22:12 Риясыз рух | |
ЖЕК КӨРУДІ ЖЕҢУДІҢ ЖОЛДАРЫ Имам Ғазали: «адам біреуде есесі кетсе, мұның соңы әлгі адамды жек көруге алып барады» дейді. Сөзінің жалғасында: «Ашудың бір тармағы саналатын жек көру – қарсы тараптағы адам жайында жаман ойға, одан алыстауға, дұшпандыққа, оны мойындамауға, мазақ етуге, сыртынан ғайбат айтуға, ол жайында қауесет сөз таратуға, қызғануға, сырын ақтаруға, әртүрлі зұлымдық жасауға итермелейді. Мұның бәрі – харам!» деген. Жек көруді жеңудің төте жолы – адам бұдан өзін биік ұстауы тиіс. Адам жаратылыс қасиетіне сай емес мұндай нашар қылықтардан өзін жоғары ұстағаны жөн. Абайша айтқанда, адам атына лайық болуы тиіс. Рас, кейбір адам жек көруге лайықты. Алайда сіз жек көрмеуге лайықтырақсыз. Алла Елшісі (с.а.с.) үмбетін мұндай нашар мінезден биік болуға шақырып: «Мұсылманға өзі сияқты мұсылман бауырымен ренжісіп, үш күннен артық қатынаспай қоюына болмайды. Екеуінің жолы түйісіп, жолығыса қалса, бір-бірін көргісі келмей теріс айналады. Ал ақиқатына келгенде, қайсысы бірінші болып сәлем берсе, сол қайырлы», - дейді. Хадистен ұғатынымыз, мұсылман адам өзінің бауырына қарсы жек көру эмоциясын қолданбауы тиіс. Жек көру эмоциясы – шайтан, күнә, жамандық, нәпсінің хайуани қыры т.с.с. мағнауи дұшпанға, сондай-ақ, соғыс ниетімен келген ашық агрессор дұшпанға қарсы қолданылса, орынды болмақ. Ал егер мұсылман бауырымен ренжісіп қалған болса, ренішті жек көрушілікке немесе дұшпандыққа ұластырмай, бірден кешірім сұрап немесе кешіру арқылы ара-қатынасты қайта қалпына келтірген жөн. Хадистегі бірінші болып сәлем беру мәселесі және қайырлылық статусы, адамды жамандық пен нашар мінездің алдында төмендемей, өзінің қадір-қасиетін үнемі жоғары бағалауға шақырады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
|
Всего комментариев: 0 | |