқан пенде, әр нығмет үшін бар болмысымен шүкір етуші құлға айналады. Шүкіршілік – шексіз нығмет Иесі Аллаға алғыс айту. Шүкір ету пендені берілген нығмет пен жақсылықты бағалауға үйретеді. Құдай алдындағы дәрежесін арттырады. Бірақ берілген әр нығметке шынайы шүкір етушілер аз. Жаратушыға шүкіршілік қылмау – рухани әлсіздіктің нышаны. Шүкірсіз жүру – әлсіз, сараң әрі жақсылықты білмейтін пенденің ісі. Құранда: «Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» («Нахл» сүресі, 18-аят(, делінген. Кейбір адам, басына бір қиындық келгенде ғана Құдайын еске алады. Мұнымен қоймай, сол қиындықтан құтылған соң, өзін құтқарған Құдайын қайтадан ұмытып кетеді. Адамның осы бір әлсіздігі құранда да баян етіледі: «...Егер бізді осыдан құтқарып, аман алып шықсаң, Өзіңе әрдайым шүкіршілік ететін құлдарың боламыз», - деп ант етеді». «Алла оларды осынау апаттан құтқарған соң, олар баяғы әдетіне басып жер бетінде нақақтан-нақақ сойқан салып, бұзақылық жасайды. Уа, адамдар! Біле білсеңдер, салған сойқандарың мен істеген бұзақылықтарыңның кесірі тек өздеріңе ғана тиеді. Сөйтіп жүріп бар тапқандарың дүниедегі қу тіршіліктің өткінші қызығы мен бұйым-боқшасы ғана болмақ. Ақыр соңында барлығың Бізге қайтасыңдар, сонда дүниеде не істеп, не қойғандарыңды өздеріңе түгелдей мәлім етеміз де, жауапқа тартамыз» («Юунус» сүресі, 22-23-аяттар). Қарап отырсаңыз, бұл нағыз опасыз адамның тірлігі. Нағыз адамгершілік – әрдайым Алланы еске алып, берген әр нығметке шүкір ету, соның қадірін білу. Аятта айтылған аз топтың қатарынан табылуға ұмтылу. Бұрынғылар тіпті, басына бір қиындық келсе де «Бұдан да ауыр қиындыққа душар етпеген Аллаға сансыз шүкір!» дейтін. Бір күні бір адам: «Уа, Алла тағалам! Менің Өзің айтқан аз топтың қатарынан қыла гөр?!» деп дұға жасайды. Мұны естіген әзірет Омар (р.а.): - Олар кімдер? Бұл дұғаның мәнісі не? – деп сұрайды. Сонда әлгі кісі: - Құранда: «Құлдарымның ішінде шүкір етушілер өте аз» деп айтылмап па еді? Мен сол аз топтың қатарында болғым келеді, - деп жауап береді. Сонда әзірет Омар: - бұл мәселеден бәрінің хабары бар. омар ғана хабарсыз қалыпты ғой! – дейді. Шүкірлік – нығметтің артуына да дәнекер. Шүкір етуші адамның ризық несібесі артып, іс-әрекеті берекеге кенелді. Алла тағала: «Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын» («ибраһим» сүресі, 7-аят), дейді. Демек, өмірде ризық несібесі мен іс-әрекетінде береке болғанын қалаған адам, шүкіршілік хәліне маңыз бергені жөн. Шүкіршілік – адамды қосымша игі істерге ынтызар қылып, ұмтылдыра түсетін, сондай-ақ, бойдағы энергияны арттырып, харекетке көшіретін рухани хәл. Бұған мысал ретінде Алла елшісінің өмірінен бір үлгі бере кетейік. Бұл хабарды сүйікті жары Айша анамыз жеткізеді: «Бір күні түн ортасында ояндым. Қарасам Алла елшісі намаз оқып жатыр екен. Сәждеде жатып жылаған кезде кеудесінен гуілдеген дауыс естілетін. Намазды ұзақ оқыды. Құлшылығын аяқтаған соң жанын ашып: - Уа, Алланың елшісі! Алла Тағала сізді күнә атаулының бәрінен пәк қылды! Солай бола тұра, өзіңізді осынша неге қинайсыз?!» дедім. Сонда маған: - Мен Аллаға шүкір етуші құлдардан болғым келеді!» деп жауап берді. Бұл – қияметке дейін келіп-кетер бүткіл адамзатқа айтылған ұлы насихаттардың бірі. Оқиғада біз үшін үлкен ғибрат бар. оқиғадан біз шүкіршіліктің адамға қандай күш беретіндігін көре аламыз. Өзіңіз ойлап көріңіз?! Пайғамбарымыз – соңғы пайғамбар және пайғамбарлардың ең ардақтысы! Алланың ең сүйікті құлы! Оның есімі қияметке дейін Алланың есіміммен бес уақыт азанда бірге айтылады! Үмбеті Оған әрдайым салауат жолдайды! Қиямете ең биік «Махмуд» мақамына көтеріледі! Жәннатқа бірінші болып кіретін де Өзі! Осының бәріне қарамастан Пайғамбарымыз бес уақыт намаздан бөлек күндіз және түнде қосымша нәпіл намаздар оқып, қолынан келгенше адамдарға көп жақсылық жасауға тырысатын. Хадистен байқағанымыздай, Оны мұндай ыжадаһаттылыққа итермелеген күштің бірі – шүкіршілік! Себебі шүкіршілік – игі істерде адамға ерекше ынта-жігер береді, жақсы көңіл күй сыйлайды, энергияны арттырады және ерекше мотивацияға бөлейді. Шүкіршілік сондай-ақ жақсылық жасаған адамға да рахмет айту. Ғалымдар: «Кісіге рахметі жоқтың, Аллаға шүкірі болмайды» деген. Ендеше, дүние мен ақырете жетістікке жетуді және берекеге кенелуді қалған кісі Аллаға, сонымен қатар адамға да шүкір ете білуді үйренгені жөн. Бойдағы бұл қасиет – оның ізгі әдеті мен әдебіне айналуы тиіс. Шүкіршілік үш түрлі форматта жүзеге асады. Жүрекпен, денемен және іс-әрекетпен. 1. Жүрекпен жасалатын шүкіршілік Әрбір нығмет үшін шын көңілмен Аллаға ризашылық таныту. 2. Денемен жасалатын шүкіршілік Мәселен, «Әлхәмдулиллә – Аллаға шүкір!» деп, тілмен ризашылық білдіру. Денемен құлшылық жасау. Мұның бәрі денемен болған шүкіршілік аясына кіреді. 3. Іс-әрекетпен жасалатын шүкіршілік Алла жолында игі және салиқалы істер атқару. Адамдарға пайда келтіру. Мәселен, білім алу, ұстаздық ету, мектеп, аурухана, медресе салу, садақа беру, мұқтаж жанға көмектесу, жетімнің жағдайын жасау т.б. Мұның бәрі іс-әрекетпен жасалатын шүкіршілік түрі. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
| |
| Всего комментариев: 0 | |
