21:56
Риясыз рух

МАХАББАТ

С.Л.Соловейчик махаббатқа берген педагогикалық көзқарасында былай дейді:

«Балаға адамды сүюді, махаббат қоюды үйрету қажет. Адамды жақсы көруді үйренсе, балада өзі жақсы көретін құнды зат пайда болады және ол сәйкесінше сол құнды әрі жақсы көретін затына қауіп төндіріп, оны тартып алғысы келген нәрсені жек көруді үйренеді». Оның айтуынша, махаббат тәрбиедегі мақсат қана емес, ол ең әуелі оның іргетасы. Сондай-ақ, махаббат – рухани жақындық пен ата-ана арасындағы қарым-қатынас және тәрбие процесінің негізі.

Франклдың айтуынша, адамның рухани әлемінде өзіне ғана тән небір құндылықтар қазынасы көмулі жатыр. Ал сол құндылықтардың бүр жаруына түрткі болатын – махаббат. Ол былай дейді. «ішкі дүниеңде он сегіз мың ғаламда саған ғана тән, саған ғана нәсіп болған құндылықтар қазынасы көмулі жатыр. Махаббат бүр жарғанда осы құндылықтар тіріліп, гүл аша бастайды. «Махаббат адамды соқыр қылады» дейтіндер қателеседі. Шындығында, махаббат адамды соқыр қылмайды, керісінше, оның көңіл көзін құндылықтар әлеміне ашып жібереді.

Тағы бір сөзінде Франкл өзінің концлагерьде тірі қалуына себеп болған күштің бірі – махаббат екендігін айтады. Оның анасына деген махаббаты ерекше болған. Алайда ол анасының тірі екендігін немесе дүниеден өткендігін білмейтін. Айтуынша, оның махаббаты анасының тәндік тұрғыдан тірі болуына  тәуелді болған жоқ. Яғни махаббаттың күші сол – оған қарсыдағы адамның тәндік өлімі әсер етпейді дейді.

Эрих Фромм өзінің «Сүю өнері» («Искусство любить») атты еңбегінде:

«Махаббат – адам мен адамдар арасын бөліп тұратын қабырғаны қиратып, оларды өзара біріктіреді. Махаббат – адамның өзін табуына, өзінің тұлғалығын сақтап қалуына көмектеседі. Махаббат парадоксы сол – махаббат арқылы екеу-екеу болып қала тұра біреу болады», - дейді.

Тағы бір сөзінде махаббат сезімінің өзімен бірге қамқорлық, құрмет, жауапкершілік қасиеттерін тудыратындығын айтып:

«Қамқорлық, құрмет, жауапкершілік және түсіне білу қасиеттері – махаббаттың барлық түріне қатысты негізгі элементтер», - дейді.

Оның айтуынша, қазір махаббаттан өзгенің бәрі маңызды саналады: жетістік, ақша, мансап, атақ-абырой т.б. Біздегі энергияның көп бөлігі осыларды қолды етуді үйренуге сарп етілуде. Аз ғана бөлігі махаббат таныту шеберлігін игеруге жұмсалып жатыр. Біз сүюді, махаббат қоюды қаласақ, музыка өнерін, сурет өнерін, тоқыма өнерін, медицина мен инженерлікті үйренгеніміз секілді, махаббатқа да дәл солай көңіл бөліп, үйренуіміз қажет.

Имам Ғазалидің айтуы бойынша, түсінік пен мағрифат (таным) болмаса бір нәрсеге махаббат қою мүмкін емес. Сол себепті адам өзі танып және түсінген нәрсені ғана сүйеді. Сондықтан да жансыз затқа махаббат құндылығы телінбейді. Өйткені онда түсіну мен мағрифатқа еру қабілеті жоқ.

Танып-білген және түсінген жағдайда, сондай-ақ, адамға рахат пен тыныштық әкелетін нәрсеге махаббат қойылады. Кейде біз танып-білген нәрсе адамға рахат та, тыныштық та сыйламайтындығын, сондай-ақ, қиындық пен ауырлық  әкелетіндігін көреміз. Мұндай нәрсені адам ұнатпайды, тіпті жек көреді. Бір нәрсеге махаббат қою, адам табиғатының рахат пен тыныштыққа және ләззатқа деген бейімділігін көрсетеді. Ол бейімділік күшейсе – ғашықтыққа ұласады. Махаббат сезімі орнығатын мекен – жүрек (яғни жүректің рухани әлемі).

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 40 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: