10:50 Риясыз рух | |
МАХАББАТ Махаббатсыз дүние бос! Абай Махаббат – Алла тарапынан жаратылысқа берілген ең үлкен нығметтің бірі. Адам руханиятындағы ең ұлы сезім. Махаббат болмаса, дүниенің де қызығы қалмайды. Абайдың «Махаббатсыз дүние бос» деп айтуы да бекер емес. Махаббат – адам тарапынан Құдайға немесе келесі бір адамға және басқа да жаратылыстарға жүректің жұмсаруы арқылы туындайтын сезім. Ол әртүрлі болып келеді. Мәселен, адам махаббаттағы ең ұлы дәреже – Аллаға махаббат қояды. Өзі секілді келесі бір адамға махаббаты оянса, кейде дәреже тұрғысынан өзінен төмен хайуанға, өсімдікке, дүниеге, байлыққа, белгілі бір мекенге махаббат танытып жатады. Осы айтылған махаббат түрлерінің қайсысын таңдаса да, бұл оның жүрегінде бақыт пен қуаныш сезімін тудырады және бұған ешбір сезім тең келмейді. Махаббат сонымен қатар отбасылық өмір мен шаңырақ көтерудің және ұрпақ сүюдің, адамдар арасында өзара жылы қарым-қатынас орнатудың негізі. Махаббаттың түрлері болғаны секілді, әртүрлі дәрежелері де бар. Мәселен, махаббат ең әуелі – сәйкес келіп, қабылдаумен, одан кейін көңіл ауумен, одан кейін бауыр басумен, содан соң ұнатумен, одан кейін құмарлықпен, сосын жақындықпен, содан соң сүюмен, одан кейін ғашықтықпен, одан кейін ессіз ғашық болумен, ал ессіз ғашықтық болса, махаббат танытқанның – махаббат танытылғанда жоқ олуымен аяқталады. Яғни шын ғашық жан – өзі ғашық болғаннан басқа нәрсені көрмейтін дәрежеге жетеді. Махаббат ешқашан құр сезімге негізделмейді. «Махаббат» ұғымы әлдеқайда ауқымды. Мысалы, бір адам: «Мен Отанымды сүйемін, Отанға деген махаббатым шексіз!» - деп, қиын-қыстау кезде отанын тастап қашып кететін болса, ондай адамның отанға деген махаббаты бар деп есептемейміз. Ендеше, махаббат аясына сезім ғана емес, сол сезімге деген адалдық, шынайылық және сол сезім жолында көретін қиындыққа сабыр ету де кіреді. Бір сөзбен айтқанда, махаббаттың да өзіндік жемістері бар. Махаббат ұғымын ежелгі Грекияда әртүрлі атаулармен атаған: эрос, филия, сторге, агапэ т.б. Осы кезеңдерден бастап махаббатты бірнеше түрге бөліп қарастыру дәстүрі қалыптасты. Психолог ғалымдар өз еңбектерінде махаббат ұғымын көп қарастырмайды. Сол себепті психологияда махаббат тақырыбы бертінге дейін «ашық алаң» немесе «ақ парақ» күйінде қалды. Ал кейінгі уақыттарда бұл тақырыпты зерттеген психолог ғалымдар махаббат ұғымын адамның сексуалды іс-әрекеті және жыныстық қалауымен байланыстырғаны белгілі. Ғылымда махаббат жайында фундаментальды ұғым психологоияға дейін философия шеңберінде қарастырылды. Б.Спиноза махаббат жайында: «Махаббат – адамға деген жақсы қарым-қатынас пен жылулық. Ол кейде белгілі бір жағдайларға байланысты үлкен сезімге ұласуы мүмкін» десе, тағы бір сөзінде: «махаббат өз тарапына дәл сондай эмоционалды қарым-қатынасты талап етеді, сол себепті махаббат танытқан – махаббат танытылғанның сезіміне мұқтаж» дейді. Д.Юм болса «Махаббатқа түрткі болатын нәрсе – адамның өзі емес, оның іс-әрекеті» дейді. Неміс философы А.Шопенгауэр (ХІХ ғ.): «Махаббат – бұл жалған, иллюзия» деген. Оның айтуынша, болмыста ұрпақ жалғастыру мақсатында тек жыныстық инстинкт қана бар. Біз бұған әрине келіспейміз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |