00:04
Риясыз рух

ИСЛАМДА ЖАН САУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ПРАКТИКАЛЫҚ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР

1. Алламен болған қарым-қатынас

Мақсатты айқындау

Тауаққуф (тоқтау, сәл кідіріс жасау)

Адам күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп кейде өзіне, жасап жүрген іс-әрекетіне көңіл бөлуді назардан тыс қалдырып қояды. Мінезде, қарым-қатынаста, білімде алға жылжымай, баяғы жартас, сол жартас күйінде жүре береді. Тіпті, құлшылыққа да селқостық таныта бастайды. Мұның бәрі адамның өмірде сәл кідіріс жасап, өзіне көңіл бөліп, уақыт арнамауы салдарынан ортаға шығатын проблема. Адамның өзіне уақыт арнамауы, бір сөзбен айтқанда, сәл кідіріс жасап, көңіл бөлмеуі, бірте-бірте рухани құлдырауға, ойдың таяздығына, анализдің төмендігіне, мінездегі жеңілтектік пен бос сөздің көбеюіне әкеліп соғады. Нәтижесінде, адам көптеген қателіктерге бой алдыра бастайды.

Мұның бәрі ойдың тек сыртқы әлемге бағытталуының салдары. Адам бір мезет ойды – өзінің ішкі әлеміне де бағыттап отыруы қажет. Сол кезде адамға сыртқы әлемнің де ғажайыптары мен сұлулығы ашыла түседі. Ғалымдар: «Сыртқы әлемнің ғайыптарын ашқың келсе, әуелі өз ішіндегі ғайып әлемді аш!» деген.

Ол үшін адам өмірінде тауаққуф (тоқтау, сәл кідіріс жасау) әдісі практика жүзінде қолданыс табуы тиіс. Мәселен, жоғары жылдамдықпен жүйіткіп келе жатқан көліктегі адам, жолдағы кемшіліктерді, маңайда не болып жатқандығын, айналаның сұлулығын көре білмейді және тамашалай алмайды. Сондай-ақ, жол ережесі мен қауіпсіздік ережесіне көңіл бөлуі қиынға соғады. Алдағы жағдайына да анализдік тұрғыдан тұжырым жасауға мұршасы келмейді. Еш ойланбастан, алға қарай жүйіткіп жүре береді. Ал мұндай жағдайда келе жатып, қандай да бір қателікке бой алдырса, оның соңы орны толмас өкінішке апаруы бек мүмкін екендігі бәрімізге аян.

Күйбең тіршілікпен алып-ұшып жүрген адамның да мысалы осыған ұқсайды. Сәл кідіріс жасап, өзі жайында, өмірі жайында ой жүгірпейтін адам, өміріндегі кейбір нәзік тұстар мен баға жетпес ғажайып сәттерді жіберіп алады. Мәселен, берілген мүмкіндіктерді дер кезінде қолдана алмайды. Алдағы күндерге дұрыс жоспар құрып, тиесілі анализ жасауға шамасы келмейді. Қасындағы ең жақын адамдарды уақытында қадір тұтпайды. Болмашы нәрсеге бола әркіммен ренжісіп жүреді. Отбасына тиісті түрде көңіл бөлмейді. Ең қымбат асылы болған ата-анасы мен бала-шағасына уақыт арнамайды. Ол уақытты теледидар немесе телефон қарауға жұмсайды. Тіпті пайдасыз немесе құмар ойындары секілді харам істерге арнауы да мүмкін.

Асылында, адам өзіне көңіл бөлмесе, берілген нығметтердің қадірін түсіну мүмкіндігін әлсіретіп алады. Себебі, сыртқы әлемнің сұлулығын терең сезініп, өзге адамдарды түсіну, сондай-ақ, берілген нығмет пен мүмкіндіктердің қадірін білу, ішкі әлемді танудан басталады. Ал нығметтің қадірін түсінбеген адам, сол нығметтен толық ләззат та татпайды. Мәселен, балаңыздың маңдайынан иіскеген кезде, оның сізге берілген үлкен нығмет екенін сезініп көріңізші. Балаңызға деген махаббатыңыз одан сайын арта түседі. Ішкен асыңызды сізге берілген нығмет екендігін сезіне отырып жеп көріңізші. Асыңыз одан сайын дәмдірек болады. Одан ләззат алуыңыз да сан есеге арта түседі.

Мұның бәрін сезіне білу үшін адамға сәл кідіріс жасау қажет. Тоқтап, сәл кідіріс жасап, терең тыныс алып, ойды жинақтап, айналада болып жатқан жағдаяттар мен құбылыстарды сараптай отырып, өзінің бағыты мен мақсатын айқындап отырған адам, шалыс баспайды.

Адам сәл кідіріс жасап, ойланып, оң мен солын құнттайтын болса, дүние мен ақыретіне қажетті және қажетсіз нәрселер өзі-ақ ортаға шығады. Санасы да артық ойлардан тазарады. Оңы мен солын анық көре бастайды. Кез келген мәселенің байыбына бара біледі. Өзіндегі сындарлы ойлау қабілетін оятады. Әркімнің айтқанына көне беретін аңқаулықтан құтылады. Өмірді түсіну, бағалай білу, жауапкершілік сынды құндылықтарға қол жеткізеді. Рухани байи түседі. Мұның бәрі адамды Раббысымн қарым-қатынаста биік дәрежеге ұластыратын деңгейлер.

баспаға әзірлеге ретке келтіруге көмектеседін

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 20 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: